Петропавлда 7 жасар баланы жүк көлігі соғып кетті

0 382

5 мамыр күні шамамен сағат 13:40-та Н. Назарбаев көшесінде ГАЗ жүк көлігінің 32 жастағы жүргізушісі реттелмейтін жаяу жүргіншілер қиылысында жүргізуші жақтан жолды солдан оңға қарай кесіп өтіп бара жатқан бірінші сынып оқушысын соғып кетті.

Бала Облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Абырой болғанда, баланың денсаулығына зиян келмеді, ата-анасы қарсылық білдіруден бас тартты. Полицейлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 600-бабы (Жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларының жүруiне басымдық бермеу) бойынша материал жинастырды, жүргізушіге айыппұл салынды.

СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алу бойынша жұмыс күн жылысымен аса өзекті екенін атап өтті. – Балалар оқу мекемелеріне бара бастаған сәттен бастап, тәртіп сақшылары оқушылармен және ата-аналармен бірден кездесулерді өткізуге кірісті, – дейді ол.

– Оқушыларды жолда қауіпсіздік сақтау туралы ескертіп, ата-аналарға қауіпсіз “үй-мектеп” бағытын құруға көмектеседі. Жыл басынан облыстың оқу орындарында полицейлер 623 кездесу өткізіп, жадынамаларды таратты. Жазғы демалыс қарсаңында “Назар аударыңыз, балалар!” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі. Балаларға негізгі ұсыныстар: жолды бағдаршамның рұқсат етілген белгісіне тек белгіленген жерден кесіп өту, жолдың қасында және ауланың көлік жүретін бөлігінде ойнамау қажет.

Полицейлер жасөспірімдерді көшені кесіп өткен кезде тыңдауышты пайдаланбау қажеттігі туралы ескертеді. Жүргізушілерге жаяу жүргіншілер жолағына, қиылысқа немесе жол бұрылысына жақындағанда, жылдамдықты төмендету қажеттігін еске салады. Барша жол қозғалысы қатысушыларына сақ болу және асықпау керек.

Жолдағы апатты жағдай бірнеше секунд ішінде орын алуы мүмкін, осы кезде өзгерген жағдайға шұғыл ден қою қажет. Айдын Байматовтың айтуынша, жолдағы қауіпсіздік әрбір адамның жеке жүріс-тұрысына байланысты екенін түсіну аса маңызды. Балалар ересектерге қарап бой түзейді.

Бірнеше минут үнемдеймін деп, жолды белгіленбеген жерден кесіп өтетін әрбір жаяу жүргінші түптеп келгенде, оқыс оқиғаға душар болуы мүмкін. Балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алу бойынша жұмыс облыстық полиция басшылығының бақылауында және түрлі іс-шаралар кешенімен шешіледі.

polisia.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.