«Құтқар, құтқар деп айқайлаған»: Қызылордада 8 жастағы бала суға батып кетті
Қызылордада 8 жастағы бала суға кетті. Ол канал үстіне салынған көпірден өтіп бара жатып, құлаған. Алайда баланың денесі табылмаған. Су шаруашылығының мамандары бұл өткел жаяу жүргіншілерге арналмаған дейді.
Ернар күні кеше екінші сыныпты тәмамдаған. Үйіне бара жатқанда суға түсіп кеткен. Әбден тозығы жеткен көпірдің ортасы тесік болған, сол жерге құлаған балақай қайта шыға алмаған. Байқадам су торабының арғы бетінде он шақты үй бар. Олар ертеректе су шаруашылығы мамандарына қызметтік баспана ретінде берілген. Тұрғындар ауыз суды каналдың келесі бетінен тасып ішетіндіктерін айтады. Осы жалғызаяқ көпірмен төтелеп қатынайтын көрінеді. Бірақ мамандар бұл өткел жаяу жүргіншілердің жүруіне тыйым салынған дейді.
Марқұм баланың қасында болған әйелдің анасы оқиғаны суреттеп берді.
«Бала өтіп келе жатып қызымның 5 литрлік канистрі суға түсіп кетіпті. «»Алып берейін бе, тәте» деп ұстамақшы болыпты. «Жібер» дегенше болмады, суға кетіп қалыпты. Құтқар, құтқар деп айқайлапты. Қызым ауырып, түні бойы ұйықтай алмай шықты», — дейді ол.
Жорабек Нұрымбетов, «Қызылордасушар» Өндірістік учаскесінің бастығы іздестіру жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын айтады.
«Ол жолаушы өтетін көпір емес, су өлшегіш мостик, көпірше. Гидромостиктің кейбір жерлері сварка болған соң кетуі мүмкін. Оған ағымдағы жөндеу жасауымыз мүмкін. Бірақ оны жан-жағын қоршап қоюға құқығымыз да жоқ, қоршай да алмаймыз. Ал бірақ негізі суды өлшеп тұруға салынған құрылғы. Қазір 8 жастағы балақайды іздестіру жұмыстары қарқынды жүргізуде. Еріктілер жағалауларды қайта-қайта шолып шықса, құтқарушылар күндіз-түні суды сүзіп жатыр. Әзірге нәтиже болмай тұр.
Қызылорда облыстық ТЖД және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің бастығы Нұрсұлтан Ибрагимов іздестіру 5 бағытта жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Таңғы сағат 5:40-тан бастап іздестіру жұмыстары қайта жалғасты. Қызылорда облыстық ТЖД-нен 67 қызметкер 7 бірлік техника, 3 маторлы қайық, екі кинологиялық қызмет, үш бірлік сүңгуірлер жұмылдырылуда. Іздестіру 5 бағытта жүргізіліп жатыр», — Қызылорда облыстық ТЖД және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің бастығы Нұрсұлтан Ибрагимов.
Мамандар биыл балалардың суға кету жағдайының көп екенін айтып, дабыл қағуда. Жыл басынан бері 13 адам суға кетсе, оның 8-і бала.