Адам түгіл тас мүсін,тастамайды маскысын

0 107

Дүниежүзін дүрбелеңге салған «тәж» індеті күллі адамзаттың өміріне қауіп төндіріп, баршамызды сақтыққа үйретті. Себебі адам баласы үшін деннің саулығынан, бастың амандығынан артық ештеңе жоқ. Қазір сол сақтықты бәсеңдетпеу барлық елде басты өмірлік қағидаға айналды. Көпшілікке карантиндік талаптар барынша насихатталуда. Тіпті шет мемлекеттерде ұшақтар мен пойыздардың тұмсығына маска тағылып, әлемнің назарын қауіпсіздікке аударып жатыр. Жаһанның жауһарына айналған еңселі ескерткіштерге де маска тағылып, дамыған елдер қауіпсіздікті қаперден шығармауға үн қосуда. Бұл игі насихат жуырда елімізде де белең ала бастады.

Десек те шет мемлекеттердің, әсіресе АҚШ пен Еуропа елдерінің әрбір поп музыкалары мен ерсі модаларын, дүбәра шоуларын бірден бойға сіңіріп ала кететін халқымыз бұл әрекетті басында ерсі көрген сыңайлы-мыс. Қалай айтсақ та мұндай бастамалар адамзаттың, түп тамырын тінтіп қарасақ еліміздің, өскелең ұрпақтың, өрімтал жастардың амандығы үшін жасалып жатқаны айқын. Бұл жастардың сәулелі санасын тұмшалайтын дүние емес. Ескерткіштер өмір бойы маскамен қалмасы да белгілі. Әрине, егер қоғам болып сақтықты сақтап, індетті түбегейлі жеңсек болғаны. Жалпы бұл былтырғы жылы жаһандық деңгейде белең алған бірегей креативті бастама болатын. Анығында, ол – көпшілікті сақтыққа шақыратын әлемдік акция. Бізге енді жетіп жатыр. Жуырда ғана Шымкент шаһарындағы қаранар қайраткеріміз Тұрар Рысқұловтың еңселі ескерткішіне маска тағылды деген ақпарат суретімен қоса әлеужеліні шарлап кетті. Базбіреулер оны оғаш көрген болуы керек, негативті пікірлерді жаңбырша жаудырды. Ал шынтуайтында, қазіргі таңда кез келген жолмен көпшілікті сақтыққа шақыру ауадай қажет-ақ. Сондықтан шетелде бастау алған бұл әрекеттің еш сөкеттігі жоқ. Жастардың санасын улап, ұлттық құндылықтарды ұмыттыратындай, болмысымызға нұқсан келтіретіндей әрекет емесі айдан анық. Акцияның алға қойған мақсаты – адамзаттың амандығы. Керісінше мұндай креативті бастамаларға ұлт болып үн қоссақ, одан ұтылмасымыз белгілі. Қайта өзімізді, отбасымыздан бастап Отанымызға дейін ауру-сырқаудан аман алып қалудың тиімді тетігі бұл. Әйтпегенде ұлы тұлғалары, классик ақын-жазушылары мен әйгілі музыканттарының, философтары мен қайраткерлерінің қастерлі ескерткішіне бетперде тағып, көпшілікке үлгі болып отырған дамыған елдер ақымақ емес. Осындай креативті бастама арқылы індеттің ауылын алыстатып отыр. Біз неге мұндай игі бастамадан басымызды ала қашуымыз керек? Тірісінде елінің амандығын, ұрпағының бақытын ақтық демі қалғанша армандап өткен ұлт қайраткерлерінің тілегі де осы тақылеттес емес пе еді? Сондықтан ең бастысы – елдің амандығы екенін ұмытпағанымыз абзал. Дені сау ұлт қана мәңгілік елге айналады, өніп-өсіп, өркендейді. Осы ретте ел аумағында алғаш болып игі бастамаға үн қосқан шымкенттіктердің ғаламдық көзқарасы, Отанға жанашырлығы еріксіз көңіл қуантады. Күн, тіпті сағат сайын жақындарымыздың, тау тұлғалы азаматтардың ғұмырын қиядан қиып жатқан індетті жеңу – бүгінгі өмірдің талабы болып отыр. Сондықтан еліміздің амандығы жолында жанкешті күрескерлікпен өмірден өткен баһадүр бабаларымыздың, ақылгөй даналарымыздың ескерткіштеріне бетперде тағылса, оның еш ерсілігі жоқ. Өз кезегінде бұл бастама енді екі мың жыл бойы халқына пана болып отырған Тараз шаһарында да жалғасын тапса деген ойдамыз.

Н.Серікханұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.