ЖУАЛЫЛЫҚТАР БАЛЫҚ ӨСІРУДІҢ БАБЫН БІЛЕДІ
ҚАзақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін жеті ірі экожүйе қалыптастыруға болатынын айта келе, алдағы кезеңде балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн екенін атап көрсеткені мәлім.
Жуалы ауданы бағзы заманнан елі мен жері егін салып, мал өсіруге қолайлы аймақ болып есептеледі. Құйқасын тартсаң, майы шығатын берекелі өңірдің өзен-көлдері мен тоғандарында балық жерсінбеген деп аузымызды құр шөппен сүрте алмаймыз. Тым алысқа бармай-ақ, кешегі кеңес заманында аудан аумағындаы Билікөл су айдыны балығының молдығымен аты шыққан аймақ болғаны белгілі.
Өңірде балық өсіріп, оны аулап, кәсібін жолға қойып отырған шаруашылықтар көптеп саналады. Мемлекеттен тиісті көмек-қолдау болса, қазір де шаруасын одан әрі дамытқысы келетіндер баршылық.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне қарағанда, бүгінгі таңда ауданда балық өсірумен шұғылданатын тоғыз шаруашылық тіркелген. Нұрлыкент ауылдық округінің Нұрлыкент ауылындағы аудандық мәслихат депутаты Айбек Елекбаев басқаратын «Боранды» шаруа қожалығын аудандағы ең ірі балық өсірушінің санатына жатқызуға болады. Оның ілкімді ісі шын мәнінде кісі қызығарлықтай.
Шаруашылық 2019 жылдың күзінде Жамбыл ауданында орналасқан «Сандель» ЖШС-нен 45 мың тұқы шабағын сатып алып, иелігіндегі «Теріс-Ащыбұлақ» су айдынына жіберген. Сол тұста осы су айдынындағы балық аулаудың жылдық шектеуі үш тонна болса, өткен жылғы ихтиологиялық-биологиялық зерттеулер нәтижесінде шектеу 28 тоннаға дейін көтерілген. Су айдынынан ауланған балықтар Б. Момышұлы ауылының орталық базарына өткеріледі.
Жетітөбе ауылдық округінің Кәріқорған ауылына қарасты «Қамбар» шаруа қожалығының жетекшісі Гүлмира Наушабаева иелігіндегі «Қоңыртөбе-1» және «Қоңыртөбе-2» су айдындарында балықты көбейту мақсатында 20 мың шабақ жіберген. Алдағы уақытта карантиндік шектеулер аяқталғаннан кейін тағы да осынша шабақ жіберуді жоспарлауда.
Ақсай ауылдық округінің Диқан ауылына қарасты «Ж.Жұрғараева» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Жанат Жұрғараева 2019-2020 жылдың күзінде екі жыл қатар Жамбыл ауданында орналасқан «Сандель» ЖШС-нан 3 мың тұқы шабағын сатып алып, өз иелігіндегі «Диқан» су айдынына жіберген. 2019 жылы аталған су айдынындағы балық аулаудың жылдық шектеуі 60 келі болса, 2020 жылы да шектеу көлемі өзгеріссіз қалдырылды. Алайда, су айдыны бұлақ көздерінен толып, суы салқын болуы себебінен жіберілген шабақтар кішкентай болып, былтыр және биыл да балық аулау көзделіп отырған жоқ. «Таза ауа» акциясы аясында биыл көктемде сенбілік жасалып, су айдыны айналасында күл қоқыстан тазалау және талдар егу жұмыстары жүргізілген.
Шақпақ ауылдық округі Шақпақата ауылына қарасты «Ерсұл» шаруа қожалығының жетекшісі Гүлжан Сабиева иелігіндегі «Төрт ауыл» су айдынына 2019 жылдың күзінде Жамбыл ауданында орналасқан «Сандель» ЖШС-нан 2,5 мың ақ амур малектарын сатып алып жіберген және 2020 жылы да 500 бас малек жіберілді. 2019 жылға бұл су айдынында балық аулаудың шектеуі 250 келі болса, 2020 жылға 250 келі аулауға шектеу қойылған. 2019 жылы су айдынынан балық ауланған жоқ, алайда 2020 жылы су айдынынан шектелген көлемде балық ауланып, аудан базарына өткізілді.
Шақпақата ауылындағы балық өсірумен шұғылданып жатқан тағы бір шаруашылық бар. Ол «Пірәлі» шаруа қожалығы. Жетекшісі Амангелді Пірәлі иелігіндегі «Шақпақ» су айдынына 2019 жылдың күзінде Жамбыл ауданында орналасқан «Сандель» ЖШС-нен тұқының 2 мың шабағын сатып алып жіберген. Өткен жылы да тағы осынша шабақ жіберілген. 2019 жылы бұл су айдынында балық аулаудың шектеуі 200 келі болса, былтыр 200 келі аулауға шектеу қойылған. 2019 жылы су айдынынан балық ауланған жоқ, алайда 2020 жылы су айдынынан шектелген көлемде балық аулап, аудан базарына өткізілді.
Ақсай ауылдық округі Қайрат ауылына қарасты «Қырғызбаев» шаруа қожалығының жетекшісі Ботабек Қырғызбаев Билікөл ауылдық округінің Қарабастау ауылы маңындағы «Ботақара» су айдынына 2017 жылдың күзінде Жамбыл ауданында орналасқан «Сандель» ЖШС-нен 6 мың сазан, карп және айна тұқы шабақтарын сатып алып жіберсе, 2018 жылы сол балықтардың тағы 1 мыңын жіберген. 2019 жылы және 2020 жылы су айдынына балық ауламай, тек басын көбейту үстінде. Былтырғы жылы «Ботақара» өзенінен үш шақырым арық қазылып, «Ботақара» су айдынының деңгейін 2 метр биіктікке көтерген. Бүгінгі күнге су айдынының айналасын күл-қоқыстардан тазалау жұмыстары қызу жүргізілуде.
Қарасаз ауылдық округіндегі «Бек» шаруа қожалығының жетекшісі Данияр Үсенбаев иелігіндегі «Қоралас» су тоғанына 2013 жылдан бері 200 мың шабақ жіберген, ақ амур мен дөңмаңдайдан 5000-нан, бекіреден 300, сазан, тұқыдан 150 мың шабақты Жамбыл ауданында орналасқан «Сандель» ЖШС-нан алынып, суға жіберсе, Күреңбел ауылдық округі Күреңбел ауылына қарасты «Даян» шаруа қожалығының басшысы Бек Бердалиев «Спорное-1» және «Спорное-2» су тоғандарынан 2019-2020 жылдары 1 тонна балық аулап, екі елді мекеннің тұрғындарына өткізілген.
Шаруашылық ағымдағы жылы балықты көбейту мақсатында дайындық жұмыстарын жүргізіп, айдынға 20 000 ақ амур шабағын жіберу жоспарлауда. Уылдырық шашуға байланысты шектеу аяқталғаннан кейін ауылдық округ тұрғындарына 2021 жылы көктем айында балық ауланып өткізу көзделуде. Жеке кәсіпкер Манас Нағашыбеков қарамағындағы су айдынында 2019 жылы балықты көбейту мақсатында сазаннан 1000, ақ амурдан 1000 шабақ, ал өткен жылы күзде тағы да 1000 ақ амур шабағын жіберген.
Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Руслан Айтбаев ауданда 34 кәсіпкердің балық өсіруге ниетті болып отырғанын жеткізді.
Осыларды ескере келе, Жуалы ауданының балық өсіруден де бағы жанатын күн алыс емес деп пайымдауға әбден болады.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»