Атлах шайқасына 1270 жыл: Таразда халықаралық конференция өтті
Атлах шайқасының 1270 жылдығына және Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қазақ даласына Исламның келуі» атты халықаралық ғылыми-танымдық онлайн-конференция өтті.
751 жылы Таразға жақын жердегі Атлах қаласының маңында болған Араб-Қытай шайқасын тарихшылар өркениеттер қақтығысы деп бағалайды. Арабтардың жеңісі Орталық Азиядағы мұсылман мәдениетінің таралуына өз әсерін тигізген. Кейіннен ол түркі өнерінің дамуына, атап айтқанда, қалалық мәдениет пен сәулет өнеріне де ықпал ете білді. Тарихшылар Талас өзені бойындағы шайқастың нәтижесіне жергілікті халықтың да әсері бар екенін жоққа шығармайды.
«Түркі халықтарының тарихында айрықша маңызға ие болған «Атлах» шайқасы Әулиеата жерінде өткен. Біздің міндетіміз – жас ұрпаққа осы шайқастың тарихи құндылығын ұғындыру. Жастар өздері тұратын өлкеде қандай тарихи оқиғалардың орын алғанынан біліп жүруі керек. 2015 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Таразда Қазақ хандығының 550 жылдығын салтанатты түрде атап өттік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Алтын Орданың 750 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылуда. «Тойдың тамашасын емес, тағылымын бақ» дегендей, атаулы даталар бізге мерекелік шаралардан бұрын, ата-бабаларымыздың бай мұрасын тереңірек зерттеп, тығылымын тани түсуге барынша мүмкіндік беретін орайлы сәт», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбав шараның кіріспе сөзінде.
Аймақ басшысы ұлттық құндылықтардың дамуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының да қосып отырған үлесін баса айтты.
Сонымен қатар, Наурызбай қажы Өтпенов халықаралық конференцияның маңыздылығына тоқталып, Түркістан аймағына қасиетті Ислам дінінің таралып, тамыр жаюы осы Талас-Атлах шайқасымен тікелей байланысты екендігін атап өтті.
«Бүгінгі форумның тарихы терең Тараз төрінде өтуі тегін емес. Осыдан 1270 жыл бұрын дәл осы өңірде Ислам дінінің кең таралуына ықпал еткен үлкен оқиға орын алды. Біздің халқымыз Исламды күштеп, мәжбүрлеусіз қабылдады. Бізге осы өлкеден шыққан, Ислам мәдениеті мен ғылымында айрықша із қалдырған көптеген философтар мен ғалымдардың есімдері белгілі. Олардың ішінен Хибатулла ат-Таразиді ерекше атап өткім келеді. Біздің елімізде Ислам діні қабылданғаннан бері діни негіздегі қақтығыстар орын алған жоқ», — деді ол.
ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі өз кезегінде Атлах шайқас туралы толығырақ айтып берді. Оның айтуынша, Қытай тарихшылары шайқас бес күнге созылды деп жазған. Шайқастың орта тұсында қарлұқтар арабтардың жағына шығып, Қытай әскеріне қарсы соғысқан. Бұл шайқас Тан империясының Батыс елдеріне қарай жорығына тоқтау салған.
Келелі басқосуға бейнеконференц-байланыс режимінде Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы мен Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері де қатысты. Олар бауырлас халықтарды ортақ тарих қана емес, бейбітшілік қағидаттарына негізделген берік ұстанымның да біріктіретінін атап өтті.
Сондай-ақ, форум барысында белгілі ғалымдар, профессорлар, шығыстанушылар баяндамалар жасады.