Қордайдағы игі бастама

0 529

Жуырда Мемлекет басшысының бастамасымен ауылдарды газдандыру жобасы қолға алынып, талай жылдан бері көгілдір отын мәселесін көтерген аудан тұрғындарының арманы орындалды. Айта кетсек, аталмыш мәселе ауылдық жиындарда, түрлі кездесулерде күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі еді. Алайда, шалғай ауылдағы ағайынға көгілдір отынның кезегі жетпей, қомақты қаражат пен демеушілік көрсететін компаниялар табылмай, бар үміт мемлекетке артылған болатын. Енді, міне Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен магистральды газ құбырының құрылысына қаражат бөлініп, ауқымды жұмыстар басталып кеткен.

Жалпы, аудандағы 41 елді мекеннің 12-і көгілдір отынмен қамтылса, қалған 29-ы өз кезегін күтуде. Бүгінде облыс және аудан басшылығының жүйелі жұмысының арқасында мердігер компаниялар анықталып, магистральды газ құбырын жүргізу жұмыстары қарқын алып, аяқталуға аз қалған. Қордай ауданы әкімдігі ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің мәліметіне сүйенсек қазіргі таңда 7 ауыл бойынша (Қарасу, Өтеген, Масанчи, Қаракемер, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты) жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, қажетті қаражат бөлініп, жұмыс жүргізілуде.
Мәселен, Қаракемер ауылдық округінде газ желісінің құрылысын қолға алған «Жолғай» ЖШС ұзындығы 8 шақырымдық ауылішілік газ құбырын тартып үлгерген. Ауыл тұрғындарымен келісімшарт жасау жұмыстары жүргізіліп, әзірше мердігер мен ауыл тұрғындары арасында жасалған 200 келісімшартқа қол қойылған. Қазіргі таңда А.Құнанбаев, Д.Қонаев көшелерінде газ құбырын тарту жұмыстары толығымен аяқталып, О.Төстікбаев көшесіндегі жұмыстар соңына таяған. Бұл іске 16 адам тартылыпты. Ауыл тұрғындары газ қазандықтарын алып, газға қосылуына болады. Ауылға газ тармағын тарту жұмыстары қарқын алған. Ал, Керу ауылы жоспар бойынша келесі жылы газдандырылмақ.
Сондай-ақ, газдандыру жұмыстары Ауқатты ауылдық округінде қарқын алған. Округ әкімі Бірлік Манкеевтің айтуынша, бүгінгі күні ауылішілік газ құбырларын тарту жұмыстарымен «Қазақ СМР» ЖШС айналысуда. Белгіленген мерзімде жұмысты толығымен аяқтауды уәде еткен мердігер Жас қанат, Қызыл қия, М.Әуезов көшелерінің бойымен 2,5 шақырымдық құбырды тартып үлгерген. Жұмысты 16 адам атқаруда. Ал, округке қарасты Қызылсай ауылында жеткізуші құбырды тарту жұмысы жүргізілуде. Магистральды құбырдан ауылға дейінгі арақашықтық әжептәуір болғанымен «Жолғай» ЖШС құбырды ауылға тарту жұмыстарын жақын арада аяқтап, ауылішілік құбырларды тарту жұмыстарын бастамақ. Округ әкімінің айтуынша, жұмыс жоспарға сай жүруде.
«Ауылды газдандыру – ауыл үшін елеулі оқиға. Біз өмір бойы көмір жағып, күл шығарып, шаң-тозаңнан арылмайтынбыз. Енді пешті қоса салсаң жылу келеді. Біздің қамымызды ойлаған Үкіметке алғысымыз шексіз. Сонымен бірге күннің ыстығына қарамай, бар күшін салып жұмыс істеп жатқан жұмысшыларға да көп рақмет», — дейді ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ерғазы Босшаев.
Ал, Масанчи ауылдық округінде қазіргі таңда магистральдық құбыр жүргізіліп, жұмыстың екінші кезеңі – ауылішілік құбырларды тарту жұмыстары басталып, округ бойынша тұрғындармен келісімшарт жасалуда. Округ әкімі Рамазан Малеевтің айтуынша, бүгінгі күнге Күнбатыс-1 ауылында 17, Күнбатыс-2 ауылында — 62, Масанчи ауылында – 40 келісімшарт жасалған. Жоспар бойынша құбырларды тарту жұмыстары орталық Мәңгілік ел көшесінен басталмақ.
«Қазір алқаптарда жиын-терін жұмыстары жүруде. Егін жинау науқаны аяқтала салысымен ауыл тұрғындары жаппай келісімшарт жасауға барады. Ауыл тұрғындары газ құбырлары үйіне жақындағанда келісімшарт сомасын түгел төлеуге дайын екендерін жеткізді. Сондықтан, газдандыру жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталады деген сенімдемін», — дейді Рамазан Малеев.
Көршілес Сортөбе ауылдық округінде Алтын орда және Ноғайбай көшелерінде газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге 6 шақырым газ құбыры тартылған. Мердігер «Казглавк инвест» ЖШС жұмысқа 40 адамды тартып, 3 ШРП орнатылған. Бұлар батыр ауылында жұмыс жақын арада басталады.
Дәл осындай жұмыстар Қарасу ауылдық округінде де қарқын алған. Округ әкімі Рая Тұрғанованың айтуынша, қазіргі таңда Қарасу ауылының Майбұлақ, Кемер, Бастау көшелерінде газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Жұмысты 10 адам атқарады. Әзірше мердігер «Фирма СКМ Строй» ЖШС ауыл тұрғындарымен 50 келісімшарт жасаған.
«Табиғи газ келетініне өте қуаныштымыз. Күн сайын жұмысты өз көзімізбен көріп, үйге газ кіретін сәтті асыға күтеміз. Бізге қамқорлық танытқан Мемлекет басшысына рақмет», — дейді ауыл тұрғыны Елена Шорникова.
Бүгінгі күнге әр үйге газ қосу құны 350 мың теңге көлемінде белгіленіп, 100 000 теңгені бірден төлеп, қалған соманы айына 25 000 теңгеден бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Ал егер шығын мәселесіне келер болсақ нәтиже келесідей. Мысалы, көмірді үнемдеп жаққан жағдайда жалпы аумағы 150 шаршы метр үйді жылыту үшін 1 жылға 5 тонна көмір қажет. Былтыр 1 тонна көмірдің бағасы 20 000 теңге болған (орташа есеппен). Яғни, жылыту маусымына 100 000 теңге шығын шығады. Өңірге байланысты табиғи газдың бір текше метрі 22-25 теңге. 1 айда табиғи газдың 600 текше метрі жұмсалса (150 шаршы метр үй) төлемақасы 10-15 мың теңгені құрайды. Яғни, 4 айға созылатын жылыту маусымына 40-60 мың теңге жұмсалады. Бұл шығынға тұрмыстық қажеттілікке арналған баллондағы сұйылтылған газдың құнын, тамызыққа қажет отынды қоссаңыз қомақты қаражат кетіп қалатыны айтпаса да белгілі. Ал, табиғи газ қосылған жағдайда баллондағы сұйылтылған газ да, отын да керек жоқ. Оның үстіне газ таза және пайдалануға ыңғайлы. Бұл есеп дәл болмаса да табиғи газды пайдалану әлдеқайда қолайлы екені анық. Қосылуға кететін шығын қомақты болғанымен газды пайдалану үнемді, демек қай жағынан алып қарасаңыз да отынның экологиялық түріне ауысудың пайдасы мол.

Серғазы Манасбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.