«Таразға тарту» жобасы сәтті жүзеге асып келеді
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев кезекті рет Тараз қаласын жұмыс барысымен аралап, жол құрылыс және «Таразға тарту» жобасы аясында атқарылып жатқан абаттандыру жұмыстарымен танысты.
Аймақ басшысы алдымен шекара маңына қарай оңтүстік айналма автомобиль жолының құрылысын барлады. Жобаның бас мердігері – «Казахдорстрой» ЖШС. Бүгінде жұмыстың соңғы кезеңдері атқарылуда. Жалпы ұзындығы 16 шақырымнан асатын жолдың 14 шақырымнан асатын бөлігі толығымен салынып біткен. Серіктестік директорының орынбасары Майра Молдабаева қалған жұмыстар 1 айдың ішінде аяқталып, жолды маусым аяғында пайдалануға беретіндеріне сендірді.
Бердібек Сапарбаев құрылыстың сапалы әрі уақытылы орындалуы басты назарда болу керектігін баса айтты.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жүзеге асып жатқан «Таразға – тарту» жобасы аясында облыс орталығындағы саябақтар мен скверлер абаттандырылып, жаңғыртылуда. Ол жұмыстар бюджет қаражатынан тыс, демеушілер тарапынан жүзеге асуда десек, тиісті аумақтар бойынша бақылау салалық басқармалар мен аудан әкімдіктеріне жүктелген.
Айталық, қаладағы әл-Фараби көшесінің бойындағы №25,26, 27 көпқабатты тұрғын үйлердің артындағы скверді абаттандыруға еңбек инспекциясы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары жауапты. Аумақ толығымен тазалаудан өтіп, көгалдандырылуда. Сондай-ақ, өрнектастар төселініп, орындықтар орнатылып, балаларға арналған ойын және «Стрит Воркаут» спорттық алаңшалары салынбақ. Еңбек иснпекциясының басшысы Қайрат Досаев барлық жұмыстардың бір айда аяқталатына сендірді.
Осы секілді жұмыстар жер қатынастары басқармасы мен жер инспекциясына тиесілі аталған көшедегі №7 тұрғын үйдің маңындағы скверде де қызу атқарылуда. Мұнда 715 шаршы метрге өрнектастар төселініп, 3742,6 шаршы метр көгалдандырылуда. 24 түнгі жарық шамдары, 10 орындық орнатылмақ. Ағаштардың қураған бұтақтары бұталып, қоқыс жәшіктері қойылатын болады. Көгалды суарумен қамту үшін арнайы құдық та қазылған. Жуалы ауданы мен облыстық ішкі саясат, жастар саясаты мәселелері және дін істері басқармалары жауапты аумақтарда да жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Таразда «Қаламгерлер алеясын» салу бойынша жоспарлы жұмыстардың жобасымен танысып, оған қаланың орталық бөлігінен лайық орынды тауып, әзірлеу үшін қала әкімі Ержан Жылқыбаевқа нақты тапсырма жүктеді. Шығармашылық адамдарына арналған аллеяның атына заты сай болуын, мазмұны мен көркі де соған лайық болу керектігін баса айтты.
Сондай-ақ, аймақ басшысы танысқан келесі нысан – Шостакович көшесі бойындағы «Қарасу» каналы жағалауын абаттандыру нысаны болды. Ол жер «Денсаулық» паркі ретінде жасақталып, тұрғындар игілігіне берілетін болады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына тиесілі бұл аумақта атқарылып жатқан жұмыстардың көлемі ауқымды. Мұндағы маңызды нысандардың бірі – «Өз денсаулығың – өз қолыңда» стеласы. Басқарма басшысы Әсет Қалиевтың айтуынша, бойшаң стелада алақандағы жүрек бейнесі көрініс таппақ. Сонымен қатар, мұнда канал жағалауы толығымен қамыстан тазаланып, туя, қарағай көшеттері отырғызылуда. 724 шаршы метрге жол жабындысы төселіп, воркаут, тенис, баскетбол, футбол алаңшалары салынатын болады. Жарықтандыру шамдары, орындықтар және қоқыс жәшіктерімен қамтылады. Жалпы, «Денсаулық» паркі алдағы уақытта тараздықтарға, әсіресе, соған жақын маңдағы барлық жастағы тұрғындардың тынығуына арналған жайлы орындардың біріне айналады деп күтілуде.
Бердібек Сапарбаевтың қаладағы жұмыс сапары облыстық және қалалық маслихат депутаттарына тиесілі Абай даңғылының бойындағы «Қуаныш» тұрмыстық үйіне қарама-қарсы сквердің құрылысымен танысумен түйінделді.
Шаһар шырайын арттыру бағытындағы бұл жұмыстар –тұрғындар игілігіне негізделген. Осы орайда абаттандыруға жауапты басқармалар мен аудан басшылары тұрғындардан түсіністік танытып, айналаны таза ұстауға, барынша қолдау білдіруге шақырады.