Әуесқой ойыншылар арасындағы аладоп аламаны
Бала күнінде доп теппеген адам жоқ шығар сірә. Тіпті, атақты фудболшылардың кейбірінің тағдыры доппен байланысты болуы олардың бала күнінде қақпасы тас немесе кесекпен белгіленген ауыл шетіндегі көгалда қызық қуудадан бастау алғаны жасырын емес. Олардың дені уақыт өте келе көзге түсіп, аты дардай клубтарға ойыншы ретінде қабылданып, арнайы жаттығудың арқасында шеберлігін шыңдап, теккен төр, еткен еңбектің арқылы биік белестерді бағындырады.
Кезінде доптың қызығына батып, таң ертеңнен қарақара кешке дейін үй бетін көрмейтін қарасирақтарға үлкендердің «Доп ойнаған тозар…» деп кейіп жатқанын талай көргенбіз. Бірақ бүгінде доп ойнағандардың тозбайтынын уақыт өзі ұқтырып отыр. Өйткені бұл спорт. Ал спорт адамды ширатады, денінің саулығына кепілдік береді. Қысқасы, спортпен айналысқан адамның тәні де, жаны да сау болады. Біз сөз еткелі отырған жайт, жас күнінде допты жақсы тепкен фудболшылардың, жасы келгенде де осы спортты жанынан тастамай, әрекідік болса да өзара бақ сынасып тұруында.
Мәселен жақында Жуалы ауданында футболдан әуесқой ардагерлер арасында жарыс ұйымдастырылды. Аталған бәсеке әуесқай футбол ардагері Мақсұтбек Арзымбетовтың 60 жас мерей тойына арналды. Өз облысымыз ғана емес, өзге өңірденде ардагер спортшылар келіп, барлығы 8 команда қатысқан допты доданың ашылу салтанатына Қазақ футболының тарихындағы ең жарқын ойыншылардың бірі – Сейілда Байшақовтың өзі қатысты. Жасыл алаң көрігін қыздырған жарыста Түркістан облысынан, Шымкент қаласынан, өзіміздің Тараз және Қаратау қалалары мен Жуалы ауданының командалары барын салды. Ойын басталмас бұрын облыстың футболдан Әуесқойлар лигасының президенті Инаят Қырықбаев сөз алып, өңірде ардагер аяқдопшылар арасындағы турнирлер әрдайым жоғары деңгейде өтетінін атап өтті. Жуалы ауданы әкімдігінің спорт және дене шынықтыру бөлімін басқаратын Мақсұтбек Арзымбетовтың 60 жасқа келсе де шеберлігін әлі де жоғалтпағанын сөз ете отырып, мұндай турнирлер жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға жол ашатынын тілге тиек етті.
Арагерлер арасындағы ойын тартысты өтіп, ақтық айқаста тараздық «Әулиеата» және Шымкент қаласынан келген «Шымкент» командасы өзара кім мықтыны анықтады. Нәтижесінде бір доп айырмасымен тараздықтар жарыс жеңімпазы атанып, шымкенттіктер екінші орынға табан тіреді. Ал жарыстың үшінші орны үшін таласқан қаратаулық «Намыс» командасы мен түркістандық «Түлкібас» арасында өткен ойын да өз өрнегімен есте қалды. Нәтижесінде қарсыластардына бір гол артық салған «Түлкібас» командасы үшінші орынды еншіледі.
Жарыс соңында Қаратау қаласының «Намыс» командасының ойыншысы Бекболат Орынбеков «Үздік шабуылшы» деп танылды. Шымкенттік Құрманғазы Бейсенов «Үздік қорғаушы», ал тараздық Женя есімді қақпашы «Үздік қақпашы» атанды.