Ата Заң күніне орай спорт түрлерінен жарыс өтті

0 105

 

Қазақстан Республикасы Конституция  күніне орай Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/2 мекемесіндегі жазасын өтеушілер арасында спорттық жарыс өтті. Олар қол күрес, гір көтеру, қашықтыққа жүгіру және арқан тарту сынды спорт түрінен сынға түсті.

Сотталған азаматтар командаға бөлініп, жарыс көркін қыздырды. 32 килолық гір тасын көтеруден спорттық снарядты 27 рет көтерген Е. есімді сотталған басқа қатысушыларды басып озды. Ал 26 және 20 рет көтерген М. және Т. есімді азаматтар сәйкесінше ІІ және ІІІ орын иеленді. Арқан тартудан мекеме жасақтарының командалары сынға түсті. Арқан тарту аламаны тартысқа толы болды. Қызықты да тартысты өткен додада №2 жасақтың құрамасы І орын алса, ІІ орынға №4 жасақ құрамасы командасы табан тіреді. Қол күрес сайысы да тартысқа толы болды. Білек күшінің арқасында І орынды №5 жасақтан И. есімді азамат қарсыластарын қапы қалдырып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Сондай-ақ, осы жасақтан сотталған Н. 100 метрге жүгіруден өзгелерді шаң қаптырып, үздік шықты.  Жарыс қорытындысымен үздік нәтиже көрсеткен сотталғандар марапатталды.

— Жаза мерзімін өтеуші азаматтарды жазасын өтей отыра түзелу жолына салу, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында әртүрлі тәрбиелілік іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Бүгінгі шараға қатысушылардың барлығы да белсенділік танытып, өздерінің спортқа деген оң көзқарастарын көрсете білді.Спорттық іс-шараларға қатысқан сотталғандар темір торда телміріп отыра бергенше, әртүрлі қимыл қозғалыстарға түскенде, бойларына қан жүгіріп, санасы сергіп,бостандықтағы мақсаттарына деген талпынысы артады,— дейді мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Әміржан Дәулетқұлов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.