Мектептен келе жатқан 10 жастағы баланы пойыз басып кетті
Жуырда Ерейментау қаласында 10 жастағы Расул Кабдрахманов есімді балақай пойыздың астына түсіп, мерт болды.
Мектептен үйге қайтып келе жатқан баланың өлімі елді дүрліктірді. Қайғылы отбасы әділдік іздеп, шыр-пыр болып отыр. Мектепке барып, 25 мамыр, соңғы қоңырау шарасы үшін фотоға түсіп келуге кеткен бала осылай қапелімде ажал құшқан.
Теміржолдан өту аса қауіпті болғанына қарамастан халықтың көпшілігі бес жүз метрге жуық айналма өткелден өтуге қиынсынып, жолды төтесінен кеседі. Жасы да, кәрісі де өтіп жүретін жолда талай рет қайғылы оқиғалар да болған. Тұрғындар жергілікті билік өкілдеріне өтініштерін айтып, біраз шағымданып та көрген. Алайда кісі өлімі мен мүгедектікке әкеліп соққан оқиғалар жиі болып жатса да, мәселенің әлі шешілер түрі көрінбейді.
«Алыс та болса жақын» дегенді ұмыта бастадық
Қысқа жолмен кесіп өтпек болған балақай мерт болған жерде осыған дейін де бірнеше адам пойыздың астына түскен. Қос аяғынан бірдей айырылып, мүгедек болып қалғандар да бар. Өкінішке қарай, тұрғындар әлі де ажал аңдаған қысқа жолдан өтетін әдетін тоқтатпаған.
«Кеше ғана жиенімді мектепке апарып тастағанбыз. Оған 25 мамыр соңғы қоңырау күніне арнайы фотосуреттер дайындау керек болыпты. Фотосессиядан кейін үйіне қарай жаяулап шыққан. Ал жолда қырсық қылғанда теміржолдан өту керек. Теміржол өткелі бар, бірақ аспалы арнайы басқышты өткел жоқ. Кеше күн жаңбыр әрі қатты жел болған. Екібастұздан өтетін пойыз әлдеқашан өтіп кеткен. Пойыз жоқ қой, өте берейін деп ойлаған болу керек, арнайы өткелге айналып бармастан кесіп өтпек болған. Бірақ дәл сол тұста Ерейментаудан шыққан пойыз оны басып кеткен. Бауырым бірден сол арада көз жұмыпты», – дейді Расулдың нағашы ағасы Батырбек Біләлов.
Батырбектің айтуынша, теміржолдан өтетін арнайы өткел бар. Бірақ ол жер өте алыс. Сондықтан Ерейментау қаласының іргесіндегі Қарасу тұрғындары тыйым салынған белгілерге қарамастан теміржолды кесіп өте береді. Мұнымен қоса теміржолдың жанынан өсіп тұрған ағаштар да пойыздың бар-жоғын көруге кедергісін тигізетін көрінеді.
Батырбектің айтуынша, бұл теміржол бойында болған алғашқы қайғылы оқиға емес. Жақында ғана ересек ер адам дәл сол жерде пойыздың астына түсіп қос бірдей аяғынан айырылған. Алайда тұрғындардың өтініш-тілектеріне қарамастан Ерейментау теміржолына аспалы көпір салынбай келеді.
«Ерейментау қала болып саналса да, Көкшетау, Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалалардағы сияқты сатылы басқыштары бар пойыздың үстінен өтіп кететін аспалы өткелдер жоқ. Жергілікті билікке талай айтылып жатыр. Бірақ ешкімге біздің шырылдап жүргеніміз қажет емес сияқты», – дейді Батырбек Білә-
лов.
Расулдың қазасы әлеуметтік желілер мен пабликтерде қызу талқыға түсіпті. Қара жамылған отбасыға көңіл айтқан тұрғындар жергілікті биліктің сылбыр әрекетін сынға алған.
«Қайғыларыңызға ортақпыз. Бұл сұмдық қой! Теміржолдағы бұл өткелдерді әлдеқашан бірдеңе етіп жасайтын уақыт болды ғой! Бірақ билікте отырғандар бізді қайтсін?!» Instagram әлеуметтік желісіндегілер осылай деп үн қатыпты.
Әкімдік ұлттық компаниядан үміт күтеді
Мәселені анықтау мақсатында біз Ерейментау қаласының әкімі Төлеутай Мұхамеджановпен де хабарластық. Аудан әкімінің айтуынша, жергілікті билік «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына бұл мәселе туралы бірнеше мәрте хат жазған. Бірақ өткел салу кейінге қалдырыла берген.
«Мен шын жүректен жап-жас баладан айырылып, аңырап қалған отбасының қайғысына ортақтасып көңіл айтамын. Өте өкінішті. Әрине, теміржол ережелеріне сәйкес теміржолдың арнайы төселген өткелінен басқа жерден кесіп өтуге түбегейлі тыйым салынған. Арнайы өткел бар. Бірақ адамдар оған қарамайды. Осыдан 7-8 жыл бұрын қазіргі Премьер-Министр Асқар Мамин «Қазақстан темір жолын» басқарып тұрған кезде біз бірнеше мәрте ресми хат жаздық. Бірақ, олардан халық санының аз болуына байланысты аспалы көпір құрылысын қаржыландыра алмайтыны туралы жауап алдық. Қала бойынша өтетін теміржолдың арнайы көрсеткіш бағандары мен шпалдары төселген екі ресми өткелі бар», – дейді Төлеутай Мұхамеджанов.
Қала әкімінің айтуынша, төртінші сынып оқушысын жолда әрқашан ата-анасы немесе ересек адамдар бірге алып жүруі тиіс.
«Әрине, әлеуметтік желілер арқылы адамдар кімді де болса кінәлап, ит терісін басына қаптай береді. Бірақ бұл теміржол бойындағы магистралды жолдан өту тәртібін бұзу ғой. Қайтыс болған баланың отбасын қолдау мәселесі әкімдікте әзірге қозғалған жоқ», – деп толықтырды Төлеутай Мұхамеджанов.
Ұлттық компания әкімдікке сілтейді
Біз мәселені «Қазақстан темір жолы» ұлттық компания басшылығынан сұрап, болған оқиға туралы пікірін білуді ұйғардық.
«Биыл 10 мамырда Ерейментау стансасында 10 жастағы оқушы қайғылы қазаға ұшырады. Бала пойызды өткізіп жіберіп, құрам қарсы қозғалып келе жатқан көрші жолтабанға аяқ басқан. Ол локомотив сигналдарына жауап та қатпаған. Пойыз жүргізушісі жедел тежегішті іске қосқанымен, пойызды тоқтату мүмкін болмады.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ марқұмның отбасына көңіл айтып, тұрғындарды темір жолдағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Ережелерді елемеу өмір мен денсаулыққа қауіп төндіреді», – деп жауап берді ресми орган. Сонымен қатар теміржолшылар жарақаттанудың алдын алу бойынша белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын, желілік полиция, әскерилендірілген күзет, магистралды желі қызметкерлерімен бірлесіп, теміржолдардан адамдардың рұқсатсыз өтетін жерлеріне рейдтер жүргізілетінін, сондай-ақ халықпен кездесулер өткізілетінін хабарлады. Сонымен қатар теміржолға келген жаяу адамда пойыздың қағып кету қаупі жоғары екенін де айтыпты. Өйткені теміржол құрамының тежелу қашықтығы кемі 800 метр болады. Яғни, машинист жаяу жүргіншіні соншама метр жерден көріп, пойызды тежеуге тырысуы керек.Онсыз пойыз тоқтамайды. Демек, бұл әмселеде жаяу жүргіншілердің де талаптарын ескергені жөн. Алайда тұрғындардың өтінішін орындай алмайтынын ұлттық компания ашық мойындады.
– «ҚТЖ» ҰК» АҚ-на теміржолдарды қауіпсіз кесіп өту үшін жаяу жүргіншілер көпірлерін салу қажет екені туралы азаматтардан өтініштер жиі түседі. Біз түсінік бере кетсек, 3.03-114-2014 «Темір жолдары» Қазақстан Республикасы Ережелер жинағының 4.7.3-тармағына сәйкес жаяу жүргіншілер көпірлерін салу тек жаңа және жаңғыртылатын желілерде көзделген. Қазіргі уақытта Ерейментау стансасында жаңғырту жұмыстары жүргізілмегенін ескере отырып, компания қаражаты есебінен жаяу жүргіншілер көпірін салу мүмкін емес, – деп түсіндіреді «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Магистралды жолдар дирекциясы» филиалының ИССО жөндеу бөлімінің бастығы Ардақ Төлеуғалиев.
Сонымен қатар компания өкілдері жаяу жүргінші көпірлерін салуға облыс пен аудан әкімдіктерінің де құзыреті жететінін тұспалдап, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 148-II заңы 31-бабының 7-тармағын алға тартыпты. Өздері тек нақты орын таңдап, техникалық көмек беруге әзір екенін айтқан. Сөйтіп ұлттық компания Ерейментауда темір жолдан өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салуға ниетті емес екенін білдік.