Ары таза еместер алысқа бармайды

0 263

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен аясуз күрес жүргізуге баса мән беріп: «Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз», – деген болатын.

«Бірақ борсықты ұрған сайын семіреді» демекші, жемқорлықпен күресті күшейткен сайын, қоғамда қолын лас тірлікпен былғайтындар да тиылмай отыр. Бүгінде ол түрленіп, азаматтардың адам сенгісіз амалдар жасау арқылы арын былғап жатқаны әшкере болуда.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті мамандары жергілікті атқарушы органдардың халықты әлеуметтік қорғау саласына жүргізген сыртқы талдау барысында жымысқы әрекетке қатысы бар бірқатар былықтың беті ашылыпты. Тарқата айтқанда, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен оның қарамағындағы бөлімдерге жүргізілген зерделеу барысында мүмкіндігі шектеулі жандардың өзінен пайда табуға тырысқандар анықталған екен.

– Мүгедектер мен мүгедек балаларды санаторлық-курорттық емдеуді жергілікті атқарушы органдар мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының кеңселеріне және жұмыспен қамту бөлімдеріне тәуелсіз жүгіну арқылы жүзеге асырады. Алайда Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мүгедектер мен мүгедек балаларды хабардар ету және санаторлық-курорттық емделу бойынша шаралар қабылдамаған. Яғни ашық көздер арқылы жеңілдіктердің осы түрін ұсыну тәртібі туралы ақпарат, осы қызметтерді ұсынатын провайдерлер туралы мәлімет, сондай-ақ басқа да қажетті деректер жарияланбаған. Бір сөзбен айтқанда ашықтық үлгісі сақталмай, барлығы құпия түрде жүргізілген, – дейді департаменттің бас маманы Рауан Жақыпбеков.

Заңға кереғар тағы бір жайт – мүгедектер мен мүгедек балаларды санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз еткен провайдерлер емделушілердің тек санын ғана көрсеткен. Яғни емделіп жатқан адам туралы толық ақпарат болмағандықтан мүгедектің орнына басқа біреудің емделіп жатуы мүмкін. Былтыр санаторлық-курорттық емдеуді денсаулық сақтау мекемелері «Ақсу-Жабағылы» шипажайы арқылы жүргізіп, 1442 мүгедек 159 344 379,9 теңгеге ем қабылдапты. «Самал» сауықтыру орталығына 73 116 492,78 теңгеге 674 мүгедек жатқызылған екен. Бірақ төлем туралы актіде мүмкіндігі шектеулі жандар туралы толық ақпарат көрсетілмегендіктен нақты қанша және кімнің ем қабылдағаны белгісіз болып отырған сыңайлы. Түптеп келгенде бұл аталған басқарманың жұмыспен қамту бөлімдері мен тікелей жеткізушілер арасында бюджет қаржысын жымқыруы мүмкін екенін көрсетеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.