Бүгін – Дүниежүзілік жалқаулар күні
сурет: istockphoto.com
20 тамызда әлемнің бірқатар елінде Дүниежүзілік жалқаулар күні аталып өтеді. Оның негізгі идеясы – қарбалас тірліктен аз уақытқа болса да үзіліс жасап, демалыс пен бос уақыттың маңызын еске салу, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мереке Колумбияның Итагуи қаласында басталған жергілікті мәдени іс-шараға байланысты 1980-жылдардың ортасында тойлана бастаған. Идея авторы – жергілікті мәдениет қайраткері Карлос Марио Монтойя. Ол серіктестерімен бірге өндіріс пен саудасы дамыған қала тұрғындарына жұмыс пен күнделікті міндеттерден бөлек, тынығуға және шығармашылықпен айналысуға да уақыт қажет екенін көрсеткісі келген. Итагуи фабрикалары мен кәсіпорындары көп, еңбек қарқыны жоғары өндірістік қала болатын. Сондықтан дәл осы жерде жалқаулықты дәріптейтін мерекенің пайда болуы әзіл мен әлеуметтік ойды қатар қамтыды. Кейін бұл шара қаланың Өнеркәсіп, сауда және мәдениет мерекесінің қорытынды бөлігіне айналды. Оның әзілге құрылған ұраны да бар: «Жалқаулық үшін бәріміз жұмыс істейік».
Мерекенің мақсаты күні бойы ештеңе істемей жату емес. Ұйымдастырушылар «жалқаулық» сөзін еңбекке қарсы ұғым ретінде емес, адамның демалуға, бос уақытын өз қалауынша өткізуге және шығармашылықпен айналысуға құқығы ретінде түсіндіреді. Карлос Марио Монтойяның айтуынша, бұл бастама қоғамдағы бос уақыт пен тынығудың маңызына назар аудару үшін қолға алынған. Уақыт өте келе мереке Итагуи тұрғындарының басын қосатын үлкен мәдени шараға айналды.
Демалу құқығы халықаралық құжаттарда да бекітілген. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 24-бабында әр адамның тынығуға, бос уақытқа, жұмыс уақытын ақылға қонымды деңгейде шектеуге және мерзімді ақылы демалысқа құқығы бар екені жазылған.
Бұл күн Итагуиде ерекше форматта өтеді. Қала тұрғындары көшелерге төсек, матрас, жастық, көрпе және гамак алып шығып, қоғамдық орындарда демалады. Мерекеде пижамалар шеруі, безендірілген жатын орын байқауы, көше ойындары, концерттер мен театр қойылымдары ұйымдастырылады. Жатын орын тек ұйықтайтын жер емес, түрлі тақырыпта безендірілген шағын сахна немесе жылжымалы көркем туындыға айналады.
Итагуи әкімдігінің түсіндіруінше, шара тұрғындарды көшелер мен саябақтарды өнер, ойын және мәдени демалыс алаңы ретінде пайдалануға шақырады. Мереке қала тұрғындарының кездесіп, бірге уақыт өткізуіне де мүмкіндік береді.
Қазіргі еңбек мәдениетінде үнемі жұмыспен айналысу мен бос жүрмеу жетістік белгісі ретінде қабылданады. Бірақ ұзақ уақыт демалыссыз жұмыс істеу адамның физикалық және психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Халықаралық еңбек ұйымының мәліметінше, аптасына кемінде 55 сағат жұмыс істеу қалыпты 35-40 сағат жұмыс аптасымен салыстырғанда инсульт қаупін 35 пайызға, ал жүрек ауруынан қайтыс болу қаупін 17 пайызға арттырады екен.
Әрине, бір күн демалу ұзақ уақыт жиналған шаршауды толық баса алмайды. Дегенмен Жалқаулық күні жұмыстан уақытша үзіліс жасау, жеткілікті ұйықтау, жақындармен бірге болу және ешқайда асықпай демалу да қалыпты өмірдің бір бөлігі екенін еске салады.
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/287082-bugin-duniezuzilik-zalqaular-kuni