Ақтөбеде кінәсіз келіншек көз жұмды
Ақтөбе облысының орталығында мешітке қарсы жол бойында жол-көлік оқиғасы болып, бір адам көз жұмды деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталының тілшісі.
«Shacman» маркалы жүк көлігінің жүргізушісі Әбілқайыр хан даңғылымен «Нұр-Ғасыр» мешітіне қарама-қарсы жүріп, қиылыстан солға бұрылған кезде қарсы келген көлікке жол бермей, «BMW» маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Соқтығысудан жүк көлігі қозғалыс бағытын өзгертіп, жаяу жүргіншілер жолымен жүріп келе жатқан Батыс Қазақстан облысының 32 жастағы тұрғынын қағып кетті.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмды, ал «BMW» автокөлігінің жүргізушісі Ақтөбе қаласының жедел медициналық жәрдем ауруханасына жатқызылды.
«Өкінішке қарай, аталған жол-көлік оқиғасының салдарынан өз жөнімен жаяу жүргіншілер жолымен кетіп бара жатқан кінәсіз әйел көз жұмды. Қазір бұл оқиға бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Біз барлық азаматтардан жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеміз. Сіздің ойланбай жасаған әрекеттеріңізден кінәсіз адамдар зардап шегуі мүмкін», — деді облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов.