Ақиық ақын мерейтойы тойлануда

0 76

Ақынның мәңгілік ғұмырға айналғанының бір айқын дәлелі, жыл сайын туған күні қарсаңында еліміздің барлық аймағында Мұқағалиға арналған әдеби кештердің үздіксіз өткізілуі. Ал, биылғы жылы ақынның 90 жылдығы кеңінен тойлануда. Бұл үрдіс ешкімнің міндеттеуінсіз, жүрек қалауымен жүзеге асып жатқандығы таңданыс туғызатыны рас. Жыр дүлдүліне арналған мүшәйралар мен ән кештері жылдан- жылға жалғасатыны сөзсіз. Ақын өзінің күнделігінде «Мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Одан кейінгі ұрпақтың да туысымын» деген екен. Келешекті болжап кеткендей болған ақын көрегендігіне еріксіз таңданасың. Расымен де ХХІ ғасырдың ұрпақтары ақынның құрдасына һәм сырласына айналған.

Мұқағали — ғұмырының соңына дейін шығармашылықтан алыстамай, қолынан қаламы түспей, қазақтың қара өлеңінің құдіреті мен сырына молынан қаныққан ақын. Өлең киесінің мәні мен мағынасына терең бойлап, сөз маржанын келісті кестелей білген Мақатаев мұралары қазақ әдебиетіне қосылған баға жетпес туындылар. «Туады, туады әлі нағыз ақын, Нағыз ақын бал мен у тамызатын. Жесірдің айырылмас сырласы боп, Жендеттің көзінен жас ағызатын», — деп жырлаған Мұқағали өзі де қазақтың қара өлеңінің Хантәңіріне айналып отыр бүгінде.

Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық шынымен бақытты халық.

Мұқағали – ғажайып, ақиық, сыршыл, гуманист ақын. Ол бізге өшпес мұра, естілмейтін құпия дауыстардан тұратын жұмбақ ақын. Кезінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Ақынмын деп қалай мен айта аламын, халқымның өз айтқанын қайталадым, күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын»- деп қазақтың қарапайым өлеңінің жілігін шағып, майын ішті. Дегенмен өзінің әділ бағасын ала алмай кеткен ақынның әділ таразысы халық болды. Оны күллі халық сүйіп оқыды. Мұқағали шын мәнінде біртуар халыққа таныта білді. Ақпандатқан ақ таңда туылған ақиық ақын Мұқағали Мақатаев биыл 90 жасқа толған болар еді. «Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай! Мына адамдар неге жатыр тойламай» деп жырлап өткен ақынның туылған күні бүгінде әр қазақтың төрінде тойлануда.

Ақиық ақынның 90 жылдығына арналған «Өлмес ғұмыр, өлмес жыр» атты театрландырылған әдеби – сазды іс-шара режиссер Рабиға Бердісүгірованың сахналастыруымен көрерменнің назарына ұсынылды.

Сахна тақырыпқа сай безендірілген. Сахна шымылдығы көтерілген соң ортаға ақынның бейнесін сомдаған аудандық мәдениет үйінің әншісі Ғалымжан Тезекбаев «Бүгін менің туған күнім, Ой, пәлі-ай!»

Мына адамдар неге жатыр тойламай?

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойған-ай.

Мына дүние неге жатыр үндемей?

Алаулатып тойдың шоғын үрлемей,

Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,

«Мынау шапан,

мынау – атың, мін»-демей.

Мына жұртқа жақпады ма әлденем?

Бекер өмір сүргенім бе, әлде мен?

Халқым,

Сенің қасиетіңді білем деп,

Басқа өмірім өтті ме екен әуремен?

Тойланбаса тойланбасын, не етейін,

Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін,

Қаламымды берші маған, бәйбіше,

Болашаққа арыз жазып кетейін, деген өлеңін нақышына келтіре оқыды.

Онан соң «Менің анкетам», «Поэзия», «Автограф» өлеңдерін аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері мәнерлеп оқыса, аудандық мәдениет үйінің әншісі Ахат Кенжебаев «Үш бақытым» әнін шырқады.

Сахна ауыл, туған жер тақырыбында безендіріліп, Қарасаздағы ақын үйінің көрінісі көрсетіліп, «Қарасаз», «Шеше, сен бақыттысың» өлеңдерін тыңдаған көрермен қауым зор қошемет көрсетті .

Ақынның «Құмған алған» әнін Жанарбек Әбдірахманов домбыраның сүйемелдеуімен орындады.

Ал, мұнан соң Қозы Көрпеш-Баян Сұлу көрінісі көрсетіліп, асыл жарына арнаған «Лашын», «Махаббат диалогы», «Есіңе мені алғайсың» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Мұқағали ақын ұзақ уақыт ауруханада жүрегінен емделуіне тура келді.

Ақын өзінің мына аурухана қабырғасына қамалған аурушаң халіне ызаланатын, күйінетін. Міне, содан бірде буырқанған, бірде іштей мұңайған өлеңдер туатын. Сол өлеңдерін дәрігерлерге оқып беретін. Сондай өлеңдерінің бірі «Дәрігеріме», «Жоқ, дәрігер», «Ауысып өмір сүрейік» өлеңдерін көрермен қауымға тарту етті.

Іс-шара барысында ақынның «Фаризаға» өлеңі сахналастырылып, ақынның Фаризамен алғаш кездескені, ауруханада жатып оған арнаған жыр шумақтары, Фариза ақын Бакуде жүргенде ақиық ақынның өмірден озуы, ақын қыздың өкініші бәрін көз алдымызға әдемі келтіре білді.

Мұқағалиды мәңгілік сапарға аттандырып тұрып, ақ басты адуынды ақын:

«Қазақ поэзиясы Қасымнан кейін жоғалтқан құдіретті тұлға, жаңа заманның ғажайып ақыны» — деп бағалаған екен.

Осы баға – баға.

Айдай анық ақиқат. Мұқағали жыры қаншама жылдар өтсе де, ешбір кіреуке, көлеңке түспей, келешекке қарай керуен түзеп көше бермек.

Ақын егер тірі болса 90-ға толар еді. Алайда ол өкінішті ел махаббаты толтырып аялай жыл сайын еске алып, атап өтуде.

Міне, бүгін біз де көптің бірі болып Мұқағали ағаны еске түсірдік.

Не дейміз: Өлмес ғұмырың, өлмес жырың, Мәңгілік жан — Аға!

Әншілер тобы «Күрең күз» әнін орындап, іс-шараны аяқтады.

Мұқағали — мәңгілік өмір! Ақын мұрасы,маржан поэзиясы-болашақ ұрпақтың еншісі, қастерлеп қадірлейтін мұрасы, ақын көкірегінен буырқана ағылған жыр жанартаулары өлеңқұмар халыққа таусылмайтын сый, мол қазына болып қала бермек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.