Ассамблея өкілдері Президент Жолдауын қолдайды

0 224

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына парламент палаталарының бірлескен отырысында «Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасының бағыттары, жүзеге асуы» атты жолдауын жариялап, елімізді одан әрі дамыту стратегиясымен таныстырған еді.

Осыған орай, бүгін Тараз қаласындағы Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, этнос жастары арасында Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды.

Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған алқалы жиынға Қоғамдық келісім кеңесінің төраға орынбасары Абдырахман Зайнутдинов модераторлық етті. Алғашқы сөз Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Рысбай Орынбайға берілді.

— «Еліміздің тұғыры мемлекеттік тілде екенін кешегі Мемлекет басшысы халыққа үндеуінде айрықша атап өтті. Қазақ тілі – әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі сұлу, ерекше тіл. Бұл тілдің құдіреті ерекше. Қуантарлық жайт — Мемлекеттік тілді еліміздегі түрлі этнос өкілдері жарыса оқуда. Қазақ тілін оқытатын арнайы мектептер ашылып, ондағы жастардың қарасы көбейгені де көңілге жылулық ұялатады. Алайда, жастарымыз ресми тіл – орыс тілін жетік меңгерсе еш ұтылмайтынын ұмытпаған жөн, орыс тілі қашанда халыкаралық тіл болып келген және қала береді де, — деп ерекше атап көрсетті ол.

Сондай-ақ, ассамблея жастарының атынан сөйлеген Шұғыла Жұманғалиқызы қоғамдағы жастардың рөлін тілге тиек етті. Оның айтуынша, патриотизм – бүгінгі жастардың тұрақты болашағының негізі. -«Қазақстандық жастарда патриоттық сезім жоқ дегенді аға буыннан жиі естіп қалып жүрміз. Әрине бес саусақ бірдей емес, Мемлекет басшысының саясатын қолдай келе және уақыттың талабына сүйене отырып, жыл сайын мемлекеттік тілді меңгеруші түрлі ұлт өкілдерінің және жастарының саны артып келеді. Бұл қазақстандық патриотизмнің үлкен дәлелі емес пе?!»- деді Шұғыла Жұманғалиқызы.

Кездесу соңында этнос өкілдері Мемлекет басшысының үндеуін қолдап, басты байлық — бірлікті қадірлеуді мақсат тұтып, ортақ ой, бір тілектің аясында бірікті. «Алдағы мақсаттарға қол жеткізу үшін бірлігімізді нығайтып, осы байлықты ұрпақтан-ұрпаққа тапсыру керек. Одан әрі топтасу мен бірлікті нығайту барлығымызды мемлекеттік тілдің айналасына біріктірген кезде ғана мүмкін болады, — деп қорытындылады отырыс модераторы Абдырахман Юлдашұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.