Депутаттар наразылық білдірген жүргізушілерді қолдады

0 449

Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» ҚДП фракциясының мүшелері жол мамандарының жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.

Парламент депутаты Азат Сембинов индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловқа депутаттық сауал жолдап, «ҚазАвтоЖол» монополиялық жағдайын асыра пайдаланып отырғанын мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, «ҚазАвтоЖолдың» тәбеті артып, азаматтардың наразылығын тудырып отыр. Шенділер ақылы жолды нарықтық экономика талаптарына сай енгізгенін айтады, бірақ нарықтық экономикада бәсекелестік пен таңдау болу керек.

«Ал «ҚазАвтоЖолдың» әрекеті көлік иелерін таңдау мүмкіндігінен айырады, тіпті нағыз басбұзарларша «өмір немесе әмиян» сұрап отыр», – деді депутат. Қазақстанда тасымал шығыны тауар құнының 10-15 %-ына дейін жетеді. Демек жол ақысы өссе, халық тұтынатын азық-түлік пен тауар бағасы да көтеріледі. Депутаттар бұлай істеу орынсыз деп санайды, әрі компаниядан тарифті көтеру жоспарынан бас тартуды талап етті.

Олардың мәлімдемесіне жауап ретінде ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ақылы жолдар бүкіл әлемде бар тәжірибе екенін айтты.

«Көп елдерде «кім жолды пайдаланса, оны күтіп-ұстауға ақы төлейді» деген әділетті қағида бар. Бізде пайда табу мақсатында жүрген ауыр жүк машиналары көп, олар жол сапасын бұзады. Сонымен қатар өзге елдердің он мыңдаған транзиттік жүк көлігі Қазақстан аумағы арқылы өтеді, олар біздің жолдарды тоздырады. Ал біздің тасымалдаушылар шет мемлекеттер аумағынан өтсе, тиісті ақша төлейді», – деп жауап берді министр. Әрі жаңа тариф мәселесі шешіліп жатқанын, жөнделмеген жолдарда ақы алынбайтынын айтты.

kznews.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.