«Дәрмек» операциясы аясында медицина қызметкерлері жауапкершілікке тартылып жатыр
Еліміздің аумағында жүргізілген «Дәрмек» операциясы барысында 40 медицина қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті7
«Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың ресми айналымындағы заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында Ішкі істер министрлігі «Дәрмек» арнайы ауқымды операциясын жүргізді. 5 күн ішінде 877 нысан, оның ішінде дәріханалар мен қоймалар, емдеу-алдын алу мекемелері және өнеркәсіптік кәсіпорындар тексерілді. Қазіргі уақытта «дәріханалық» нашақорлық кең тарала бастағаны белгілі. Сондықтан полицейлер есірткіге ұқсас мас қылатын және тәуелділікті туғызатын дәрі-дәрмектерді рецептісіз босату фактілерін анықтауға баса назар аударды», — деді ресми өкіл апталық брифинг барысында.
Нұрділдә Ораздың дерегінше, есепке алынған препараттарды рецептісіз босатудың 56 фактісі анықталып, 12 тонна прекурсордың айналымы шектелді.
Операция барысында 21 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 17-сі есірткі құралдарымен жұмыс істеу ережелерін бұзу, 4-еуі улы заттардың, сондай-ақ есірткі құралдарын, психотроптық заттарды дайындау үшін пайдаланылатын заттардың заңсыз айналымына қатысты болды.
«Бақылаудағы заттар айналымы саласында 99 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде объектілерді техникалық нығайту талаптарын бұзуға қатысты 34 факті, лицензиялау нормаларын бұзуға байланысты 9 факті тіркелді. Әкімшілік жауапкершілікке 40 медицина қызметкері тартылды. Мәселен, Атырау тұрғыны психотроптық препараттарды сатумен айналысқан. Одан күшті әсер ететін 58 пластинка мен 31 құты препараттар тәркіленген», — деді ол.
Оның атап өтуінше, сақтау талаптары бұзылған немесе құрамында есірткі бар сатылымдағы барлық препараттар айналымнан алынды. «Атап айтқанда, 2 мыңнан астам есірткі құралдары ампуласы, 1600-ден астам таблетка және 1800 психотроптық заттар ампуласы тәркіленді», — деді ресми өкіл.