«Күтімі жақсы»: Қызы аяусыз ұрған кейуананың көршісі жағдайды түсіндірді
Сексенге таяған қарт әжейді белгісіз азамат самокатпен ұрып, жұдырық жұмсап, теуіп бара жатқан видео жұртшылықтың ашу — ызасын тудырған еді. Ол кейуана Алматыдағы Алатау ауданында үлкен қызының қолында тұратын болып шықты. Көршілерінің айтуынша әжейдің күтімі жаман емес. Бірақ видеодағы жағдайды көріп жағасын ұстаған жұртшылық қарт кісіні қорқытып ұстап отыруы мүмкін деген пікірде
Видео желіде тарағаннан қарт кісіге алаңдаған адамдар саны сағаттап арта берді. Бірі әжейді өз қолымызға аламыз десе, енді бірі қарт кісіге қол көтерген қатыгез жазалансын десті. Кейін кейуананың Алматыдағы Алатау ауданында тұратыны белгілі болып, тіпті аудан тұрғындары сол үйге мән-жайды білмек болып барыпты.
«Апа парктен қайтып келе жатқан кезде, қызымен кездесіп қалған. Сол уақытта қызы бір себептермен неге екенін білмейміз, ашуланға. Әжей өзі ақырын жүреді ғой. Самокатын көтеріп, дөңгелегі сипап өткеннен басқа артық жағдай болмаған», — деді көршісі Бекен Қалымбекұлы.
Қарт кісі қазір үлкен қызының қолында екен. Тату-тәтті тұрып жатқанына төрт жыл болыпты. Кейуананың еш шағымы жоқ.
«Жүргім келеді. Жүрмесем болмайды. Мыналар жұмыста ғой енді. Тегі ұрғанды көрген мен емеспін. Құдай көріп тұр ғой ұрған емес, қазір ұрысқанды да көтермеймін. Қал-жағдайым жақсы, ойнап-күліп жүріп жатырмын ғой», — деді кейуана Бәтимә Сыдықова.
Кейуана үлкен қызымның қолы жайлы болғасын осындамын дейді. Ал жағдайға жанашырлық танытқан көршілері мұны растап отыр.
«Қарап отырған Серік аға мен апаның үлкен қызы Күлсара тәтей, екеуі өте жақсы адамдар екенін мен білемін, 2012 жылдан бастап көршімін. Өте жақсы қарап жатыр жаңағы үлкен қызы. Ал кішкентай қызы туралы алдында видеомда көрсеттім, біраз жағдайы болғаннан кейін сондай ситуация болып қалыпты. Бірақ апаны қатты ұрмаған, жәй сүйкеп өткен. Апаның жағдайы қазір жақсы екен», — деді көршісі Бекен Қалымбекұлы.
Ал Алатау аудандық учаскелік полициясы, оқиғаға қатысы бар деген азаматпен түсіндірме жұмысын жүргізіпті.
Сондай-ақ полиция аталған азаматтың екінші топтағы мүгедектігі барын растайды. Сол себепті кейде психологиялық ауытқуы бар болуы мүмкін деп отыр. Қарт кісінің шағымы жоқ, және ешқандай дене жарақатын алмаған.
stan.kz