Туған ауылына қарайласып жүрген түлектер

0 250

Өзі түлеп ұшқан мектебіне түлектердің мектеп бітіргеніне 10, 20, 30 жыл толуына орай ортадан қаржы жинап қарайласуы, тіпті туған ауылының көркеюіне қол ұшын беріп, ауызбіршілік танытуы бұрыннан бар үрдіс.

Дегенмен соңғы уақытта бақытын кәсіптен тапқан немесе белгілі бір салада қызмет ете жүріп жағдайын жақсартып алған азаматтар түлек ретінде өз қаржысы есебінен туған аулында жеке-дара құрылыс нысандарын жүргізіп, туған жеріне қолтаңбасын қалдыруы, өңірімізде өнегелі ісімен көпке үлгі болуы қарқын алғаны белгілі. Жұрттың туған ауылын түлетуге құлшына кірісуіне облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Жомарт түлек» жобасы арқау болып отырғанын айта кетуіміз керек.

Аталған жобаның түпкі мақсаты – түлектердің туған жеріне қарайласып, ауылының әлеуметтік-экономикалық дамууына атсалысу. Аймақ басшысы осы жоба қолға алынарда арнайы форум ұйымдастырып, жобаның бағыт-бағдары мен мән-мағынасына кеңінен тоқталған болатын.

Осы форумды облыстағы әр аудан іліп әкетіп, жоба жүктеген міндеттер жергілікті жерде дұрыс ұйымдастырылуы басты назарға алынған еді. Аталған игі істі Жамбыл ауданы да жалғастырып, оған түрлі салада қызмет етіп жүрген 400-ден аса мектеп түлектері қатысқан еді. Аудандық форум барысында қатысушылар жобаның негізгі мақсат-мүддесіне толық қанықан-ды. Сол кезде аудан әкімі Сәкен Арубаев түлектердің демеушілігімен жүзеге асатын 18 жоба үшін 118 миллион теңге қаржы жұмсалатынын айтқаны есте.

Қолы ашық азаматтарға лайықты құрмет көрсетіле отырып, олардан ауыл-аймақтың гүлденуіне үлес қосуы өтініш ретіне сұралған еді. «Ер туған жеріне…» деген сөздің парқын терең түсінетін қалталы азаматтар осы форумнан кейін әрекетке көшіп, нәтижесінде ауданда айрықша қозғалыс пайда болды.

Мәселен Шайдана ауылында 10 млн теңге ге спорт музейі мен спорт кешенін жеке кәсіпкер Әділ Байұзақов салып берсе, Ащыбұлақ ауылының 1984 жылдары туылған азаматтары 2 млн теңге ге балаларға арналған ойын алаңшасының құрылысын, Шоқай, Ш.Ниязбеков ауылындағы білім ордасын 20 жыл бұрын аяқтаған түлектер ауылдарына келбетті арка орнатты.

Олардың әрқайсының құрылысына 1,5 миллион теңге жұмсалса, қаракемерліктер ерекше форматта бой көтерген ауыл қақпасына 2 миллион теңге жұмсаған.
Бұдан бөлек Ақбұлым ауылындағы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының 2001 жылғы түлектері білім ордасына демалыс алаңшасын ашып, 1 млн теңге ге су бұрқақтарын орналастырған. Осы ауылда жылт еткен тағы бір жаңалық – осы ауылдың тумасы, мектеп түлегі, «Шаңырақ 7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Гүлзат Ташбаеваның ауылдастары үшін 21 миллион теңгеге балабақша ашып беруі.

– Елдің қажетін өтеу үшін балабақша салуды жөн көрдім. Туған жерге із қалдыру әр азаматтың көкейінен ажырамауы қажет. 50-ге жуық балғындарға тәрбие беретін балабақшаны орталық көшеден аштық.

Оның ашылуына ауыл қарияларын шақыртып, ақ батасын алып, алғашқы тәрбиеленушілердің өнерін тамашалап та үлгердік. Осы мекеме арқылы жергілікті тәрбиешілер мен басқа да азаматтардың жұмыспен қамтылуы да ауылдықтар үшін үлкен олжа болып отыр.

Нысанның іші қажетті керек-жарақ және жиһаздармен, заманауи қүрылғылармен, сергіту, ойын алаңдарымен жабдықталған, – дейді Гүлзат Әбдібайқызы.
«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген осы. Әйтсе де қолында қаржысы бар әр азаматты осындай іске жұмылдыра білген аймақ басшысының іскерлігі және жобаның ұтымдылығы екенін айта кеткеніміз жөн.

Leave A Reply

Your email address will not be published.