Сәдуақасова: Жасанды жолмен бала көтерген қиын екен, Алла бізге тағы перзент сүюді жазар
Қазақ эстардасының жұлдызы Мадина Сәдуақасова тағы да балалы болуды жоспарлап жүргенін айтты. Бүгінде дәрігерлерге жүгінген әнші бірқатар қиындықтарға тап болған. Өнер иесі Алладан перзент сұрап, бір ұлының амандығын тіледі.
Мадина Сәдуақасова қазіргі таңда екінші мәрте ана атанудың қамын ойлап, медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгініп жүр. Әнші перзентті болуға барынша талпынып жатқанымен, ешқандай нәтиже жоқ екенін жеткізді. Көңіл-күйі түсіп кеткен әнші өзін алаңдатып тұрған мәселемен желідегі жанкүйерлерімен бөліскен.
«Соңғы кездері ешнәрсеге зауқым жоқ, көңіл-күй де біресе былай, біресе былай құбылады. Ән, фотоссесия, клип, интервью, инстаграм, тіпті өмір түгілі, өзімді де білмейтін болып жүрдім. Жалпы шет жағасымен сіздермен бөліскім келіп тұр. Өмірімде сонша анализ тапсырып көрмеппін. Гормон, витамин, т.б. олардың миллион түрі бар екенін шынымды айтсам, осы жасқа келіп, бірінші рет білдім», – дейді ол.
Әнші дәрігер мамандардың да әр түрі кездесетінін айтты.
Препараттардың түр-түрін күніге тоқтатпай салады. 14 күн бойы. Жаным шықты демей-ақ қояйын, бірақ 9 ай құрсағыңда бала көтеріп, толғатып босанған оңайырақ екен. Аяғында, ешқандай нәтиже шықпағанын біліп, тіпті шашылады екенсің. Алладан тілеп, мұндай өте қиын жолмен перзентті дүниеге әкелген барлық аналарға, отбасыларға бас идім. Ал, мен енді тағы осындай қиындықтардан өте алмаймын-ау. Аллам берген бір ұл, Әнуарымыз аман болсын, уақыт бар әлі, Алла тағала біздерге тағы перзент сүюді жазар. Ал мен есімді жиып, жан-жағыма қарап, жұмысқа кірісейін», – деп ағынан жарылды әнші Instagram парақшасында.