Жуалыда картоп келісі 250 теңгеден
Шарықтаған бағаны аудан атқамінерлері ауыздықтай ала ма?
Жуырда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Жуалы ауданына барды. Аймақ басшысы алдымен Ақтөбе ауылдық округіндегі «Атамекен» өндірістік кооперативінің құрамындағы «Жаңаталап» шаруа қожалығында болып, дала жұмыстарының барысымен танысты.
Басқарушы директор Сұлтанмұрат Зайырбеков кооперативтің тыныс-тіршілігін баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. С.Зайырбековтің айтуынша, 207 мүшесі бар «Атамекен» кооперативі мал және егін шаруашылығына басымдық берген. Кооператив құрылғалы лизинг арқылы 5 пайыз жеңілдікпен 19 дана ауыл шаруашылығы техникасын алыпты. Ал кооператив құрамындағы «Жаңаталап» шаруа қожалығы биыл 50 гектарға жүгері егіпті. Шаруашылық тамшылатып суару технологиясын енгізіп, ағын су азабынан құтылып отыр. Осы орайда Б.Машбекұлы облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановқа бұлақтардың көзін ашу, тоғандардың санын көбейту, каналдарды тазарту және тамшылатып, жаңбырлатып суару технологиясын енгізу жұмыстары баяу жүргізіліп жатқанын айтып, бірқатар тапсырма жүктеді. Жалпы кооператив мүшелері бүгінге дейін 723,5 миллион теңге несие алған. Қазіргі уақытта несие қарызы жоқ. Несиенің 95,8 миллион теңгесі қайтарылған. Алдағы уақытта кооператив сүт өңдейтін цех ашуды жоспарлап отыр.
Мұнан кейін аймақ басшысы Қызыларық ауылдық округіне қарасты Алатау ауылындағы жаңа мектептің құрылысын көрді. 100 орындық мектептің сметалық құны –
464 миллион теңге. Бас мердігер –
«Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Білім беру нысаны ағымдағы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев серіктестік директоры Марат Рахымбердиевке құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген уақытта аяқтауды баса тапсырды. Сонымен қатар Алатау ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Тоқтағұл Райымқұлұлы жаңа мектеп салу туралы тұрғындардың ұсынысын қолдағаны үшін облыс әкіміне алғысын білдірді.
Аталған елді мекендегі «Көксай» каналына жүргізіліп жатқан құрылыстың басына барған аймақ басшысы жауапты басшыларға шаруалар судан тарықпас үшін жоспарлы жұмыстарды тезірек аяқтауды міндеттеді. Одан әрі облыс әкімінің жұмыс сапары «Злиха» шаруа қожалығында жалғасты. Қожалық биыл мол өнім алудан үмітті. Облыс әкімдігінің қолдауының арқасында шаруа қожалық биыл Қарағандыдан жоғары сұрыпты тұқым алып, техникаларын жаңартыпты. Тыңайтқышпен де қамтамасыз етілген. Шаруа қожалық төрағасы Керімқұл Бегалиев сапалы әрі мол өнім алуға ешқандай кедергі жоқ екеніне тоқталды.
Нұрлыкент ауылына ат басын бұрған аймақ басшысы жаңадан салынып жатқан 180 орындық мәдениет үйін аралап көрді. Мәдениет ошағының жалпы сметалық құны – 101 миллион 360 мың теңге. Мердігер –
«Нұрбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Нысанның құрылысы өткен жылдың қыркүйек айында басталыпты. Жуық арада пайдалануға берілмек.
Бұдан соң аудан орталығы Б.Момышұлы ауылының кіреберісінде Жуалы ауданының әкімі Олжас Қаржауов «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолы бойында іске асатын сервистік жобалармен және ауданның бас жоспарымен таныстырды. Олжас Есалханұлының айтуынша, Жуалы жуық уақытта адам танымастай өзгереді. Жүзеге асатын жарқын жобалар аудан орталығының ажарын ашып, көркін кіргізеді. Тұрақты жұмыс орындары да көптеп ашылады деп жоспарлануда. «LF Компании» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт өндеу цехы мен «Агро азық-түлік нан мен жабдықтау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мақсары майын өндіру цехының жұмысын көрген Бердібек Сапарбаев атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Облыс әкімі жұмыс сапары аясында «Айдана» сауда орталығына барып, саудагерлерді сөзге тартты. Олардың сөзіне сүйенсек, сауда орталығында картоп пен сәбіздің келісі 250, қызанақ пен қияр 500 теңгеден сатылуда.
– Бағаны тұрақтандыру үшін жұмыс жасау керек. Егер Жуалыда картоптың бір келісі 250 теңгеден сатылса, басқа аудандарда қалай болмақ?! Халық көп тұтынатын жеміс-жидек, көкөніс алқаптарын көбейтіп, жылыжай шаруашылығын дамытқан жөн, – деді Б.Сапарбаев.
Бердібек Машбекұлының жұмыс сапары Б.Момышұлы ауылындағы орталық саябақта түйінделді. Күрделі жөндеуден өткен саябақ бүгінде аудан тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізіп, сейіл құратын жайлы орнына айналыпты. Сондай-ақ өңір басшысы саябақта жуалылық спортшы жастармен кездесіп, еркін форматта әңгіме өрбітті. Жастардың спортпен шұғылдануы үшін облыста кейінгі жылдары көп жұмыс істелгенін тілге тиек еткен Б.Сапарбаев әлемдік ареналарда облыс, ел намысын абыроймен қорғап жүрген жуалылық жампоздарға сәттілік тіледі. Ал 2021 жылы өтетін Токио Олимпиадасына қатысатын Әбілхан Аманқұлға естелік сыйлық ұсынып, Олимпиадаға аттанарда арнайы қабылдайтынын жеткізді.
Т.БЕРІКБАЙҰЛЫ,
Жуалы ауданы