Танымал блогер қазақстандықтардың несиесін төлеп берді
Қазақстандық танымал блогер Нұрбек Нұртаза көшеде танымайтын адамдардың несиесін төлеп берді
Әлеуметтік желілерде жарияланған видео мыңдаған қаралым жинады. Блогер көшеде өтіп бара жатқан адамдарға жақындап, олардан кредиті бар-жоғы туралы сұрайды. Ол алдымен көше тазалаушының, кейіннен күзетші мен мүгедектігі бар әйелдің несиесін төлеуге көмектескен.
Нұрбек Нұртаза адамдардың несиелерін төлеу идеясы ойына кененттен келгенін айтты. Ал оны қасиетті Рамазан айында жасау екі есе жағымды әсер берген.
«Біз қайырымдылықпен жиі айналысамыз, бірақ ол туралы әрдайым айтып, көрсете бермейміз. Көмек алушылар көшеде кездейсоқ өтіп бара жатқан адам, мүгедек болуы мүмкін немесе біреу жазады, қолдау сұрайды. Егер адам шынымен де көмекке мұқтаж болса, онда мен оған көмектесуге тырысамын. Ал идея кенеттен пайда болды. Менің білуімше, мұндайды әлі ешкім жасаған жоқ. Әсіресе қасиетті айда — неге жасамасқа, үмкіндігің болса? Идеяны жұбайым мен отбасым қолдады», — деді Нұрбек Нұртаза.
Блогердің айтуынша, көп адамдар оған сенбей, бұрылып кетіп қалған.
«Біз үш адамға несиесін жабуға көмектестік. Бірақ кадрға түспеген адамдар көп, біз оларға қаржылай көмектестік. Мысалы, әжеден гүл сатып алдым. Бұл шағын сомалар, әрқайсысы 10-20 мың. Мен қайыршыларды аса ұнатпаймын, өз еңбегімен ақша табуға тырысатын адамдарды құрметтеймін. Олар кітаптар, гүлдер немесе бәліштер сатады. Бірақ бұл құрметке лайық. Мен оларға көмектесуге тырысамын», — деді Нұрбек Нұртаза.
Қазақстандық TikTok-блогер қайырымдылыққа бір миллион теңгеден астам қаражат жұмсаған. Шамамен 10 адам қаржылық көмек алды.
«Бізде бастапқыда жоспарлаған белгілі бір бюджет болды. Бұл күні бір миллионнан астам теңге жұмсадық. Мүмкіндігінше көп адамға көмектесу үшін алдын ала есептеуге тырыстық. Видео түсірген кезде ауыр жұмыстарды істейтін үлкен кісілерге назар аудардық. Жастарға жақындамадық. Біз түсірген күзетшінің өзі мені таныды. Әйелі мені қарайды екен. Оның 463 мың теңгеге несиесі бар еді, 300 мыңын жаптық. Видео соңында мен үнемі көмектесетін әйел болды. Біз оған арнайы барып, несиесін төледік», — деді Нұрбек Нұртаза.