Қордайлықтар қамбаны астыққа толтыруда
Қордай ауданында егін алқаптарындағы қарбалас тіршілік соңына таяған. Шаруалардың бірі мал азығын жиса, ендібірі егін орып, қамбаларға дән құюда. Қысқасы, биылға жоспарланған 63513 гектар масақты дақылды ору жұмыстары бірер күнде өз мәресіне жетпек.
Жалпы, үстіміздегі жылы ауданымызда 23 мың гектар күздік бидай, 40 мың гектар жаздық арпа ораққа түскен. Қазіргі таңда «Қақпатас-Қордай» ЖШС, «Благовещенка» ЖШС, «Сарыбұлақ» ЖШС, «Нұр Ал» ЖШС, «Ноғайбай КазЭксим» ЖШС, «KGK Ltd» ЖШС, «Шэнси» ЖШС, «Афион» ЖШС сынды үлкенді-кішілі агроқұрылымдар егін орағын аяқтап, бас-аяғы 56652 гектар алқап орылған. Ендігі ретте орақ жұмыстары таулы аймақтарда жүргізілуде.
Айта кетсек, биылғы орақ жұмыстарына 88 астық комбайны, 368 автокөлік және 582 трактор тіркемелері тартылған. Сондай-ақ, астық қабылдауға 21 қырман, 29 автокөлік таразылары және 15 дана тұқым тазалағыш қондырғылары дайындалған. Бүгінгі күнге масақты дақылдардың орташа өнімділігі гектарынан 24 центнерді құрап, 152 мың тоннадан астам астық бастырылды.
Мұнымен қатар, аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінен алынған мәліметке сай, үстіміздегі жылдың 1 тамызына 47 мың гектардан астам шабындық жер шабылып, 278834 тонна шөп, 15400 тонна пішендеме, 17922 тонна сабан дайындалыпты.