Малдың жүнін бит, терісін ит жеп жатыр
Малшылар ауылындағы күйбең тірлік жыл он екі ай толастаған емес. Төрт түлікті қыстан аман-есен алып шыққан шаруалар малын төлдетіп болар-болмастан қой қырқу науқанына кірісетіні белгілі. Бүгінде облыста 3 миллион 446 мың уақ мал, 7 мың 495 түйе бар болса, соның барлығы қырықтыққа түсетіні анық. Қолда бар малының қоңды болуын ойлаған өңірдегі шаруа қожалық иелерінің алды қазір бағымындағы малын қырқуды біртіндеп бастап жатса, кейбірінің бұл іске әлі қолы бармай, ой үстінде жүр.
Бүгінде иен далада үйілген қой жүні жатса таңғалмау керек. Кейбір малды ауылдың маңын ала жүн басып жатуы да мүмкін. Тіпті жүн өртеп жатқан адамдарды кезіктірсеңіз де ғажап емес. Ашығын айтқанда, қазір малдың жүнін бит, терісін ит жеп жатыр. Бұл өңір шаруаларының жанайқайы. Осының барлығы да жүн мен терінің кәдеге аспауынан, облыстың жеңіл өнеркәсіп саласында мата, киім секілді тоқыма бұйымдары мен тон, тымақ, аяқкиім тектес былғарыдан жасалатын тауарлар шығарумен айналысатын, жүн-тері өңдейітн цех немесе фабриканың жоқтығынан болып отыр. Бұрын жүн мен теріні қытай, түрік елдері әкететіндіктен өткізген тері мен жүн үшін шаруалар қолына тиын-тебен болса да ұстайтын. Қазір шетелдіктер де, ешқандай мекеме жүн-жұрқаны керек етпегеннен кейін мал қырқу науқаны қазір шаруаларды құр шығынға батырып отыр. Соның салдарынан мал қырқу науқаны бұрынғыдай мереке емес, машақатқа айналды. Өйткені қырықтықшылар үшін әр қойға 300-350 теңгеден ақы төлеп, малын қырықтыратын шаруалар бұрқыраған жүнді қазір қайда жіберерін білмей бастары қатуда. Талас ауданының Ақкөл ауылдық округіне қарасты «Барлыбай» шаруа қожалығының иесі Рәт Баржықовпен тілдескенімізде шаруалардың басынан кешіп отырған осы жайттарды бүкпесіз баяндап берді.
Рәт Әскербекұлының иелігінде 200 түйе мен 500 уақ мал бар екен. Мал қырқу науқанын бастау үшін қазір қырықтықшы іздеп жатқан көрінеді. Соңғы жылдары аталған ауданда бір қойды қырықтыру құны 300 теңгеге, ал бір түйені жүндеу 1 500 теңгеге көтеріліпті.
– Биыл да осы бағаға қырықтырамын деп үміттеніп отырмын. Олардың да еңбегін бағалау керек, қол қайшымен мал қырқу да оңай емес. Қолының қары мен іске ебі бар адам ғана қырықтықшы бола алады. Бір атап өтер жайт, биыл түйемді қырықтырудан бас тарттым. Өйткені оның жүнін бұрын үйде отырып көрпе-жастық тігетін жекелеген адамдар қабылдаушы еді, қазір ол да өтпей қалды. Оның үстіне біздің ауылмен қатарлас жатқан Қызыләуіт ауылының бір шаруашылығы түйесін қырықтырып жатқанда екі түйесінің іші кеуіп өліпті. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деп қазақ текке айтпаған. Негізінде бұрын қырықтықшылар тайлақтан бастап інген, атанға дейін шөгеріп қойып қырқатын. Қазіргі жастар түйенің төрт аяғын буып қойып жүндейтін болыпты. Түйемнің біреуінің іші кеуіп өлсе, ол мен үшін үлкен шығын. Асау түйені жығып, аяғын буамыз деп жүргенде оқыстан сирағын сермеп қалып, жазатайым біреуін майып қылып жатса, ол да жақсы ат емес. Сондықтан түйені қырықтырмаймын деп шештім, өзі түлеп, түсіп қалар. Ал уақ малды, амал жоқ, қырықтықтан өткіземіз. Кейбір шаруалар қазір шығыннан қашып, малын жылына бір мәрте ғана қырықтыруға көшіпті.
Бір айта кетер негізгі жайт, бұрын жүн-тері қабылдайтындар таныстарға малымның жүнін тегін қырқып алшы деп өтініп келсек, қазір малдың жүнін өзім қырықтырып беремін, тегін алып кетші деп жалынатын болдық. Өйткені бізге олардың қорамызды жүннен тазартып кеткені қажет,– деді Рәт Баржықов.
Байзақ ауданындағы «Жадыра» шаруа қожалығының Иесі Гүлнар Дәулетбаеваны да нақ осы мәселе толғандырады. Ол 2 мыңға жуық қазақтың қылшық жүнді асылтұқымды қойын жылына екі мәрте қырықтыратынын айтады.
– Малымды өз ауылымның жастары арнайы машинкамен қырқады. Оларға әр қой үшін 350 теңгеден төлеймін. Сонда шамамен жылына иелігімдегі әр басқа 1 миллион 500 мың теңге жұмсалады. Жүн мен терінің бүгінде кәдеге жарамай, рәсуә болып жатқаны шындық. Оны қоқыс төгетін арнайы орынға апарып төксе, бір жел тұрғанда жер-дүниені бүлдіретіні анық, ал өртесе, экологияға залал келеді. Бұл жалғыз біздің өңірге ғана емес, елімізге ортақ проблема. Сондықтан тиісті министрліктер мен мәжіліс депутаттарының қолдауы арқылы жүн мен теріні кәдеге жаратудың амалын таппасақ болмайды. Өзім Байзақ аудандық мәслихатының депутаты, аудандық ауыл шаруашылығы саласы кәсіподағының төрайымы, кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының комиссия мүшесімін. Осы құзыретімді пайдаланып, шаруалардың жанайқайын сан мәрте тиісті мінберде көтеріп те көрдім. Жүн мен тері біз үшін сабылып іздеуді қажет етпейтін, қолда бар құны арзан шикізат. Осыны әжетке жарату мақсатында бүгінде Тараз қаласындағы «Тараз-ПОШ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жанынан жүн-тері өңдейтін цех аштыру мәселесімен айналысып жүрмін. Оның қашан жүзеге асатыны әзірге белгісіз, – дейді Гүлнар Бақбергенқызы.
Облыс әкімдігі кәсіпкерлік басқармасы берген мәліметке сүйенсек, өңірдегі жүн-тері өңдейтін «Тараз-ПОШ» ЖШС секілді іргелі кәсіпорындардың жұмысы дәл қазір тоқтап тұр екен. Бірді-екілі жүн-тері өңдейтін шағын цехі бар деген кәсіпкерлердің байланыс номерін алып, тілдесіп көрдік. Соның бірі – Мұхтар Сегизов. Ол тек мал терісін өңдеумен айналысуға ниеттеніп отырғанын, бірақ істі әлі бастамағанын сөз етті.
– Аталған кәсіппен айналысуға енді ғана бет бұрып жатырмын. Жалпы теріні өңдеуге арналған құрылғылар қолымызда бар болғанымен, өнідіріс орнын өзге бір нысанға ауыстыруымызға байланысты қазір қажетті құрал-жабдықтарды орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тек тері өңдеумен айналысатын болғандықтан жүн мәселесі жөнінде ештеңе айта алмаймын. Теріні де тұрғындардан қанша теңгеге сатып алатынымыз әзірге белгісіз. Бір білетінім, еліміздің оңтүстігінде орналасқан өңірлерге қарағанда солтүстік өңірдегі малдың терісі салмақты, қалың әрі көлемді келеді. Сонымен қатар біздің өңірде мал сойғанда теріні кескілеп тастайтындар бар. Бұл терінің сапасын төмендетеді.
Алматы облысында осы кәсіппен айналысып жүрген бір азаматтарды жақсы танимын. Олар сиырдың терісін 500, бұқаның терісін 1500 теңгеден алып жүр. Ал біздің өңірде баға қалай болатынын нарық көрсетеді. Қазіргі таңда тірідей салмақтағы мал мен өңделмеген мал терісін шетелге шығаруға тыйым салынған. Ал өзімізде оны өңдейтін өндіріс орны жоқ. Сонымен қатар бұрын меринос қойдың жүні үшін мемлекет тарапынан субсидия берілетін. Қазір ол да тоқтап қалды. Тері мен жүннің құны көк тиынға татымай қалуының бір себебі осында деп ойлаймын. Бұрын тері-терсек, жүн-жұрқа қытай, түрік елдеріне жөнелтілетін, қазір еш жерде сұраныс жоқ, – деді Мұхтар Ұланұлы.
Дегенмен біз облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасына арнайы барып, жүн мен теріні әжетке жарату жолында қандай шаруалар атқарылып жатқанын білуге тырыстық. Аталған басқарманың мал шаруашылығы бөлімнің басшысы Сражаддин Сүлейменов 2014 жылдан бастап шаруалар меринос қойдың ақ жүні мен биязы жүн өндіргені үшін жүн сапасына қарай 100-150 теңге аралығында мемлекет тарапынан субсидия алғанын, бірақ бұл жеңілдік 2019 жылдың наурызынан бері тоқтатылғанын жеткізді.
– Нақты айтқанда, бұрын өндірілген, қайта өңдеу кәсіпорнына өткізілген, сапалылығы 60 пайыздан жоғары жүнге 150 теңге, сапалылығы 50-60 пайыз аралығындағы жүн үшін 100 теңге берілген еді. Сол кездері облыста жылына 280-300 тонна жүнге субсидия төленетін. Қазір еліміздің мал шаруашылығы саласындағы субсидия төлеу қағидаттарына енгізілген өзгерістерге байланысты бұл жеңілдіктен шаруалар қағылып отыр. Негізінде облыста жылына уақ малдан 6 мың тоннаға жуық жүн қырқылатын болса, соның тек 2 пайызға жуығы ғана биязы жүнге жатады. Қалған 98 пайызы қара жүннің есебіне кіреді. Ал бүгінде қара жүн тұрмақ, биязы жүнге деген сұраныс әлем бойынша кеміді. Өйткені жеңіл өнеркәсіп саласы тоқыма бұйымдары үшін шикізат ретінде синтетикалық немесе кендір талшықтарынан иірілген жіптерді пайдалану кең етек алды. Соның салдарынан табиғи жүннен иірілген жіп пен матаға деген сұраныс азайып отыр. Жүннің бүгінде кәдеге аспауының сыры осы. Десе де кейбір аудандарда майда-шүйде жүн қабылдайтын цехтар ашылғанымен, олар шикізат қабылдауда облыстың болмашы пайызын ғана қамтып отыр. Оның өзінде олар жүнді жуып-шайып, шетелге өткізумен ғана айналысады.
Біздің басқарма тарапынан өңірдегі малдың жүнін, терісін іске жарату, яғни былғарыдан, таза жүннен тоқылған, тігілген өнім шығару жөнінде кезінде талай әрекеттер жасалған. Венгрия, Шехия сынды дамыған елдерден инвестор да тартып көрдік. Олар бастапқыда ұсынысқа қызығушылық танытқанымен, жүн мен теріден пайда таппайтынына көзі жеткен соң, бұл салаға қаржы төгу ниетінен айнып кетіп жүр. Инвестор қай жерде пайда бар, сол жерде жүретіндіктен бұл мәселе әзірге шешімін таппаған күйі қалып отыр, – деді С.Сүлейменов.
Байқауымызша, өткен ғасырдың соңындағы тоқыраумен бірге құрдымға кеткен жеңіл өнеркәсіп саласындағы қайта өңдеу ісінің енді қайтып аяққа тұруы екіталай секілді. Десе де мемлекет белгілі бір өңірден жүн-тері өңдейтін орталықтандырылған кәсіпорын, әр облыстан филиал ашса, халық қолындағы шикізатты арзанға болса да сонда өткізер еді. Босқа рәсуа болған жүн-жұрқа, тері-терсекті әлгі кәсіпорын жуып-шайып, өңдесе, оның өнімі былғарыдан, таза жүннен бұйым тігетін, тоқитын кәсіпорындарға барынша арзандатылған бағамен берілсе, тіпті мемлекет қомақты қаржы қиып, белгілі бір жеңілдік жасаса, іс алға жылжыр еді-ау. Мұндайда инвесторлар бізді өзі іздеп табуы да ғажап емес. Есесіне жеңіл өнеркәсіп саласының жандануына мүмкіндік туады. Осы тектес амал ойластырылмаса, жүн желге ұшып, терінің текке шіритіні анық.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ