Арайлым Назарова: әділетсіз заңмен әділетті сайлау өткізе алмаймыз

0 293

Осы сейсенбіде – 26 мамыр күні Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тағы да сол Конституциялық заңға қол қойды. Бұл оның Қазақстандағы сайлау заңнамаларын демократиялық талаптарға сай өзгертеміз деп, президенттік құзіретке ие болған кезде қоғамға берген уәдесінің жалғасы еді.

Ендігі заңдық күшіне енген бұл өзгерістер мен толықтырулар саяси жаңғыруға сусаған ел-жұрттың сұранысына сай ма, оның жақсылығы мен жамандығы қандай, азаматтық қоғам бұл жаңартылған заңды қалай қабылдады? Осы сұрақтарға Тәуелсіз бақылаушылар қауымдастығының төрайымы Арайлым Назаровамен біздің тілшіміз жүргізген сұхбат тыңғылықты жауап береді деген ойдамыз.

– Арайлым бике, ең алдымен шорт кесіп айтыңыз: бұл өзгерістердің қоғам үшін ауыз толтырып айтарлық жақсы жағы бар ма?

– Ең алдымен «ДАТ»-тың айнымас оқырмандарына сәлем берейін: мынау қым-қуат қиын заманда аман-есен бармысыз, армысыз, ағайын?! Екіншіден, мені сұхбатқа шақырған, елдегі демократиялық қозғалыстың жаршысы болып жүрген «даттықтарға» көп рақмет айтамын!

Ал сұрағыңызға шорт кесіп жауап берер болсам, бұл – кезекті көзбояушылықтың заңы болды. Мұнда ауыз толтырмақ түгілі, тіске басар талғажу жоқ!

– Ал енді қазақстандық қоғам мен халықаралық қауымдастыққа көзалдау үшін жасалған осы өзгерістерге қарсы қандай уәжіңіз бар? Бір-бірлеп тізіп бере аласыз ба?

– Біріншіден, партиялардың сайлау нәтижесінде парламентке өтуі үшін жинауы тиіс 7%-дық барьердің 5%-ға түсірілуіне тоқталайық. Бұл жерде әуелі біздің елде сайлау додасына түсе алатын биліктің ықпалынан тәуелсіз партияның жоғын және оларды тіркетпейтінін, халықтың сайлауға деген пессимисті көзқарасын, сайлауға қатысу көрсеткішінің төмендігін ескерсек, аталмыш өзгерісті енгізудің ешқандай қажеттілігі жоқ еді. Менің ойымша, халықтың сайлауға қатысуының төменгі шегінің болмауы сияқты, бұл жерде парламентке өту үшін де, партиялардан төменгі шекті алып тастау керек. Сонда кішкене болсын өзгерістің иісі шығар еді деп ойлаймын. Ойлаңызшы, сайлау өтті деп есептелуі үшін ешқандай шек жоқ, ал партияға өту үшін бақандай 5%-дық өту көрсеткіші бар.

– Дауыс беруге қатысатын сайлаушылар санының төменгі шегі 90-жылдарға дейінгі заңда белгіленген сияқты еді…

– Иә, 1999 жылға дейінгі заңның 9-бабында сайлау өтті деп есептелінуі үшін сайлаушылардың 50%-ы сайлауға қатысуы керек деген тармақша болған. Бірақ кейінгі толықтырулар кезінде бұл талап заңнан түсіп қалды.

– Билік «түсіріп тастады» деген дұрыс болар?

– Әлбетте! Сайлау – халықтың билікке өз өкілдерін тағайындау құралы. Қазақстанда басқару өкілеттілігі заңды болу үшін, халықтың басым көпшілігі депутат пен президентті өз еркімен таңдауы керек. Ал сайлауға халықтың аз келуі – халықтың сол басқару билігіне деген сенімсіздігін білдіреді. Егер халықтың көпшілігі сайлауға келмесе, ешкімге дауыс бермесе, сайлауға қатысқан 15–20% сайлаушының ғана таңдауы негізінде жеңген өкілдерді қаншалықты легитимді деп айтуға болады?! Сондықтан біздегі заңда ешқандай төменгі шек болмаса да, жәшіктерге бұрқыратып бюллетень тастап, фальсификацияларға барып, құжат жүзінде сайлаушылардың қатысу мөлшерін барынша жоғары етіп көрсетуге тырысады. Халық сайлауға неғұрлым көп қатысса, билік өкілінің легитимдік күші соғұрлым жоғары болады.

Бүгінгі біздің шындықта, егер осы төменгі шек болса, өкінішке орай, бізде бірде-бір сайлау бір демде өтті деп есептелінбейтін еді. Міндетті түрде екінші тур болар еді. Бұл – бір.

Екіншіден, бүгінгі биліктің легитимділігі қоғам үшін үлкен сұрақ болатын еді. Мұндай проблема мен шығыннан құтылудың жолы – бұл шекті алып тастау болып отыр.

– Ал «төменгі шектің» жағдайы әлемдік практикада қандай?

– Жалпы, әлем елдерінде төменгі шек туралы әртүрлі практика бар. Көптеген елдерде бүкілхалықтық референдум мен президенттік сайлауда сайлаушылар санының төменгі шегі белгіленген. Ал парламенттік және жергілікті сайлаулардан төменгі шек алынып тасталған. Мысалы, парламенттік сайлауларда Ұлыбритания, Канада, Испания, АҚШ сияқты елдерде төменгі шек мүлдем жоқ болса, Австрия, Бельгия, Греция, Түркия және Латын Америкасының кей елдерінде халықтың сайлауға қатысуы міндеттелген. Бізде сайлауға қатысуды міндеттемесе де, сайлаушылардың төменгі шегін тым болмаса президенттік сайлауға белгілеу керек деп ойлаймын. Сайлауға қатысу – бұл халықтың да, биліктің де жауапкершілігі мен саяси мәдениетінің деңгейін көрсетеді деп білемін.

Екінші айтар уәжім – дауыс беру бюллетеніне «Барлығына қарсымын» деген тармағының қосылуына қатысты. Бұл да көзалдау. Егер «Барлығына қарсымын» тармағы дауыстарды санау қорытындысында ешқандай рөл атқармайтын болса, оның дәрежесі бүлінген бюллетеньдермен тең болса, ондай тармақты әлдеқандай етіп қосудың не қажеті бар?! Осы тармаққа сәйкес, заң талабында «Егер сайлаушылардың 51 пайызы «Барлығына қарсымын» тармағын таңдаған жағдайда, сайлау өтпеді деп саналады» деген сияқты бап болса – ия, онда оны өзгеріс деп айтуға болатын еді.

Ең бастысы – бұл тармақтың бүлдірілген бюллетеньдерден еш айырмашылығы жоқ. Аталған тармақ сайлау қорытындысын шығаруда (есептеуде) ешқандай рөл ойнамаса, оны бюллетеньге енгізудің қажеттілігі қанша? Бұл «өзгеріс» дәл қазіргі формасында – сайлау учаскесіне сайлаушыларды тартудың маркетингтік қадамы сияқты ғана көрінеді. Менің ойымша, сайлау нәтижесіне еш әсер етпейтін тармақты қосқаннан, қоспағандары дұрыс болатын еді.

Ал дәл қазіргі жағдайда бұл көзбояушылық – сайлауға келмейтін халықты «Барлығына қарсымын» тармағы бар деп, учаскеге алдап келтіру арқылы «явканы» көтерудің бір қулығы сияқты. Себебі биылғы парламенттік сайлауда өз көзімізбен көргендей, 2000–3000 сайлаушысы бар учаскелерде жарты сағатта бір ғана сайлаушыдан келіп отырған жәйттер көп болды.

– Бұл Тоқаевтан емес, халықты ойыншық қылған айлакер Назарбаевтың тарапынан шыққан кәнігі қулық болды…

– Кімнен шықса да, бұл – сайлаушыны алдарқатудың кезекті амалы болды деп ойлаймын. Халықтың ерік-жігерімен бұлай ойнау – түбінде екеуін де оңдырмайтын теңселістерге тап қылуы әбден мүмкін.

Енді аудандық маңызы бар қала, ауыл, ауылдық округ әкімдерінің сайлауына келетін болсақ, мұнда да көзбояушылық «тұнып тұр». Себебі ауыл әкімінің сайлауына түсу үшін, сол позицияның біліктілік талаптарына сай болуың керек екен: яғни, мемлекеттік қызметте кемінде 1 жыл немесе үкіметтік емес ұйымда (ҮЕҰ) 2 жыл жетекші болуың керек. Ал ауылдық жерде әкімнен басқа кімнің мемлекеттік қызмет өтілі болуы мүмкін?

– Ол аз десеңіз, мысалы, Тарбағатай тауының бір қойнауындағы ауылда ҮЕҰ бар дегенге кімді сендіре аламыз?

– Мұндай қияңқы талапқа сай үміткер адамның саны шектеулі екенін білеміз. Онымен қоса, өзін-өзі ұсынғандар мен партия өкілдерінің, аудан әкімінің ұсынысымен түскен кандидаттардың арасында да алалау бар. Сонда бұл тағы да таңдауы жоқ сайлау болады.

Жақсы, заң талабына сай үміткер табылды делік, алайда ол – сайланған ауыл әкімі тағайындалған аудан әкіміне тікелей бағынады. Аудан әкімі оны қызметінен босата алады. Яғни, биліктің көңілінен шықпаған ауыл әкімін ауданның қожайыны кез келген уақытта сайланған қызметінен қууы мүмкін. Бұл да заңдағы нонсенстік коллизия деп білем.

Одан кейін бұл позициядағы әкімдерді сайлау қоғамға қатты бір өзгеріс бере қоймайды. Ауыл әкімдерінің қолында билік те, бюджет те жоқ қой! Тоқал ешкі сияқты бір дүбәрә!

Ал осы ауылдық әкімдермен қоса, аудан, облыс, республикалық маңызы бар қалалардың да әкімдерін сайлайтын болсақ – міне, бұл шынайы реформа болар еді. Жалпы айтқанда, әділетсіз заңмен әділетті сайлау өткізуге болады дегенге үлкен күмәнім бар.

– Айтпақшы, бұл өзерістер мен толықтырулар азаматтық қоғамның қатысуымен талқылаудан өтті ме? Оған кімдер қатысты, хабарыңыз бар ма?

– Бұл заң жобасын Экономика министрлігі дайындаған екен. Менің ойымша, өте қызық жағдай – бұл министрліктің демократиялық үдерістерге қандай қатысы болуы мүмкін? Ия, сайлау – бюджеттен қаржыландырылатын процесс. Алайда бірінші кезекте – бұл саяси, қоғамдық процесс емес пе? Мұны тым болмаса Ақпарат министрлігі немесе Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) дайындап, біз сияқты қоғамдық ұйымдарды заң жобасын талқылауға қатыстыруы керек еді. Сайлау процестеріне тікелей қатысымыз бар, «Тәуелсіз бақылаушылар қауымдастығы» деген атымыз және бар, ал бізді бұл жобаны талқылауға мүлдем қатыстырмады. «Парламентаризм мектебі» деген әлдебір құрылым онлайн жиындар өткізіп, сырттай талқылаған болатын. Алайда, шамасы, оған қатысқан азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстарына билік құлақ аспаған болар.

– Алдағы тамыз айында ауылдық округтер әкімдерінің сайлау науқаны басталмақ. Жаңартылған заңнама талаптары бұл орайда үміткерлер мен сайлаушыларға қандай мүмкіндіктер бере алады?

– Сайлаушылар үшін ауыл әкімдерін тікелей сайлау мүмкіндігі туады. Ал әкімдік лауазымға кандидаттар үшін ешқандай жаңа мүмкіндік жоқ. Біздегі «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда белгіленген «Б» корпусының мемлекеттік-әкімшілік лауазымдарына үлгілік біліктілік талаптарына сәйкес, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері мемлекеттік қызметте бір жылдан, мемлекеттік орган болып табылмайтын мекемелердегі басшылық лауазымдарда екі жылдан кем емес еңбек өтілі немесе ғылыми дәрежесі болуы керек. Қалаға үдере көшіп жатқан ауылда қандай ғылыми дәреже болуы мүмкін? Күлкілі жағдай!

Осындай талаптардан кейін-ақ көптеген кандидаттар үшін ешқандай үміттің жоқтығы анық. Неге осы талаптарды өзгертпеске?! Ауыл әкімі болу үшін, неге міндетті түрде мемлекеттік қызметкер болуы керек? Мысалы, сол ауылда туып-өскен, 10, 20, 30 жылдап шаруа қожалығын сәтті басқарған білікті азаматтың, тәжірибелі жеке кәсіпкердің бір жылдық тәжірибесі бар мемлекеттік қызметкерден қай жері кем?! Аудан, аудандық маңызы бар қала үшін болмаса да, ауыл, ауылдық округ әкімдері үшін бөлек талаптар жасауға болатын еді. Бұл өзгерісті де көзбояушылық десе болады.

– Ал «асатпай жатып, құлдық жоқ» дегендей, аудандар мен қала әкімдерінің сайлауын ауылдық округтермен қатарлас өткізу қоғам үшін ұтымды болар ма еді?

– Өте ұтымды болар еді, әрине. Өкінішке орай, қазір бізде аудан әкімдерін сайлау туралы мүлдем мәселе көтеріліп отырған жоқ. Аудан әкімдерін сол бұрынғыша, облыс әкімдері тағайындайды. Президент аудан әкімдерін сайлауды 2024 жылдан бастауды ұсынып отыр. Яғни, алдағы уақытта бұл заңға тағы да өзгерістер мен толықтырулар енгізілетіні сөзсіз.

– Әрине, қоғамның талабына билік жауап табады: республикалық маңызы бар қалалар (Алматы, Шымкент және астана) әкімдерінің сайлауын кейін және бөлек өткізу керек дейді. Бұған қарсы қандай уәжіңіз бар?

– Биылғы тамыз айында басталатын ауыл әкімдерінің сайлауы – биліктің айтуы бойынша, пилоттық жоба ретінде өткелі отыр. Ал 2024 жылы өтеді деген аудан әкімдерінің сайлауына дейін билік «бұл пилоттық жоба сынақтан өтпеді, халық бұған дайын емес екен» дегендей, тағы бір сасық қулық табуы әбден мүмкін.

– Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда Орталық сайлау комиссиясы турасында және учаскелік комиссияларды құру тәртібіне тәуелсіз бақылаушылар қауымдастығы қандай қарсы пікір айта алады?

– Сайлау туралы заңда сайлау комиссияларын мәслихат депутаттары сайлайды. Сайлау комиссияларының өкілеттілігі бес жыл. Биыл комиссия мүшелерінің өкілеттіліктері аяқталуы керек. Біз қоғамдық ұйым ретінде сайлау комиссиясына өз кандидаттарымызды ұсына аламыз. Былтыр да бос орындарға үміткерлерімізді ұсынған едік. Алайда біздің үміткерлер мәслихат депутаттарынан өтпеді. Себебі комиссияда отырған азаматтардың басым көпшілігі айтқанға көніп, айдағанмен жүретін, сайлаудан-сайлауға комиссия мүшесі болып жүрген бюджет қызметкерлері екені белгілі. Ал заң бойынша кез келген қоғамдық ұйым сайлау комиссиясына өз үміткерлерін ұсына алады.

– Ал енді, Арай бике, Тоқаев мырза кеше ғана қол қойып, бұл заң күшіне еніп кетті. Енді не істемек керек?

– Пәлі, біздің билік үшін заңға өзгеріс енгізу – шырт түкіргеннен де оңай іс! Егер қоғам осы қабылданып қойған заңға қарсы жаппай наразылыққа көтерілсе, заңға өзгеріс енгізу – билік үшін бес секунд! Біздің елде заңға өзгеріс енгізу қиын емес қой, тіпті Конституциямыздың өзі қаншама мәрте өзгертіліп, бастапқы мәтінінен алыстап кеткен жоқ па?!

Ал биылға 800-ге жуық ауыл, ауылдық округ әкімдерінің сайлауы осы заң негізінде өтері сөзсіз. Алайда қоғам өз пікірін айтуды тоқтатпауы керек. Себебі бұл заң әлі де толықтырулар мен өзгерістерді талап ететіні сөзсіз. Күзде болатын ауыл әкімдерінің сайлауы да біраз мәселелерді тудырады деп ойлаймын.

– Сонымен, осы сұхбаттың тоқетерінде сайлау мәселесімен тікелей айналысып жүрген саясаткер-маман ретінде сайлаушы халыққа не айтар едіңіз?

– Сайлау – ел ішіндегі ең маңызды саяси процесс. Демократия сайлаудан басталады. Сондықтан да Сайлау туралы заң мен Партиялар туралы заң ең маңызды, сол себепті де қоғам бұл заңдарды өзгертуді талмай талап етуі керек.

Біздің елде халықтың көңілі сайлаудан әбден қалған, сенім мүлдем жоқ. «Сайлау» атты үлкен саяси доданың мәні жойылды. Сондықтан бізге өзгеріс қажет болса, қоғам сайлауға белсене араласса екен деп сұраймын.

– Сұхбатыңызға рақмет, Арайлым ханым! Орысшалап айтқанда, бүгінше «безнадежный» талпынысыңызға болашақта жеңіс тілейміз!

kznews.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.