«Қолымда үзіліп кете барды»: Әнші Айгүл Қосанова марқұм әкесін есіне алды
Қазақстандық танымал әнші Айгүл Қосанова марқұм әкесін есіне алып, көз жасына ерік берді. Өнер иесі асқар тауы әкесіне деген сағынышын жеткізіп, оның дүниеден өткен күні туралы жан сырын ақтарды.
Қосанова өмірінің астан-кестенін шығарған қайғылы жағдай туралы «Ең алғашқы» бағдарламасында айтып берді. Өнер иесі әкесі өмірден озарда қасында болған. «Мен әкем үшін аспандағы жұлдызбен тең едім! Сыртта, басқа қалада жүргендіктен үйдегілер маған көп жағдайды ашып айта бермейтін. Әкемнің қатты ауырып жатқанын да менен жасырған.
Мен үшін өте қиын кезең еді. Ең жақын адамды жоғалту кімге болса да қиын деп ойлаймын. Әкем жол апатына түсіп қалғаннан кейін 33 жыл анамның қоына қарап, сол кісінің бағуымен өмір сүрген адам. Егер менің анам әкеме дұрыс қарамағанда осынша жасқа жетпес те еді деп ойлаймын.
Сол себепті біз анамызға қашан да алғыс айтамыз. Әкеміз жұмыс істемесе де біз үшін абыройын түсірмей, асқар тау етіп отырғандығы ерлікпен тең. Төсек тартып жатып қалғанын естігенде ауылға апта сайын барып тұрдым. Соңғы барғанымда түні бойы әкеміздің қасында отырдық.
Барлық балалары, бауырлары жиналған еді. Таң ата менің қолымда үзіліп кете барды»», — деген әнші көз жасына ерік берді. Айта кетейік, Айгүл Қосанованың тұңғышы да бір жасқа толған кезінде қайтыс болған. Өнер иесі баласының өліміне әлі күнге дейін өзін кінәлі сезінеді.