Ақындар жырға қосты азаттықты

0 198

Жуырда №9 Меркі көпсалалы колледжінде  «Тәуелсіздік – жыр басы» атты аудандық ақындар айтысы өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Сыпатай Әлібекұлының 240 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы арналған  ақындар айтысына 8 ақын қатысты.

Шараның ашылуында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбар Иманалиев бүгінгі сөз сайысының мән-маңызына тоқталды.

– Айтыс – бабадан келе жатқан қастерлі де киелі өнер. Оған даңқты жазушы Мұхтар Әуезов сөз барымтасы деп баға берген. Меркі өңірінде де аузымен құс тістеген ақындар аз шыққан жоқ. Бүгін міне солардың жалғасындай болған жас ақындар өзара сөз сайыстырмақ. Әрине, кез келген мемлекет үшін тәуелсіздіктен асқан байлық, азаттық асқан құнды қазына жоқ. Егемендікті еншілеп, жоғымыз түгенделіп, керегеміз кеңейді. Осы жылдар ішінде ел өмірінде ауыз толтырып айтарлық жетістіктер, толағай табыстар көп болды. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнап, тыныштықтың бесігінде тербелдік. Енді солардың барлығы ақындардың шымыр шумағы, ұтқыр ұйқасы арқылы өлең болып төгілсе қандай ғанибет?! Сонда тәуелсіздіктің қаншалықты бағалы екендігін осында отырған көпшілік те тереңірек түсінеді, – деген кеңес төрағасы қатысушыларға сәттілік тілеп, ақжарма тілегін жолдады.

Келесі кезекте Меркі аудандық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары, тәуелсіздіктің төл құрдасы  Нұрбол Султаналиев Анарбекұлы  мерейлі мерекеге арналған өлең жолдарын паш етіп, көрермен қошеметіне бөленді.

Бұдан кейін алғашқы жұпта өнер көрсеткен   Мұқағали Балтабай өзінің орамды ойларымен төселген ақын екендігін танытса, Аружан Адабаева келешегінен үлкен үміт күттіретін ақын  болып өсіп келе жатқандығын байқатты. Сондай-ақ, Әбдіманап Дулат, Жанқуат Кераматдин бәйгеде бас бермейтін ақын екендіктерін  барынша дәлелдеді. Олар қазылар алқасының айтқан сын ескертпелерінен қорытынды шығарып, келесі айтыстарда шеберліктерін шыңдай түсетіндеріне  сенім білдірді.

Шараны қорытындылаған қазылар алқасы  осындай іс-шараларға көпшілік қауым жағынан да қолдау көрсетіліп, мұндай тағылымы терең шаралардың жиі өткізіліп тұруы қажеттігін де атап өтті.

Қара қылды қақ жарған қазылардың шешімімен  Бас жүлдені Мұқағали Балтабай қанжығасына байласа, І орынды Аружан  Адабаева еншіледі.

Сөз барымтасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бағалы сыйлықтармен, арнайы дипломдармен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.