Құландық жастардың бес бастамасы көпшілік көңілінен шығуда

0 303

Елімізде жастарға жағдай жасау мақсатында көп жұмыс атқарылуда. Мемлекеттік бағдарламалардың, жарқын жобалардың шарапатын жастар да сезініп, ілкімді істердің ұйытқысы болып жүргені қуантады. Жастарды жан-жақты қолдауға бағытталған нәтижелі жұмыстар аудандарда да өз деңгейінде жүргізілуде. Сөзіміздің айқын дәлелі – Т.Рысқұлов ауданында жастарға арналған 5 бастаманың жүзеге асырылуы.

Жастарға жігер сыйлап, ерекше қолдауға ие болған 5 бастаманың бірі – жастар арасындағы жұмыссыздықты жою. Осы мақсатта бүгінге дейін аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 6 мүмкіндігі шектеулі жас жұмысқа орналасыпты. Пробация қызметінің есебінде тұрған 1 жас Луговой ауылдық округі әкімдігінің аппаратында жұмыс істеуде. Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 442 жас тартылған.
Келесі бағыт – жастарды кәсіпкерлікке тарту. Т.Рысқұлов ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда өңірде 365 жас кәсіпкер ретінде тіркеліпті.
2020 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында «Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 14 жас микрокредит алыпты. Аудан жастарына, инновациялық жобаларды және аталған бағдарламаның екінші бағытын түсіндіру мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандарын тарта отырып, Қарақыстақ, Луговой, Көкдөнен ауылдық округтерінде семинар-тренингтер өткізілген. Аудан жастарын ақпараттандыру мақсатында кәсіпкерлік саласына қатысты мемлекеттік бағдарламалар туралы жадынамалар таратылған. Нәтижесінде тың идеясы бар жастар қайтарымсыз грант пен жеңілдетілген несие алып, өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
Ал Т.Рысқұлов аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Сәрсеханұлы өскелең ұрпақты мәдени-көпшілік іс-шараларға тарту, шығармашылық қолдау мақсатында караоке орталығы ашылып, бірнеше өнер түрінен клубтартың жұмысы жандандырылғанын айтты.
– Өткен Наурыз мейрамында аудан орталығы Құлан ауылындағы «Сұлутөр» кинотеатрының ішінен алғашқы караоке орталығы ашылып, жастармен іс-шарамызды өткіздік. Алдағы уақытта екінші караоке орталығы тағы бір үлкен ауылдардың бірінен ашылады.
Ауылдық округтерде «Ауыл көркемөнерпаздарының әуесқой клубы» ұйымдастырылуда. Тереңөзек ауылдық клубында «Қазақтың елу әні» атты байқауы және ауылдық клуб жанынан құрылған «Ел іші – өнер кеніші» атты вокалды-аспапты ансамбль, домбыра, фольклорлық ансамбль, хор, трио, би үйірмелері аудан тұрғындары мен жастарына концерттік бағдарлама ұсынды.
Аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары «Ән жұлдызы– Шәмші аға» атты концерттік бағдарлама әзірлеп, елді мекендерді аралап қайтты. Сонымен қатар «Жамбыл – менің жай атым, халық– менің шын атым» атты ақындар айтысы, жергілікті ақын, сазгер Назипа Құлбаеваны «Әнім елге жетсе екен!» атты еске алу кеші, «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблінің «Келді көктем» атты есепті концерті, «Жаңарған Жамбылым» эстрадалық әншілер конкурсы, «Би құдіреті» атты аудандық би байқауы өз деңгейінде өтті. Сондай-ақ «Қолөнершілердің әуесқой клубы», «Драма» үйірмесі, «Қылқалам шеберлерінің клубы» мен «Ұлы дала күмбірі» атты домбырашылар үйірмесін ұйымдастыруды да қолға алдық,–дейді Айбек Сәрсеханұлы.
Баянды 5 бастаманың тағы бірі – «Туған жердің тарихы – тұнған шежіре!» тарихи-танымдық экспедициясы аясында экотуризм ұйымдастырыла бастаған.
Аудан жастарынан құралған экспедиция мүшелері Өрнек ауылының таулы аймағында орналасқан «Дегерес» шыңын бағындыру марафонын өткізіпті. Аталған экспедиция аясында топ мүшелері аудандық музей қызметкерлерімен бірлесе отырып, «Дулат баба» кесенесіне және Каменка ауылында орналасқан 1880 жылы салынған ғимаратқа барып, тарихымен танысыпты. Мұндай экспедиция ауданда карантин режимі аяқталғаннан кейін жалғасын табады деп жоспарлануда.
Әрине, бастамалар қатарынан жастардың салауатты өмір салтын сақтап, денсаулықты нығайту шаралары да тыс қалмаған.
– Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру, бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудан бойынша 164 спорттық нысан, 4 ауылдық округте аула клубы жұмыс істейді. Аула клубтарында еркін күрес, асық ату, тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс жасайды. Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында «Спорт– денсаулық кепілі», «Жастар таңдауы– спорт», «Біз салауатты өмір салты үшін» тақырыптарында 17-ге жуық спорттық іс-шара өтті, – дейді Айбек Сәрсеханұлы.
Келешектің кемелдігін көздеген келелі бастама өткен жылдан басталып, бүгінге дейін бірқатар нәтижелі жұмыспен жүзеге асыпты. Енді мұнымен шектеліп қалмай, аудан жастары мемлекет тарапынан жасалатын мүмкіндіктерді пайдаланып, сапалы білім алуға, бойда бар қабілеттерін дамытып, өз кәсіптерін ашуға бет бұруда. «Талпынған жетер мұратқа» демекші, ізгі мұратты көздеген жас өрендердің талабына нұр жаусын!

Қамар ҚАРАСАЕВА,

Т.Рысқұлов ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.