Әкім халыққа есеп берді

0 384

Мемлекеттің қарқынды дамуы үшін әр өңір белгілі бір талап үдесінен шыға білуі тиіс. Бұл еліміздің түрлі деңгейдегі әкімдерінің, яғни жергілікті билік органдарының біліктілігі мен олардың атқарып отырған жұмыстарының жүйелілігімен өлшенетіні сөзсіз. Жыл сайынғы дәстүрге айналған әкімдердің халық алдындағы есеп беруі – осы мақсатты көздейді.
Сарысу ауданы әкімінің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты есептік кездесуінде халық көкейіндегі маңызды мәселелер жан-жақты айтылып, болашаққа бағыт-бағдар жасалды.
Бұл кездесуге облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек, аудандық мәслихат хатшысы Асанбай Сейналиев және санитарлық талаптарды сақтай отырып, аудан тұрғындары қатысты.
Ауданның алдында тұрған мақсат-міндеттер орасан. Мұны аудан әкімі Бақытжан Жақсылықовтың халық алдындағы есепті кездесуінде айқын аңғардық.
Арнайы статистикалық мәліметке сүйенер болсақ, қазіргі таңда Сарысу ауданындағы халықтың жалпы саны 44 465 мыңға жуықтайды екен.
«Ауданда халықтың әл-ауқатын арттыру мен экономикалық өсімді нығайту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Өңірде кейінгі жылдары әлеуметтік нысандар салынып, бірқатары жөндеуден өтіп, халық игілігін көруде.
Олардың қатарында денсаулық сақтау, спорт, білім беру, мәдениет салаларына тиесілі нысандар баршылық.
Дамудың даңғыл жолына түскен аймақта мұнан да өзге ауыз толтырып айтарлық жетістіктер көп.
Ағайынның ынтымақ-бірлігі мен еселі еңбегі бірқатар жоспарларға қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан әр тұрғынның ұсынысы мен сұранысы назардан тыс қаламайды.
Жыл басынан бері Жаңатас қаласы мен ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп 12 рет есепті кездесулер өтті.
«Халық үніне құлақ асатын Үкімет» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша жеке мәселелерімен былтыр 44 қабылдау өтіп, 483 азамат қабылданған.
Оның 212-сі тұрғын үй, 72-сі жұмыспен қамту, 18-і жер мәселесі, 181 түрлі мәселелермен өтініш білдірген.
Індетке байланысты 28 тікелей эфир өткізіп, 211 сұрақ түскен, әлеуметтік желі барысында 29-мыңнан аса көрермен қамтылды.
Қабылдауға келген азаматтар мен тиісті сауалдарға дер кезінде жауаптар беріліп, заң аясында көмектер көрсетілді.
Халқымызда «тірлік басқа болса да тілек бір, бармақ басқа болса да білек бір» деген сөз бар.
Әкімдердің тұрғындар алдындағы есеп беруі жақсы дәстүрге айналды. Бұл – бірінші кезекте атқарушы билік пен халық арасындағы үнқатысуға құрылған шара. Сол себепті, мұндай кездесулерде біз өзіміздің атқарған жұмыстарымызға сіздер арқылы сын көзбен қарап, болашаққа жоспар жасауға мүмкіндік аламыз,-деді аудан басшысы.
Өндіріс өнімін арттыруда «Қаратау» мен «ЕвроХим» тау-кен химия кешендері, жылумен қамту кәсіпорыны, ас-тұзын дайындау, мұнай өнімін өндеу, мрамор мен асфальт шығаруға бағытталған зауыттар жұмыс істеуде.
Құрылыс саласы есепті кезеңде ауданда жүргізілген құрылыс жұмыстарының көлемі 11 млрд. 562 млн. 200 мың теңгені құрап, 104,3%-ға орындалды.
Тұрғын үй құрылысы бойынша 2020 жылы 180 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй және 134 жеке тұрғын үй пайдалануға беріліп, жалпы алаңы — 19 221 шаршы метрді құрап, есепті кезеңмен салыстырғанда 108%-ға орындалды.
Бүгінгі таңда, пәтер алу кезегінде 1608 азамат тізімде тұр, бұл былтырғы жылы кезекте тұрғандар 15%-ға кемігенін көрсетіп отыр.
Кәсіпкерлік саласы ауданда 3341 шағын және орта бизнес субъектілер тіркелген, оның ішінде шағын және орта — 160, жеке кәсіпкерлер — 2 400, шаруа қожалықтар — 781.
Оның ішінде белсендісі — 2 684 бірлікті, үлесі 80,3 пайызды құрап отыр. Есепті кезеңмен салыстырғанда бұл сала 512 нысанға артқан.
Несиелендіру бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында — 49 адам 219 млн. 500 мың теңгеге қаржыландырылды.
«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде екінші деңгейлі банктер арқылы 51 млн. теңгенің 6 жобасы қаржылай қолдау тапты.
«Саудакент несие серіктестігі» арқылы — 9 азаматқа 33 млн. 900 мың теңге, «КазМикроФинанс» ұйымы арқылы — 2 527 азаматқа 1 млрд. 378 млн. 500 мың теңгенің несиесі берілген.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша «Агрокредиттік» корпорациясы арқылы 3 жобаға 76 млн. теңге берілді.
«Тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы аясында, Саудакент ауылы бойынша 808 млн. 591 мың теңгеге 303 несие берілді.
Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ауылдық округтегі жұмыссыздар саны 14 адамға қысқарды.
Әлеуметтік бағдарламалар бойынша 7247 адамға 353,5 млн. теңгеге әлеуметтік көмек берілді дей келе, аудан басшысы 2021 жылға жоспарланған негізгі жобаларға да тоқталып өтті.
-Тұрғындардың әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар бар. Бұл жұмыстарды іске асыруға бәріміз бір кісідей атсалысып, үлкен нәтижеге жетеміз деп сенемін.
Түйіп айтсақ, өңірде атқарылған жұмыстар аз емес. Жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек,- деген аудан әкімінің есебінен соң сөз алған тұрғындар қолдап, оң бағаларын беріп жатты.
Бұл жылғы аудан әкімінің есебі өзгеше форматта өтті. Барлық сақтық шараларын ұстана отырып залда және рухани жаңғыру жобалық офисіндегі теледидар арқылы, аудан әкімдігінің арнайы әлеуметтік желі парақшаларында тікелей эфир арқылы көрсетілді.
Әлеуметтік желі арқылы 200-ге тарта сұрақ-тілектер түсіп, 4 мыңға тарта адам бір мезетте тамашалай алды.
Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан Мейіржан Байсақалов, Жұмәлі Орымбаев, Болат Мадазимов, Диханбай Ақділда, Жандарбек Қалмырза, Галина Пауль, Бақытбек Нұрбеков, Егізбек Сәтов, Айгүл Сәулембаева, Назгүл Сәулембаева, Берік Қадіралиев, Шынайдар Ералиев, Нұржан Есмахановтар бірқатар сауалдар қойды.
Ал, әлеуметтік желіге түскен сауалдарға 3 жұмыс күні ішінде толығымен жазбаша жауаптар берілетін болады.
Аудан әкімі өз кезегінде бұл мәселелерді өз бақылауында ұстайтындығын және олардың шешілуін үнемі қадағалап отыратындығын жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары Жаңатас қаласындағы қазандықты табиғи газға ауыстыру жұмыстарын жүргізу.
Аудандағы ауыл шаруашылығы дақылдарын өнімін көбейту мақсатында миниралды тыңайтқыштар алу бойынша жұмыстарды жандандыру.
Ауыл шаруашылғына инвестиция тарту. Аудандағы мал басын көбейту тұқымды асылдандыру және жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану. Ұсақ шаруа қожалықтарды біріктіру бойынша жұмыстар жүргізу.
Егін шаруашылықтағы майлы дақылдардың егін жоспарын арттыру. Кәсіпкерлік,өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік бағдарламаны дұрыс пайдалану жөнінде аудан халқымен тығыз қарым-қатынас орнатып, түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету бағытында, өзге де бірқатар маңызды тапсырмалар берді.
“Әрине, көптің көңілін табу оңай емес. Облысымыз әлеуметтік-экономикалық жағынан жылдан жылға қарқынды дамып келеді. Осыған байланысты мәселелер де күн сайын туындап жатады. Өткен жылы бірқатар өзекті мәселелер шешімін тапты. Биыл да көптеген жетістіктерге жетеміз деген үміттеміз”, деді облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек сөзінің қорытындысында.

Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.