Аналарға жасалған айрықша құрмет

0 138

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Таразда «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Салтанатты шараға аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы, облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков, қала әкімі Ержан Жылқыбаев және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ел анасына айналған танымал тұлғалар, спорт пен өнердегі нәзік жандылар, кәсіпкер әйелдер мен қоғам белсенділері қатысты.

Орталықтың мақсаты – Ұлы даланың ұлы аналары өткен ізгі жолды дәріптей отырып, жас ұрпаққа, оның ішінде қыз балаларға рухани-адамгершілік тұрғысында тәрбие беру.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен, «Таразға тарту» жобасы аясында бой көтерген орталықтың алдына ақжаулықты аналардың құрметіне еңселі ескерткіш орнатылған.

Аймақ басшысы өткеннің өнегесін бүгінгі жас буынның бойына сіңіру керектігін айтып, орталықтың алдағы уақытта атқаратын жұмысына тоқталды.

– Қандай заманда да абзал аналарымыз халықпен бірге, ерлеріне сүйеніш, еліне тірек бола білген. Айша-бибі, Қыз Жібек, берісі Мәншүік, Әлия секілді көптеген нәзік жандыларымыз ел өмірінде ойып тұрып орын алады. Небір қиын-қыстау кезеңдерде аналарымыз тек отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, ауырлықты еңсеруге белсене араласты.

Бабаларымыздан қалған «Әке ұлды тәрбиелейді, ана тұтас ұлтты тәрбиелейді» деген  асыл сөз бар.

Ана мен баланы қолдау, отбасылық құндылықтарды нығайту және дамыту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Осы орайда пайдалануға беріліп отырған «Анаға тағзым» орталығы бір жағынан сұлулық пен ізгіліктің бейнесі, екінші жағынан тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болар Қазақтың анасы деген атқа лайық, XXI ғасыр әйелінің қалыптасуына ықпал етеді деп ойлаймын.

Бұл жер әйел-аналарымыз мен қыз-келіншектеріміз үшін ұлтымыздың құндылықтарын дәріптей отырып, қазіргі заманның талабына сай қасиеттерді бойына сіңіретін басқосу алаңы болады деп есептеймін. Осындай нысан салып берген «АрайСтройМаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Арман Еділбаевқа бүкіл жерлестердің атынан үлкен алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы көпбалалы, аз қамтылған аналардың мәселелеріне құлақ түріп, оларды шешу жолындағы орталықтың атқарар қызметіне тоқталды. Ұсыныс, ой-пікірлер де барынша ескерілмек. Қажет болған жағдайда, жергілікті атқарушы орган өкілдері осында шақыртылып,  қабылдаулар мен кездесулер өткізіледі.

ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құнанбай» фильмінде Абайдай кемеңгердің асыл әжесі – Зеренің рөлін сомдаған Нұрсифат Салықова  ақылман, данагөй ұлы аналардың ізгі жолын дәріптей отырып, жас ұрпаққа оның ішінде қыз балаларға рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбие беруді мақсат еткен орталық жұмысына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Жалпы орталық 3 қабаттан тұрады. Үшінші қабаттағы «Алқа» салтанат залында Әулиеата топырағынан шыққан, тарихта аты қалған қазақтың киелі қыздары, алыптарды дүниеге әкелген аяулы аналары мен қайраткер әйелдердің суреттері ілінген. Мультимедиялық құрылғылармен жабдықталған залда алқалы мәжілістер, конференциялар, салтанатты жиындар өткізіледі. Ал «Інжу-маржан» әдеби-музыкалық қонақжайы залында – қазақ поэзиясының өлең сөздің інжу-маржанын тізіп жүрген жамбылдық ақын қыздардың портреттері ілініп, шығармалары қойылған. Мұнда әдеби-музыкалық поэзия кештерін, жаңа кітаптың таныстырылымдарын жүйелі түрде өткізіп тұруға болады. Сондай-ақ осы қабатта «Сырғалым» сырласу клубы бар. Көне заманнан жеңге мен қайынсіңлі арасындағы сыйластықтың қыз тәрбиесіне ықпалы ерекше. Жеңгесі парасатты үйдің қызы ибалы мінезімен танылған. Анасына айтуға қаймығатын сырын жеңгесімен бөліскен қыз қателіктен қашық болады. Жеңгелер институтын жандандыру мақсатында арнайы бағдарлама жасалып, бойжетіп келе жатқан 13-18 жас аралығындағы қыз балаларға этнопедагогика, этнопсихология дәрістері оқытылады. Қыздардың гигиенасы бойынша кеңестер беріледі. «Ерке сылқым» хореографиялық залында негізінен қазақтың ұлттық биіне басымдық беріледі. Екінші қабатта «Қызғалдақ» ұлттық экотәрбие клубы орналасқан.

Leave A Reply

Your email address will not be published.