«Бәрін шатастырдыңыз» — Мәжіліс спикері Цойдан нақты жауап беруін сұрады
Мәжіліс отырысында палата спикері Нұрлан Нығматулин Алексей Цойдан тұрғындар мен журналистердің вакцинация туралы сұрақтарына нақты жауап беруін сұрады.
«Журналистермен кездескенде халыққа нақты сандарды айтыңыз. Әйтпесе бұл эквилибристика бәрін шатастырды. Сіз қазір 21 күн дедіңіз. Орынбасарларыңыздың бірі 90 күн дейді. Қазір 45 күнге дейін деп отырсыз. Бәрін шатастырдыңыз! Біз халықаралық стандарт аясында жылжып келеміз. Сіздердің дипломдарыңызға қараса, барлығы денсаулық сақтау саласында ұйымдастырушы, тағы бір нәрсе. Ендеше вакцинацияны ұйымдастырыңыздар! Бір ақпарат шығады, содан кейін сіздің басқа қызметкеріңіз басқасын айтады. (…) Жұрттың басын ауыртпайық. Екі вакцинация болса, екеуінен өту керек. 15 күннен кейін антиденелер деген — ақталу, Алексей Владимирович. (…) Екі вакцинадан кейін (вакцинаның екі компонентін салдыру. — автор.) вакциналанған болып саналады. Осы жерден есеп жүргізіңіздер», — деді Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин.
Бұған дейін министр Қазақстанға 2,3 миллион доза вакцина жеткізілгенін, 1,4 миллион адамға бірінші компонент егілгенін хабарлаған болатын.
«Сіз вакцинация бізде ерікті екенін білесіз. Біз вакцинаға барынша қолжетімділікті қамтамасыз еттік. Барлық аймақта вакцина бар. 1400-ге жуық вакцинация пункті ұйымдастырылды. Сауда және ойын-сауық орталықтарында ұжымдарға шығатын 300-ге жуық көшпелі бригада бар. Вакцинация жеткілікті қарқынмен жүріп жатыр.
Екінші компонент 21 және ең көбі 45 күннен кейін онсыз да салынады. Бірінші компонентті салдырғаннан кейін де 15-іші күні антиденелер пайда болатынын түсіну керек. Жеткізудің нақты кестелері бар. Біз өңірлермен жұмыс істейміз. Кеше 117 мың адам вакцина алды, қарқыны артып келеді. Тұрғындар түсінді, бастапқыда вакцинацияға сақтық танытып баратын. Қазір олар көптеген танысы вакцина салдырып жатқанын көрді. Асқынулар жоқ екенін көрді. Азаматтардың белсенділігі артып келе жатқанын байқап отырмыз», — деді министр.
Бүгінде вакциналардың екінші компонентін 347 мың адам салдырды.