Су жүретін каналды жөндеушілер үдеден шықпай тұр
Далаға дән себу науқаны аяқталып, суару кезеңі басталып кетті. Десе де облысымыздың бірқатар ауданында каналдарды механикалық тазалау, ирригациялық жүйелерді жаңарту жұмыстары әлі де баяу жүруде. Жамбыл және Байзақ аудандарына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев алқаптарға су берудегі сылбыр жұмысты қатаң сынға алды. Аталған аудандардағы Сеңкібай, Өтеміс, Белқожа, МР-4, Қуат, Мейірман және Раис каналдарындағы жұмыс барысымен танысқан аймақ басшысы асыраушы саланың тіршілік нәрінен қағылып отырғанына реніш білдірді.
Өтеміс каналында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшылар жерасты суының деңгейін түсіре алмай дал. Негізгі жұмысқа кедергі болып отырған бұл жағдай бетон плиталарды төсеуге мүмкіндік бермей отыр. Жағаларды бекіту шараларын қолға алған құрылысшылар жұмыстың мәресіне жетуін күтіп отырған 5 131 гектар алқапқа су жеткізу үшін барын салуда. Әзірге 1 626 гектары ғана игерілген егіс даласына су жетсе, тағы 3 505 гектарға ұлғаяды деп күтілуде. Қазіргі таңда канал арқылы секундына тек 6 текше метр ғана су өтуде.
Ал Раис каналы – Айша бибі ауылдық округіндегі егіс даласына тіршілік нәрін жеткізетін жалғыз су жолы. Жаңғыртуға дейін канал арқылы 1 766 гектар алқапты суарып келген. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң Раис арқылы тағы 1 332 гектар алқапты егіс даласына айналдыруға болады. Бүгінгі таңда каналды механикалық тазалаумен «TOLAGAL-2050» ЖШС айналысуда. Бұл жұмысқа бөлінген 715,625 миллион теңгенің әзірге тек 271,595 миллион теңгесі ғана игерілген. Дәл осындай жұмыс Белқожа каналында да жүргізілуде.
Өкінішке қарай барлық нысандағы жұмыс ретімен жүріп жатқан жоқ. МР-4 каналындағы жөндеу жұмыстары тым созылып барады. Құрылысшылар бұған жер астымен тартылған газ құбырына зиян келтірмеу үшін айналма жолмен тартылған лотоктың табиғи еңісінен ауып кеткенін себеп етіп отыр. Осыған байланысты жоспардан екі айға кешігіп келе жатқан жаңарту жұмыстары 80 адамнан құралған 4 бригада барынша күш салып жатқанына қарамастан, әзір бітетінге ұқсамайды. Нысан басындағы жағдайға қаныққан Бердібек Машбекұлы жұмысты барынша жеделдетуді тапсырды. 200 гектар аумақ МР-4-тен су күтіп отырғанын айтып, жұмыс күші мен техника санын арттырып, 5 күн ішінде су беруді тапсырды.
Мейірман каналына жауапты мердігер қытайлық «КГИСК» компаниясы арнадағы су жіберу құрылғысын ауыстыру, белгіленген бетон бөліктерді алмастыру, лотоктарды жаңарту, монолит бетонмен қаптау және өзге де жөндеу жұмыстарымен айналысуда. Бүгінгі таңда бел ортасына келіп тұрған жұмыс бетон лотоктардың жетіспеушілігіне байланысты тоқтап тұр. Мәселені шешу мақсатында жергілікті компаниямен 1 200 лоток алу бойынша келісімшарт жасалған. Шарт орындалса, мердігер жұмысты тамыз айында тәмамдауға әзір. Оған дейін шаруаларға айналма жол арқылы секундына 1,5 текше метр су берілуде.
Жоғарыда аталған нысандарда құрылыс жүргізіп жатқан компаниялар жұмысты барынша жеделдетуге тырысып жатқанын, алайда туындап жатқан қиындықтар белгіленген уақыттан кешігуге амалсыз итермелеп отырғанын айтады. Десе де алқаптарға су беру қосымша арналар арқылы үздіксіз жүргізілуде.
– Жобалық-сметалық құжатта көрсетілген мерзімнен кешігіп жатқан барлық мердігерлерді жауапкершілікке тарту қажет. Неге аймақ бойынша техникалық бақылаудың 5 қана маманы жұмыс істеуде? Осының салдарынан құрылысшылар сылбырлық танытып отыр. Тиісінше жұмыс сапасына қатысты да сұрақтар туындайды. Өз жұмысын жете білмейтін мердігерлермен бұдан былай жұмыс істемейміз, – деді аймақ басшысы өз сөзінде. Сондай-ақ қосымша бетондауды қажет ететін аумақтарды анықтап, судың ысырабын болдырмауды жауаптыларға тапсырды.
Мұратхан ӘЛІМХАН
Жамбыл, Байзақ аудандары