«Жомарт түлек» жобасы аясында 67 жоба жүзеге аспақ

0 285

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында «Жомарт Түлек» әлеуметтік жобасының алғашқы нәтижелері қаралды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған жоба ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап белсенді жүзеге асуда. Ол екі мақсатқа негізделген. Біріншіден, жас ұрпақ арасында облыстың табысты түлектерінің өмір жолын үлгі етіп ұсыну және насихаттау десек, екіншіден, жергілікті мектеп, колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектерін өздері туған өңірдің өміріне белсенді қатыстыра отырып, әлеуметтік және басқа да мәселелерді шешуге жұмылдыру болып табылады.

Бердібек Сапарбаев облыстың әр түкпіріндегі білім беру нысандарын жұмыс сапарымен аралауы барысында мектептердің өз түлектерімен қаншалықты тиімді байланыс орнатып отырғанын, олардың қаншасы Tulek.kz сайтына тіркелгеніне аса назар аударады. Өңір басшысы түлектердің үлкен күшімен кез келген елді мекенде оң өзгерістер жасауға болатынын алға тартып келеді. Отансүйгіштік пен туған жерге деген махаббат тек сөзбен ғана емес, нақты істермен де көрініс табуы керек. Өйткені, әрбір адамның жетістіктерінде оның туған жерінен бойына сіңірген тәлім-тәрбиесі мен білімінің үлесі өлшеусіз.

Білім басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергенованың айтуынша, бүгінге дейін Tulek.kz сайтында 106,1 мың түлек тіркеліп, 289 мотивациялық кездесу өткізілген. Олардың тарапынан 75,9 млн.теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетілген. Тараз қаласындағы №51 мектеп базасында шаһар түлектерінің орталығы құрылған. Жобаның аясындағы тиісті форумнан кейін түлектердің белсенділігі тіпті арта түсіпті. Мәселен, Тараз қаласында демеушілік қаражат есебінен Оқушылар сарайы, Өнер үйі, «Анаға тазым» орталығы және басқа да нысандар бой көтеруде.

Гүлнәр Ходжабергенова түлектер форумы барысында айтылған ұсыныстар бойынша жасалған арнайы талдауға тоқталды. Қазіргі таңда Қорғаныс министрлігімен бірлесіп әскери бағыттағы мектеп-интернат құру мәселесі пысықталуда десек, ал, қосымша музыкалық колледж ашу экономикалық тұрғыдан тиімді емес болып отыр. Өйткені нарықта осы саладағы мамандарға сұраныс төмендеуде. Талас ауданы Үшарал ауылындағы Ә.Сағынтаев атындағы мектеп базасында мәдениет және спорт бағытындағы оқу орнының филиалын ашу жоспарлануда. Сол секілді Шу ауданының Белбасар ауылында спорт мектебін салу үшін жер бөлініп үлгерді. Облыстық түлектер қауымдастығын тіркеу үшін құжаттары әзірленуде.

Білім басқармасы жобаның жүзеге асу барысын бақылауына алған. Аудандардан келіп түскен ақпаратқа сәйкес, биыл түлектердің қолдауымен 73 елді мекенде жалпы құны 2,8 миллиард теңгені құрайтын 67 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтілуде.

– Tulek.kz сайтында барлық түлектерді тіркеуді тездетіңіздер. Мектеп түлектерінің материалдық көмегінен бұрын, жобаның жастар мен оқушылар үшін тәрбиелік маңызы алдынғы шепте тұруы тиіс. Олардың табысты өмір жолы балаларға үлгі ретінде ұсынылып, егер талаптанса, кез-келген арман-мақсатқа қол жеткізуге болатынын түсіндіру керекпіз. Сабақты жақсы оқып, ынталы және тәртіпті болуға, жаман әдеттерден бойды аулақ салуға шақыру қажет. Ал, түлектердің туған ауылының, мектебінің өміріне атсалысуы, оны көркейтуге үлес қосуы олардың патриоттығы мен жоғары азаматтық ұстанымын көрсетеді.

Барлық аудандарда түлектер орталықтарын құру қажет. Олардың жеке веб-сайттары болуы маңызды және жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталуы керек. «Жомарт түлек» жобасын іске асыруға тек орта білім беру мекемелері ғана емес, колледждер мен университеттер де белсенді қатысқаны абзал, – деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.