Гүлдана Санақбайдың өлі денесі Шу өзенінің бойынан табылды
11 ақпан күні Жамбыл облысы Шу ауданында жоғалып кеткен 23 жастағы Гүлдана Санақбайдың денесі табылды. Сондай-ақ бұл қылмысқа қатысы бар деген күдікті де қолға түсіп отыр.
«2021 жылдың 14 ақпанында Шу аудандық полиция бөліміне Төле би ауылының тұрғыны хабарласып, 23 жастағы қызының жоғалып кеткені туралы арызданған.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері шұғыл түрде жедел-іздестіру шараларын бастады.
Қақтығыс неден басталды? Кім кінәлі?
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабымен (Адам өлтіру) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді. Тергеп-тексеру барысында 29 сәуірде Шу өзенінен жоғалып кеткен азаматшаның күш қолдану белгілері бар мәйіті табылды.Табылған мәйітті жәбірленушінің туыстары таныды.
Қазіргі уақытта күдіктіні полиция қызметкерлері анықтап, ұстады, сондай-ақ тергеу изоляторына қамаққа алды.
Алдын ала тергеу барысында күдіктінің жәбірленушіге пышақ сұққаны, содан кейін қылмысты жасыру мақсатында денені Шу өзеніне тастағаны анықталды.
Қылмыстық іс бойынша сот сараптамалары тағайындалып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты іске қатысты басқа мәліметтер жария етілмейді», – дейді Жамбыл облыстық Полиция департаменті ресми хабарламасында.
Жалпы Гүлдана Санақбайдың өлі денесі табылғаны туралы ақпар кешеден бері тарай бастаған болатын. Алайда құзырлы органдар ресми мәлімдемені бүгін жасады.
Сенімді дереккөзге сүйенсек, Гүлдана Санақбайдың өлі денесі Шу өзенінің бойындағы қамыстардың арасынан табылған. Ал күдікті ретінде бұған дейін де айтылған оның күйеуі ұсталған көрінеді.
Гүлдана Санақбайды іздеуге шығып, Тасөткел су қоймасында жоғалып кеткен Жұмағали Әбдірахмановқа қатысты еш хабар жоқ. Оның денесі әлі күнге табылмады.