Әлеуметтік жобалар жалғасын табады

0 179

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте «Мейірім», «Жомарт түлек», «Асарлатып үй салу» мен «Таразға тарту» жобаларының жүзеге асу барысы сараланды.

Өткен жылы облысымызда қолға алынған «Мейірім», «Жомарт түлек», «Асалтып үй салу» мен «Таразға тарту» жобалары жақсы нәтиже бергені белгілі. Атап айтсақ, бір ғана «Асар» жобасы аясында өткен жылы жүзден астам мұқтаж отбасылар үйлі болды. Биыл тағы да 138 үй салу жоспарланған. Ал «Таразға тарту» жобасы аясында облыс орталығында 42 жобаның 40-ы қала игілігіне беріліп отыр. «Жомарт түлек» жобасы аясында қаншама елге белгілі тұлғалар мен кәсіпкерлер өздері туып-өскен өлкеге жомарттығын танытса, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар «Мейірім» жобасының шарапатын көруде.

 Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзовтың айтуынша, «Жомарт түлек» жобасы аясында барлық мектептерде пандемияға байланысты түлектермен кездесу онлайн режимінде өткізілген. Ол кездесулер оқушылардың мамандық таңдауына үлкен септігін тигізіп, биыл мектеп бітірген түлектердің 75 пайызы жоғары оқу орындарына түсіп, грант иегерлері атанған. Бүгінгі таңда «Жомарт түлек» сайтына 242205 түлек тіркелген. Ал   мектеп бітірген барлық түлектер саны – 887344. Яғни, бұл түлектердің 66,7 пайызы сайтқа тіркеліп отыр.

Бұдан бөлек, басқарма басшысы жоба аясында елге белгілі тұлғалар, соның ішінде Еңбек Ерлері Асанәлі Әшімов пен Аягүл Миразова, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков сынды азаматтармен оқушылар кездесу өткізгенін айтты. Сонымен қатар биылғы оқу жылында 763 іс-шара өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айтулы тұлғалармен кездесуді онлайн түрінде емес, дәстүрлі түрде өткізудің қажеттігін баса ескертті.

«Мейірім» жобасы аясында ата-ана қамқорлығынсыз қалған 1236 балаға арнайы есепшот ашылып, олардың шотына табысты азаматтар мен кәсіпкерлер ай сайын қаржы аударуда. Бұл қамқорлық шарасы Тараз қаласы мен барлық аудандарда өз жалғасын табуда.

Аймақ басшысы бұл шараның жарты жолда қалып қоймай, оның жалғасын табуын бақылауды қала және аудан әкімдері мен білім басқармасына тапсырды.

Ал «Асар» жобасы туралы баяндаған құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев  биыл тапсырылатын  тұрғын  үйлердің басым бөлігінде тек әрлеу жұмыстары қалғанын жеткізді.

Аймақ басшысы барлық аудан әкімдерінен ол үйлерді қашан тапсырғалы отырғанын жеке-жеке сұрап, уақытылды тапсыруды ұйымдастыруды жүктеді.

Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев «Таразға тарту» арқылы 42 жобаның 40-ы ел игілігіне берілгенін айтты. Қалған екі жоба қараша айының соңында берілетінін алға тартып, жобаға үлес қосқан аудан әкімдері мен басқарма басшыларына, кәсіпкерлерге ағлғысын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.