Ақын Нұржан Қадірәлі азаматтық таңдауын жасады

0 21
Жалпы саны жағынан Тараз қаласы халқының он пайызына жуығы тұрып жатқан облыс орталығындағы ең үлкен ықшам аудан «Ұлы Даладағы» №520-шы сайлау учаскесіндегі қарбалас таң қызармай қыза түсті. Ала таңнан аталған сайлау учаскесіне асыққан дауыс берушілердің белсенділігін айрықша атап өтуге болады. Көпшілік арасында 18 жастағы алғашқы дауыс берушілер де, мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. Сайлау учаскесінде ұлттық спорт түрлерінен жарыс пен концерттік бағдарлама, сондай-ақ жәрмеңке ұйымдастырылды. Аталған шаралардың басы-қасынан табылған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұржан Қадірәлі де осы сайлау учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

– Кез келген нәтиже әрбір адамның, азаматтың өз таңдауының нәтижесі. «Бір жол бар жақын, жақын да болса алыс, бір жол бар алыс, алыс та болса жақын» деп дана халқымыз айтқандай, әр перзент өз мамандығын, ортасын, өмір салтын, құндылықтарын,  айналысар ісін, өз болашағын, өз жолын, өз мұратын өзі саралап,  саналы түрде өзі таңдайды. Ал бұл — кешегі Қазақ Хандығын құрып, өз алдына ел болған, ертеңін ойлаған бабалар кезінен дамыған билер институтының тарихи жалғасы іспетті елдік мүдде жолындағы ұлы таңдау. Бірнеше партияның ортақ әрі жалғыз Отанымыздың болашағын жарқын етуі үшін додаласуы, бәсекелесуі де көңіл қуантады. Бабалар жолымен жүрген халқымыз қазіргі көз ілеспес жылдамдықпен дамылсыз дамыған заманда да өркениетке өз ізін, өр ізін  салуы керек. Сондықтан қоғамның сан-саласына қозғау салатын бастамалар мен қолдаулар дәл қазір ауадай қажет-ақ. Ел болашағын ерте кезден дөп басып тани білген әулие Мөңке би бабамыз: «Кер заманның кезінде ертеңіңе сенбейтін күнің болады» деген. Ал біз ертеңге, ел ертеңіне сенеміз, сол сенім ақталады деген үміттеміз және оған тек қана үміт артып қарап отыра бермей, өз үлесімізді қосуға мүдделіміз. Ол болашақ алдындағы әрбірімізге азаматтық парыз екені сөзсіз, — деді ақын Нұржан Қадірәлі.

Бас-аяғы 1 800-жуық сайлаушы тіркелген учаскіде әрбір дауыс берушіге еліміздің сайлау туралы заңының талаптарына сай еркін таңдау жасауға барлық жағдай жасалған. Аталған учаскіде дауыс беру әлі де белсенді жалғасуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.