Риддердегі өрт: апаттың алдын алу мүмкін бе еді?

0 338

Апат айтып келмейді десек те, Риддердегі ірі орман өр­тінің қоғамды дүр сілкіндіргені рас. Бұл төтенше жағдай да еліміздегі қай-қай оқыс оқиға сынды көптеген пробле­маның бетін жалаңаштап кетті. Соның ең қорқы­ныштысы, орманды ал­қаптағы елді мекендердің өрт алдындағы дәрменсіздігі. Ал ең өкініштісі, бір адамның кесірінен қаншама адам бас­панасыз қалды. Тіпті, бір адам көз жұмып, екі адамның ден­­саулығына нұқсан келді. Болжам бойынша, оқиғаға әдейі өрт қою немесе отқа салғырт қарау әрекеті себеп болуы мүмкін. Өйткені өңірде бірнеше күн бойы ауа температурасы жоғары болып әрі жел көтеріліп тұрған еді. Сонымен, өрт не­ден шықты, кім кінәлі? Алдын алу мүмкін бе еді?

Төтенше жағдай хронологиясы

Оқиға хронологиясына қыс­қаша тоқталып өтсек. Өрт 10 мамыр күні шамамен сағат 13.30 кезінде тұтанған.

Бірақ ол туралы хабар 17.00 ша­масында әлеуметтік желілерде тарай бастаған. Өйткені бұл кезде тілсіз жау Риддер орман шаруа­шы­­лы­­ғының жанындағы Лесхоз елді ме­­­­­­­кеніне жақындап қалған болатын. Тұрғындар жануарлар мен тех­ни­каны өз бетінше эвакуациялай бас­­таған. Осы аралықта 101 қыз­­метіне хабарласқан ауыл тұрғын­дары «шамамен 2 гектар алқапта құрғақ шөп жанып жатыр» деп хабарлаған. Оқиға орнына ШҚО ТЖД орман шаруашылығы және өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері жедел жетіп, бастапқыда өртті сөндіруге барлығы 6 техника мен жеке құ­­­­­рамның 100-ден астам қызметкері жұмылдырылған.

Сағат 18.30 шамасында өрт Лесхоз ауылын шарпи бастаған, нәтижесінде 14 үй өртеніп кетті. ТЖ департаменті мәліметінше, жанып жатқан орман алаңы 310 гектарға жеткен. Өрт орнында жергілікті атқарушы органдардың, ШҚО ТЖД өрт сөндіру бөлімшелерінің және орман шаруашылығының жеке құрамынан 208 адам және 47 дана техника жұмыс істеді. Оқиға орнына қосымша 3 автоцистерна мен 15 құтқарушы барды. Қажет болған жағдайда көмекші техника жұмыл­дырылды. Мәселен, қо­­­сымша кө­мек ретінде Нұр-Сұлтан мен Пав­лодардан «Авиа­циялық орман кү­зетінің» екі тікұшағы жіберілді. Өртті сөндіруге суағар құрылғысы бар МИ-8 және МИ-2 авиаор­манқорғау тікұшақтары 17 500 текше метр су құйды.

19.30 шамасында өрт сөнді­­рушілер өртенген әйелдің мәйітін тауып алғаны, 1949 және 1980 жылы туған тағы да екі ер адамды күйік шалып, жансақтау бөліміне жат­қызылғаны хабарланды. Қаза бол­ған әйелдің 1948 жылы туған ауыл тұрғыны Галина Спивакова екені анықталды. ШҚО Полиция де­­партаменті Риддер қалалық ПБ өңір­­дегі өртке байланысты ҚР ҚК 204-бабы  2-бөлігіне сәйкес соталды тергеуді бастады.

Сағат 20.00 шамасында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Риддер қаласы маңындағы Лесхоз кентіне барып, жергілікті тұрғындармен жүздесті. Төтенше жағдайға байланысты көмекке мұқтаж жандар үшін жедел желі нөмірі іске қосылды. Ол бойынша психологтер жұмыс істей бастады. ШҚО бойынша ТЖД дағдарыс орталығында жедел штаб құрылды. 22.00 шамасында Риддерде 35 үй мен 9 шаруашылық құрылысы өртенгені анықталды.

Түнгі 22.20 шамасында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШҚО-дағы өрт бойынша тапсырма берді.

11 мамыр күні таңғы 7.00-де Лесхоз ауылындағы өрт сөндірілді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өртті сөндіруге 136 құтқарушы, 161 жергілікті ор­­­­­маншы, әкімдік пен басқа да ве­домстволардың 29 өкілі, барлығы 300-ден астам адам қатысқанын хабарлады. Одан бөлек, ішкі істер саласының 300-ден астам полиция қызметкері күшейтілген қызмет тәртібіне көшіріліп, тәулік бойы кезекшілікке түсіп, құтқару, қада­ғалау, шолу, эвакуациялау, күзету және тұрғындарға көмектесу жұ­мыстарына жұмылдырылды. Олар әрбір үйді аралап, есіктерін қағып, ішін қарап, тексеріп, адамдарды алып шығып, оларға қауіпсіз жерге қалай бару керек екенін түсіндіріп, жеткізіп отырды. Сонымен қатар мародерлік пен ұрлық болмау үшін түні бойы оқиға орнына қоршау жасап тұрды.

Өртті сөндіруге екі тікұшақты қосқанда, барлығы 69 техника жұмылдырылды. Олар өрт сөндіру техникаларынан бөлек трактор, грейдер, тиегіш сынды жер жырту және су тасу техникалары. Лесхоз ауылында барлығы 37 үй мен 9 қосалқы шаруашылық құрылыс нысаны жанып кеткені нақ­тыланды.

Сағат 11.30 шамасында Рид­дердегі ірі орман өртіне кінәлі бо­луы мүмкін күдіктінің ұсталғаны туралы хабарланды. Енді кінәсі дәлелденсе, 35 жастағы жергілікті тұрғынға «Отқа салғырт қарау» бабы бойынша айып тағылып, 5,8 млн теңге (2 000 АЕК) айыппұл салынуы немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін. Одан бөлек, мо­ральдық-материалдық шығын­дардың ескерусіз қалмайтыны анық. Әзірге белгілісі, ол Лесхоз ауылы маңында от жаққан. Оқи­ғаның барлық мән-жайы мұқият зерделенуде. Куәгерлердің жауап­тары тексеріліп, сараптамалар та­ғайындалған. 15 тергеушіден тұ­ратын жедел-тергеу тобы өр­тенген үйлерді тексеруде. 10 мамыр күні орманда өрт басталған түскі 13.30 шамасында riddervsegda паб­лигі куәгерлердің өрт қойған адам­ды көргені туралы, ол оқиға ор­нынан «22 аймақ» деген мемлекеттік бел­гісі бар сұр Subaru Forester кө­лігімен қашып кеткені жайлы пост жа­риялаған болатын.

Екі-ақ өрт сөндіру бөлімі

Оқиға басталғаннан-ақ шы­ғыстағы әлеуметтік желілер шулап қоя берді. Өйткені бұл апаттың ауқымы үлкен, қатері зор еді. 37 үй жалынға оранып, 1 адам қаза бо­лып, 2 адам жарақат алған оқиғаның себебін іздеген жұртшылықтың сын-пікірінен жергілікті әкімдікке көңілі толмайтыны аңғарылады. Көп мәліметке Instagram-дағы об­лыс әкімінің жеке парағы мен осы оқиғаға күдікті адам туралы жа­­­риялаған riddervsegda паблигінен қанығуға болады. Соның бір парасы қала әкімі Дмитрий Горьковойдың жұмысына сын айтса, енді бірі зардап шеккендерге көмектің дұрыс жүретініне сенімсіздік білдіреді. Мәселен, sergey_adamich 2018 жы­лы Шемонаиха ауданын су шай­­ғанда сондағы жұмысқа жауапты болған Дмитрий Анатольевичтің бәрін қопыратып кеткенін жазса, қалған тұрғандар қала әкімінің осындай сын сағатта бой көрсет­пегеніне ренжулі. Сондай-ақ shura.prosyanoy атты тұрғынның жа­зуынша, өндірісті қалада тек қана екі өрт сөндіру бөлімі бар. Бұл 58 мыңнан аса халқы бар қала үшін өте аз. Өйткені қаланың жан-жағы тау мен орман. Ал ондағы апаттың қандай дәрежеге ие екенін кешегі оқиға көрсетіп кетті. Жергілікті төтенше жағдай қызметтерінің әлеуеті алапат апаттарды тойтаруға жетпейді. Күн жылына орман-дала өрттері белең алатыны белгілі. Ендеше кешегі оқиға жергілікті әкімдіктің биылғы маусымға дайын емес екенін білдіреді. Соңғы бір­неше күнде күн қағу, күннің ыстығы мен желдің қаттылығы өрт тұтануға қолайлы боп тұр. Ендеше осы уақытқа дейін ормандарды өрттен оқшаулайтын минералды жолақтар неге жыртылмаған? 310 гектар жер дегеніміз – ұзындығы 10-13 ша­қырым жер. Осы аралықта жойылып кеткен ағаштар мен жан-жануардың қайта қалпына келуіне 10 жылдай уақыт керек. Көктем шыға адамдар табиғат аясына демалуға құмар десек те, табиғатты да ойлаған жөн. Сол себепті дала-орман өрттері маусымында жергілікті биліктің ормандарға жиі-жиі рейд жүргізіп, кезекшілік бекеттер орнатып, ке­зекшілер белгілеп, табиғи апат­тың алдын алғаны абзал.

Тағы бір назар аударатын жайт, Лесхоз елді мекені қалаға кіре­­берісте, Өскемен – Риддер тасжолы мен теміржолының ортасында орналасқан. Екі жол да орманды көктей өтеді. Орман өрттері эва­куациялық жолдарды бөгеп тастауы әбден мүмкін. Сол себептен де бұл аймақты стратегиялық маңызы бар ерекше қорғалатын аумаққа ай­налдырып, адамдар демалуға келмек түгілі тұруға да тыйым са­­латындай дәрежеде қарастырса, құба-құп болар еді? Осы оқиғаны пай­даланып, орман алқабын босатып, оның жиегіндегі аз ғана үйді қауіпсіз қашықтыққа көшіріп жіберген дұрыс. Әкімдіктің әу бастан-ақ қауіп­ті жерден жер телімін бергені, онда адамдардың үй салып, тұрып жатқаны дұрыс шешім емес. Түйін­дей келгенде, табиғи апаттың ау­­қ­ымының кең болуында бірнеше фактордың кешенді себебі бар. Мәселен, екілер шамасында бас­талған өртке өрт сөндірушілер қашан жетті? Өйткені тұрғындар өрт туралы хабарлаған кезде ол ендігісі ауылға жақындап қалған және 2 гектар аумаққа жайылып үлгерген. Сонда оған дейін төтеншеліктер аспандап ұшқан қара түтінге мән бермегені ме? Алғашқы жұмыл­дырылған күш – 100 адам және 6 техника табиғи апатты еңсере алмағаны анық. Әлде, өрт сөн­дірушілер өртті дұрыс бағаламады ма? Неге тапа-тал түсте бол­ған 2 гектар жердегі өрт 310 гектар аумаққа жайылуына, оның аяғы адам өліміне алып келуге жол бе­рілді? Сұрақ көп, жауап жоқ!

Тұрғындарды алаңдататын тағы бір жайт, облыс әкімінің уәдесінің аяқсыз қалмағаны. Өйткені Даниал Ахметов өртеніп кеткен 37 үйдің орнына үй береміз, келіспе­ген­дерінің үйін жөндеп береміз дегені көңілге медет, әйтсе де өртке оранған үйлердің ішінде газ бал­­­лондары тарсылдап жарылып жат­ты. Бұл қауіпсіздік ережелеріне қайшы деген сөзі ертең тұрғындарға қарсы аргумент болып шықпай ма деген күмән да жоқ емес. Әкім уә­десін орындай ма? Оны уақыт көрсетер.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИ

aikyn.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.