Руслан Нұрсипатов төрағалық қызметіне кірісті

0 290

Жақында ғана Меркі ауданы әкімінің қызметіне кіріскен Руслан Нұрсипатов енді «Nur Otan» партиясының Меркі аудандық филиал төрағасы қызметін қоса атқаратын болады.
Меркідегі мәдениет үйінде өткен партия аудандық филиалының XXIX есеп беру-сайлау конференциясында жаңа төрағаның кандидатурасын жиын қатысушыларына партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов ұсынды. Өз кезегінде конференция делегаттары төрағаның кандидатурасын бір ауыздан қолдады.
Мұнан соң партияның аудандық филиалының 2 жылдық жұмысы бойынша есеп берілді. Ол бойынша партия аудандық филиалының су жаға төрағасы, аудан әкімі Руслан Нұрсипатов баяндама жасап, саяси құрылымның пандемия кезіндегі жұмысын тілге тиек етті.
–«Nur Otan» партиясы қоғамдық-саяси ұйымдардың ішінен алғашқылардың бірі болып пандемияның әлеуметтік-экономикалық салдарына қарсы тұрды. Партияның қолдауын меркіліктер де айқын сезінді. Елбасы, партия Төрағасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы 1651 меркілік 50 мың теңгеден жалпы соммасы 82 миллион 550 мың теңге болатын қаржылай көмекке ие болды. Әлеуметтік осал топқа жататын 2 мың отбасыға медициналық бетперде тегін таратылды. Сондай-ақ ауданның 1 484 тұрғыны партия ықпалымен бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз етілді. Осылайша төтенше жағдай режимі кезінде «Nur Otan» партиясы жергілікті жерде нақты істердің партиясы екенін көрсетті.
Бұл орайда аудандағы партияның 4236 мүшесі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып әрекет етіп келеді. Партияның аудандық филиалы жанындағы Саяси кеңесі мен Бюро отырыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп, онда өзекті мәселелер күнтәртібіне қойылып келеді. Сонымен қатар есепті мерзімде партияның аудандық филиалының кезектен тыс 4 конференциясы, 2 Саяси кеңесінің отырысы, 14 Саяси кеңес бюросының отырысы өткізілді.
Партия кадрларын және бастауыш партия ұйымдарының төрағаларының біліктілігін арттыру мақсатында екі жылда әр түрлі облыстық, аудандық семинар-тренингтер ұйымдастырылып тұрады, – деді Руслан Маратұлы.
Конференция күнтәртіне «Nur Otan» партиясы Меркі аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамын бекіту, партияны облыстық филиалының ХXVIII есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайлау мәселелері де қойылып, нақты шешімдер шығарылды.
Жиынды партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов қорытындылап, филиал басшылығының назарын жергілікті жердегі саяси құрылымның жұмысын ұйымдастырудағы өзекті мәселелерге аударды.
Айта керек бүгін «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық және аудандық филиалдары есеп беру-сайлау конференциялары басталды. Партияның соңғы 2 жылда атқарған жұмысының қорытындысы шығарылып, алда тұрған межелі міндеттер сөз болатын жиында Меркі ауданымен бірген Жуалы ауданында да партияның жаңа төрағасы сайланды.

shanyraq.info

Leave A Reply

Your email address will not be published.