Миллиардтаған теңге жұмсалған мега жобаның болашағы бар ма?

0 401

Осыған байланысты Тұңғыш Президентіміз 2012 жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту — Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында: «Үкіметке Жамбыл облысында құны шамамен 2 миллиард доллар тұратын кешенді минералды тыңайтқыштар өндірісін құру жөніндегі жобаны жалғастыруды тапсырамын. Бұл тыңайтқыштар ауыл шаруашылығы үшін қажет. Жоба Жамбыл облысының және бүтіндей оңтүстіктің экономикасын көтеруге мүмкіндік береді», – деп атап көрсеткен болатын.

Елбасының дәл осы тапсырмасына орай қолға алынған «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында бастапқы кезде бұрын-соңды елімізде мүлде өндірілмеген немесе аз көлемде ғана өндірілген әрі шетелдік және отандық инновация мен ғылыми-техникалық ізденістердің нәтижесінде өмірге келген экономикалық тиімділігі аса жоғары, экологиялық таза өнім түрлері шығары-латыны айтылды. Олардың қатарында бұған дейін Қазақстан мен ТМД елдерінде аз көлемде шығарылып келген және соның салдарынан қажетті сұраныс көбінесе импорттау арқылы қамтамасыз етілетін каустикалық сода мен хлор, үштекті фосфор өндірілетіндігі де айтылған. Бұл өнімдердің алғашқысы химия, мұнай химиясы, целлюлоза-қағаз, медицина және тамақ өнеркәсібінде, түсті металлургияда, тоқыма кәсіпорын-дарында және халық шаруашылығының басқа да салаларында кең қолданысқа ие екені белгілі. Ал егіншілікке жарамды жерлерді арамшөптен арылтудағы тиімділігі мен экологиялық залалсыздығына байланысты Америка мен Еуразия құрлығындағы ірі агроқұрылымдардың тарапынан үлкен қолдауға ие болған глифосат өнімі «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының» басты өнімдерінің бірі болады деп күтілді. Рас, кейінгі екі жылда экономикалық аймақтағы «ХИМ-плюс» ЖШС өз өнімдерінің таныстырылымын өткізіп, гербицид пен глифосатты нарыққа шығарды. Арамшөптерді жоюға арналған «Фараон голд» гербицидін сұйық түрінде, ал «Фухуа Глифосат 757» гербицидін түйіршік түрінде шығара бастады. Түйіршік түріндегі дайын өнім әсіресе Қытай елінде үлкен сұранысқа ие. 2019 жылы серіктестік 509100 литр «Фараон голд» өнімін Қостанай, Петропавл және Ақмола облысының шаруаларына өткізіпті.

Алайда әлемдік нарықтағы глифосат негізінен Қытайдан шығатын болғандықтан, серіктестік мамандары да шикізатты сол елден әкелетін көрінеді. Сонымен бірге дәл осындай өнім еліміздегі Павлодар облысы мен Степногорск қаласында да шығарылатынын айта кету керек. Міне, бүгінгі таңда экономикалық аймақта жұмыс істеп тұрған бірден-бір өндіріс ошағы – «ХИМ-плюс» ЖШС ғана. Он жылға жуық уақыттың ішінде инфрақұрылымдық жұмыстарға қыруар қаржы бөлінгенімен, бүгінде тым саябырсып, құрылыс қарқыны бәсеңдеп қалған. Мұны облыс әкімі де Шу ауданына іссапары барысында бірнеше мәрте сын тезіне алған болатын. Мәселен, жуырда ғана Шу ауданына келген кезекті жұмыс сапары кезінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен өңір басшысы Бердібек Сапарбаев экономикалық аймақтың бүгінгі жай-күйі жақсы емес екенін тілге тиек еткен еді. Облыс әкімі мегажобаның межелі уақытта аяқталмай, мұндағы басқарушы компанияның өздеріне тиесілі жұмысты созбалаңға салып отырғанын айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң қадағалау керектігін ескертті. «Соңғы жылдары іс жүзінде ешқандай өзгеріс жоқ. Өткен жылы қант зауытының құрылысы басталуы керек еді, әлі күнге сол қалпында тұр. Миллиардтаған бюджет қаржысы жұмсалғанымен, нәтижесі жоқ деуге болады. Сонымен қатар мұндағы жұмысшылар ең кемі 300 мың теңгенің көлемінде айлық алады. Жылына шамамен жарты миллиардқа жуық қаржы жалақыға жұмсалады. Егер олар жоспарлы жұмыстарды дер кезінде жүзеге асырмаса не үшін ақша алып отыр? Бүгінгі күнге дейін 12 инвестициялық жоба жүзеге асуы керек болған. Өкінішке қарай, қазіргі таңда тыңайтқыш шығаруға арналған бір ғана кәсіпорын іске қосылды. Оның өзі тиісті деңгейде жұмыс істемей тұр. Бір айта кететін жайт, экономикалық аймақтағы басқарушы компания жеті жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанымен, мұндағы жұмыстарды өз деңгейінде үйлестіре алмай отыр», – деді Б.Машбекұлы.

Иә, өңір басшысының сыны өте орынды. Өйткені осыдан екі жыл бұрын «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағындағы басқарушы компанияның өкілдері мұнда бірнеше ірі жобаның жуық арада жүзеге асатындығын айтып, жұмыстардың рет-ретімен жүріп жатқанына сендірген еді. Дәлірек айтсақ, «Central Asia Chemical» ЖШС-ның табиғи газды кешенді түрде өңдеуге арналған кәсіпорны мен «KAZ Chemical» ЖШС-ның қант зауыты өткен жылы бой көтеруі керек еді. «Qadam industries» ЖШС да бірнеше жобаны жүзеге асырады деп жоспарланса, «Өндірістік компания «НИКА» серіктестігі перекись суын өндірмек болған. Одан бөлек, «Record Company» ЖШС-ның автобустар мен жүк көліктеріне арналған дөңгелек шығару кәсіпорны, «Future Nano Technology» ЖШС-ның бояу мен лак шығаратын өндіріс ошағы, «Prosulfite» ЖШС-ның натрий метабисульфит өндіретін зауыты, «Farm Frites Kazakhstan» ЖШС-ның экспортқа бағытталған фри картоп шығаратын зауыты, «Asian Conveyer Belt» ЖШС-ның конвейер ленталарын шығаратын зауыты бой көтереді деп күтілген. «Бақсақ бақа екен» дегендей, арада бірнеше жыл өтсе де экономикалық аймақтағы тіршілік әлі күнге тып-типыл. Айта кететін тағы бір жайт, аталған серіктестіктердің қатарында бір жоба 2015 жылы, 3 жоба 2019 жылы, ал қалған 4 жоба бойынша өткен жылы жұмысты жүзеге асыру туралы екіжақты келісімге қол қойылып қойған. Неге екені белгісіз, бүгінде экономикалық аймақтағы мердігерлердің де, басқарушы компанияның да жұмысы тым сылбыр. Шу ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Болатжан Төлендиевтің сөзінше, көбіне-көп инфрақұрылым мәселесі бірқатар инвесторлардың жұмысына қолбайлау болып отырған көрінеді. «Қазіргі кезде инфрақұрылым жұмыстарының толыққанды аяқталмауы салдарынан жүзеге асуы тиіс екі бірдей жоба кейінге шегеріліп отыр. Атап айтқанда, қант зауытын салуға ниетті «Qazsugar Co» ЖШС мен «Farm Frites Kazakhstan» ЖШС-ның экспортқа бағытталған фри картоп шығаратын зауытының құрылыс жұмыстары кешеуілдеп жатыр. Бүгінде арнайы экономикалық аймақта өндіріс ошақтарын ашуға дайын тұрған әлеуетті инвесторлар аз емес. Десе де, экономикалық аймақтың бағыты мен инфрақұрылым жұмыстары кейбір инвесторлардың бастамасына қолбайлау болып келді. Енді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауға алатындығын жеткізді. Осыған орай, алдағы уақытта экономикалық аймақтағы құрылыс жұмыстары ширай түседі деген сенімдемін», – дейді Болатжан Төлендиев.

505 гектар аумақты алып жатқан экономикалық аймақтағы инфрақұрылым жұмыстары басталған сәтте мұнда 16 кәсіпорын бой көтереді деп жоспарланған болатын. Уақыт өте келе олардың саны едәуір қысқарып, нақты жұмыс істейтін бір ғана өндіріс іске қосылды. Жасыратыны жоқ, алғашында тек химия бағытындағы зауыттар ғана салынады деген талап болғандықтан, дәл осы бағыттағы инвесторлармен жұмыс жүргізілді. Бұл жұмыстар нәтижесіз болса керек, кейіннен Асқар Мырзахметов облыс әкімі болып тұрғанда экономикалық аймаққа химия саласынан бөлек, өзге бағыттағы кәсіпорындарды да орналастыру жөніндегі ұсынысын білдірді. Міне, одан бері де арада үш жылға жуық уақыт өтті. Мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысқан ондаған инвесторлар экономикалық аймақтың орналасқан жері мен инфрақұрылымына қызығып, ресми тіркеліп те қойған. Тіпті кәсіпорын ашуға ниет білдірген инвесторлардың алды 2015 жылдан бастап тіркелген. Олар қазір де жүзеге асырылатын жобалардың тізімінде тұрғанымен әзірге тіршілік нышаны мүлде байқалмайды.

Жоғарыда атап өткеніміздей, «Тараз химиялық паркінің» инфрақұрылымы көптеген әлеуетті инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр. Неге десеңіз, экономикалық аймақтың дәл Шу өңірінде орналасуының өзі алдын ала ойластырылып, жан-жақты зерттелген. Экономикалық аймақ «Тараз-Шу» бағытындағы темір жол мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізіне шығатын «Меркі-Бурылбайтал» автодаңғылынан 5,8 шақырым ғана жерде орналасқан. Бұл өз кезегінде өндірілген дайын өнімді өзге өңірлерге жөнелтуге, экспортқа шығаруға таптырмайтын жер екені сөзсіз. «ТаразХимПарк» АҚ басқарушы компаниясының басқарма төрағасы Серік Нұрғожаевтың айтуынша, инфрақұрылым жұмыстарының басым бөлігі аяқталған.

– Жобалық құны 37,2 миллиард теңгені құрайтын мегажобаға қазірдің өзінде аз қаржы жұмсалған жоқ. Алайда өндіріс ошақтарының саны аз болуына және экономикалық аймақтың толыққанды жұмыс істемеуіне байланысты жұмысшылар санын 147-ден 75-ке дейін қысқарттық. Сондай-ақ өткен жылдың қыркүйек айынан бүгінгі күнге дейін 28 инфрақұрылым нысандарының 16-сы пайдалануға беріліп, барлығын қабылдап алдық. Олардың қатарында, әкімшілік-тұрмыстық кешен, кәріз желілері, бақылау пункті, магистральдық газ құбыры, сыртқы электр жарығы, байланыс желілері, сыртқы газ құбыры, темір жол, бейнебақылау жүйесі, өрт сөндіру бекеті, бақылау және жүкті рәсімдеу пункті бар. Қалған 12 нысанды қабылдау үшін барлық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кейбір мердігерлермен арадағы қарама-қайшылықтар сот арқылы шешімін табуда, – дейді Серік Аманбайұлы.

Жуырда ғана Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен облыс әкімдігі бірлесіп, «Тараз химиялық паркінің» болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылдайтыны туралы айтылды. Қалай болғанда да, миллиардтаған қаржы жұмсалған мегажобаның меңіреу мекемеге айналмауы үшін мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылуы тиіс. Экономикалық аймақта тіркелген кәсіпорындар өз жұмысын бастап кететін болса, мыңдаған адамға тұрақты жұмыс орны ашылатыны белгілі. Оған қоса, мұнда өндірілген өнімдердің негізінде өңіріміздегі көптеген шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының жұмысы жаңаша қарқын алатыны да сөзсіз. Сондай-ақ экономикалық аймақ толық қуатында жұмыс істесе, жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін, инфрақұрылымын, халықтың әл-ауқат деңгейін біршама өзгертіп, айтарлықтай оң өзгерістердің орын алуына әсер етеді. Сондықтан жауаптылар бұл бағыттағы жұмыстарды уақыт оздырмай қолға алады деген сенімдеміз.

Ерғалы Қартайған

Шу ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.