Қарағандыда саяси белсендіні атып өлтірді деген күдіктілерді судья ақтап шықты
Қарағандыда саяси белсенді Ғалы Бақтыбаевты мылтықпен атып өлтірді деген күдіктілерге қатысты сот үкімі шықты. Судья айыпталғандардың бәрін ақтады
Алқа билер соты күдіктілерді кінәлі деп танитындай дәлел таппаған соң, судья осындай шешім қабылдаған.
Алайда екі күдіктіні заңсыз қару сақтағаны үшін және марқұмның денсаулығына зиян келтірді деп 3-жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырды.
Бұған дейін прокурорлар қамауда отырған төрт күдіктіге 20-дан 25 жылға дейін беруді сұраған еді. Ал айыпталушылардың жақындары онымен келіспей, бірнеше күн бұрын сот ғимаратының алдында жиналған.
Айта кетейік, осыдан тура бір жыл бұрын 59 жастағы Ғалы Бақтыбаевты Жаңаарқа ауданындағы үйінде белгісіз біреулер басынан атып өлтірген еді. Полицейлер үш айдан кейін марқұмның күйеу баласымен бірге үш ауылдасын күдікті ретінде қамауға алған.