Жастарды қолдаудың кешенді шаралары – «Nur Otan»-ның назарында
«Nur Otan» ел болашағы әрі партияның сенімді қолдаушылары ретінде жастарға үлкен сенім артады. Сәйкесінше жастар да «Nur Otan» партиясының бастамасымен қолға алынған партиялық жобаларға бір кісідей атсалысып келеді. Әсіресе пандемия кезінде партия жанындағы «Jas Otan» Жастар Қанатында еріктілік қызметке тартылу жастар үшін үлкен тәжірибе мектебіне айналды.
Соңғы 2 жылда өңірде жасотандықтардың ұйытқы болуымен 500 ден аса іс-шаралар өткізілген. Бұл шараларға 52 258 жамбылдық жас қатысқан. Әуелі жастар, кейіннен Волонтер жылының жариялануы жастарға тың мүмкіндіктер берді.
Бұл жайында Жамбыл облыстық филиалының ХХVІІІ есеп беру-сайлау конференциясында жасаған баяндамасында «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов осы мәселелерге айрықша тоқталды.
–Соңғы 2 жылда жастар жұмыссыздығын алдын-алуға бағытталған «Сәтті қадам» және «Жастар кадрлық резерві» жобалары іске асырылды.
«Nurintech» жобасымен 5 жас ғалымға қолдау көрсетіліп, «English for Jastar» жобасы бойынша 500-ге жуық ауыл оқушыларына ағылшын тілі тегін оқытылды.
«Жас Отан» Жастар қанатының V съезінде тұңғыш рет елеп-екшелген 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасы қабылданды.
Бағдарламаны жүзеге асыру бойынша 12 жол карталары бекітілді.
Жол картасы аясында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 5 жылда 2065 жас маман ауылдық жерлерге жұмысқа орналасатын болады.
Жаңа бизнес идеяларды дамыту бойынша жастарға бөлінетін грант санын 5 жыл ішінде 6500-ге жеткізу көзделген. Жастар жұмыссыздығы 3,8-ден 3,4-ке, NEET жастар үлесі 7,6- дан 6,8-ге төмендетілетін болады.
Сонымен қатар, өңірдегі жатақхана тапшылығын жою мақсатында 1700 орындық 5 жатақхана салу көзделіп отыр, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.
Күн тәртібіне «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Бақылау-тексеру комиссиясының 2019-2020 жылдары атқарылған жұмыстарының есебі, «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының Саяси кеңесін сайлау, Бақылау-тексеру комиссиясын сайлау туралы мәселелер қойылған конференция жұмысын партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та «Jas Otan» Жастар Қанатының жұмысына ерекше тоқталып, оның «Жас Ұлан», «Жас Қыран» сынды ұйымдармен байланысын нығайту мәселелеріне де назар аударуға шақырды.