САЙЛАУ ЖӘНЕ АҚПАРАТТЫҚ КЕҢІСТІК: АЗАМАТТАР ҮШІН АҚПАРАТТЫҢ РӨЛІ
Қазіргі таңда сайлау процесін ақпараттық кеңістіктен бөлек қарастыру мүмкін емес. Саяси партиялар мен кандидаттардың бағдарламалары, ұстанымдары мен сайлауалды бастамалары азаматтарға дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы да кеңінен ұсынылуда.
Ақпараттың қолжетімді болуы азаматтардың саяси процестерге қатысты әртүрлі пікірлермен танысып, өз ұстанымын қалыптастыруына мүмкіндік береді. Алайда ақпарат көлемінің артуы оның сапасына, нақтылығына және дереккөзінің сенімділігіне мән беруді де талап етеді.
Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы қарсаңында партиялардың бағдарламалары мен қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстары ақпараттық кеңістікте кеңінен талқылануда. Бұл азаматтарға партиялардың негізгі басымдықтарымен танысып, олардың ұстанымдарын салыстыруға мүмкіндік береді.
Меніңше, қазіргі сайлау науқанында ақпараттың көп болуы ғана емес, оның азаматқа түсінікті әрі нақты жеткізілуі маңызды. Себебі сайлаушы үшін кез келген бағдарламаның мәні – онда көрсетілген ұсыныстардың қоғам өміріне қаншалықты әсер ететінімен өлшенеді.
Сондықтан азаматтар ақпаратты бір ғана дереккөзден қабылдамай, бірнеше ақпарат көзін салыстырып, нақты ұсыныстар мен фактілерге назар аударғаны жөн. Әртүрлі көзқарасты тыңдау және салыстыру – саналы таңдау жасауға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Ақпараттық ашықтық – сайлау процесінің ажырамас бөлігі. Партиялар өз бағдарламаларын ашық ұсынып, сайлаушыларға негізгі бағыттарын түсіндіреді. Ал азаматтар өз кезегінде ұсынылған ақпаратты саралап, өзіне маңызды мәселелер бойынша ұстанымын қалыптастырады.
Бүгінде әлеуметтік желілердің қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлі де артып келеді. Бұл саяси коммуникацияның жаңа формаларын қалыптастырып қана қоймай, азаматтардың қоғамдық мәселелерді талқылауға белсенді араласуына жол ашуда.
Осы тұрғыдан алғанда, ақпараттық сауаттылық пен сыни ойлау қабілеті қазіргі сайлау мәдениетінің маңызды элементіне айналып отыр. Ақпаратты дұрыс қабылдау, деректі тексеру және түрлі пікірді салыстыра білу – әр азаматтың саналы таңдау жасауына ықпал етеді.
Сайлау – тек дауыс беру күнімен шектелмейтін қоғамдық процесс. Оның маңызды бөлігі – азаматтардың ақпарат алып, пікір қалыптастырып, ел болашағына қатысты жауапты шешім қабылдауы.
Шынаркүл Жұмабекова,
Талас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры