Бірнеше тұрғыннан алаяқтық жолмен екі миллион теңгеден астам ақша алған Отырарлық әйел ұсталды

0 611

Түркістан облысының полицейлері бірнеше тұрғыннан алаяқтық жолмен екі миллион теңгеден астам ақша алған күдікті әйелді ұстады. Отырар АПБ-не жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғандығы туралы арыз түсірген.

Жәбірленуші әйелдің айтуынша, сырттай танысы банктердің бірінен ірі көлемде несие шығарып беремін деп сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен 720 мың теңгеден астам ақшасын заңсыз иемденіп кеткенін көрсеткен.

Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіреді. Хабар алысымен орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында Отырар АПБ-ның тергеу бөлімшесінің қызметкерлері қажетті іс-шараларды жүргізді.

Тексеру жұмыстары нәтижесінде, полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктіні анықтап, оны тұрғылықты мекен-жайынан ұстады. Қазіргі таңда күдікті жас әйел қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Сонымен қатар күдіктінің тағы да бестен астам осындай жайтқа қатыстылығы анықталды. Тәртіп сақшылары күдікті азаматшаның жәбірленушілердің әрқайсысынан 225 мың теңге мен 720 мың теңге аралығында алаяқтық жолмен ақша алып жүргенін ашты.

Оларға келтірілген жалпы шығын көлемі екі миллион теңгеден асты. Қазіргі таңда күдікті азаматшаның бұдан басқа да жайттарға қатыстылығы анықталуда. Түркістан облысының полицейлері облыс тұрғындарына кез келген жанға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді.

Азаматтарға әр түрлі алаяқтардың айла-амалдарына түспеу үшін қырағы болуды ұсынады. Таныс емес адамдарға мүліктеріңізді, жеке мәліметтеріңізді, банк шоттарының кодтарын және ақшаларыңызды, басқа да ақпаратты бермеңіз.

Сақ болыңыз және күмәнді қызметтерді ұсынатын адамдардан оңай пайда табуға үміттенбеңіз. Егер, сіз, алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға 102 телефоны арқылы хабарласыңыз.

polisia.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.