Даму динамикасы: жетістіктер сараланып, міндеттер айқындалды
Жамбыл облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларындағы Талас ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады.
Аудан басшысы өңірдің негізгі салаларындағы атқарылған жұмыстар мен қол жеткен нәтижелерге тоқталды. Нұрбол Әбдімәжитұлы сондай-ақ, есепті кезеңде аудан экономикасының негізгі көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасып, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс және әлеуметтік салада бірқатар жұмыстар жүзеге асырылғандығын жеткізді.
— Өнеркәсіп өнімдері 11998,8 млн. теңгеге өндіріліп, нақты көлем индексі 96,6%-ға орындалды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2532,7 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 21,2%-ға орындалды.
Аудандағы әлеуметтік мәселелердің бірі, ол тұрғындарды тұрғын үймен қамту болып табылады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 7182 шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,9%-ға артығымен орындалды. Жалпы алғанда, құрылыс жұмыстарының көлемі 5347,9 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 197,4%-ға орындалды.
Ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемі артып, бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. Есепті мерзімде, ауыл шаруашылығы өнімі 4757,9 млн. теңгеге өндіріліп, нақты көлем индексі 102,4%-ға орындалды. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар аясында шаруаларға қолдау көрсету шаралары жалғасуда.
Инвестициялық жобалар бойынша ауданда 2026-2029 жылдарға 315,65 млрд. тенгенің 12 ірі жобасы жоспарланған. Аталмыш жобалар толығымен іске асқан күнде 1320 адам жұмыспен қамтылатын болады. 2026 жылға жоспарланған инвестициялық жобаларды атар болсам, олар:
1) «Talas Investment Company» ЖШС-не индустриялық аймақтан 6 гектар жер берілді. Жобаның мақсаты – натрий цианидін өнімінің өндіріс көлемін жылына 15 мың тоннадан 30 мың тоннаға дейін ұлғайту. Жобаның жалпы инвестициялық құны 25 838 млн. теңге.
Аталмыш жоба индустриялық аймақта жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдау шеңберінде кәсіпорынға қажетті инфрақұрылымдар – газ, электр энергиясы, ауыз және техникалық су желілері тартылған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Зауыт іске қосылғаннан кейін 300 жаңа жұмыс орны ашылып, ауданның өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді. Кәсіпорынды пайдалануға беру ағымдағы жылдың шілде айына жоспарланған.
2) «KARATAU LIME» (Жамбыл недр) ЖШС-і қуаттылығы жылына 75 мың тоннадан 150 мың тоннаға дейін 1 және 2 сортты әктас өндіретін зауыттың құрылысы. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 2 млрд. теңге. Бүгінгі таңда 1,7 млрд. теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынып, оларды орнату жұмыстары толықтай жүргізілді. Жоба толық іске қосылғанда 60-90 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Мемлекет тарапынан инфрақұрылым толықтай жүргізілген.
3) «Құлтай Ата» ШҚ-ның жоба қуаттылығы жылына 120-360 тонна «ARTAZA» брендімен сублимацияланған сүт өнімдерін өндіру. Жоба құны 850,0 млн. теңгені құрайды. 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Инфрақұрылыммен қамтылған (электр энергиясы 28,3 млн. тенгеге толықтай жүргізілді). Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. СПК әлеуметтік әріптестік корпорациясынан 1 траншы 31,456 млн. теңгеге қаржыландырылды. 2 транш 420,0 млн. теңге. Жалпы 4 құрал жабдық алынады.
4) «Зерхат» ЖШС-нің жоба қуаттылығы жылына 1000 тонна көкөніс сақтау қоймасы. Жоба құны 336,1 млн теңге. 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Инфрақұрылым бойынша электр энергиясы 49,4 млн. теңгеге мемлекет тарапынан толықтай жүргізілген.
2027 жылға жоспарланған жобалар:
1) «Gazag ENERGY» (Казак ЭНЕРДЖИ) ЖШС-нің жоба құны 87 млрд. теңге. Шығаратын өнімнің қуаттылығы сары фосфор 30 мың тонна, глифосат 20 мың тонна, гексафторфосфат 10 мың тонна. 200 адамды жұмыспен қамтиды. Іске асыру мерзімі 2027-2029 жылдар.
2) «ЭТНО АУЫЛ» туризм саласы бойынша жоба. Жоба қуаттылығы 12 мың адамға дейін қамтиды. Жоба құны 100 млн. теңгені құрайды. Жер көлемі 20 га, -деген аудан басшысы сонымен қатар, Үшарал ауылы маңында су үнемдеу технологияларын енгізіп, тамшылатып суарумен айналысатын швейцариялық «Harvest Group SA» холдингіне кіретін «Харвест Агро Холдинг» ірі агроөнеркәсіп нысаны салынатындығын атап өтті.
Жиын барысында аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков ауданда кәсіпкерлікті дамыту бағытында жаңа бизнес жобалар іске асырылып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны ұлғайғандығын, нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, халықты жұмыспен қамту көрсеткіштері жақсарғандығын айтты.
— Кәсіпкерлерді қолдау мен ынталандыру және олардың ақпараттық қамтылуына ықпал ету мақсатында, қалада және 13 ауылдық округте мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды насихаттау, бағдарламалардың тетіктерін, шарттарын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл аманаты» жобасының 5 бағыты бойынша «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына 84 млн. теңгеге 12 жобаға өтініш қабылданып, бүгінгі күнге 35,5 млн. теңгеге 5 жоба қолдау тапты. Ауылшаруашылығы кооперативтерін қаржыландыру бойынша 876 млн. теңгеге 8 кооператив ұсынылды. Бүгінгі күнге Көктал ауылында «АRTAZA» АШК 31,5 млн. теңгеге (сублимацияланған сүт өнімдерін өндіру), Бостандық ауылында «Агрохолдинг Талас» АШК 31,45 млн. теңгеге (ауылшаруашылығы техникаларын сатып алу) қаржыландырылды, -деген аудан басшысы өңірде су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстары қарқынды екендігін атап өтті. Аудан әкімі өз сөзінде аймақты таза ауыз сумен қамту мәселесіне тоқталып, жуық арада аудан тұрғындарының 100 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылатынын мәлімдеді. Инфрақұрылымды дамыту мен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды тілге тиек етіп, бұл мақсаттағы жобалардың тиісті деңгейде жүзеге асырылып жатқанындығын айтты.
Нұрбол Әбдімәжитұлы сонымен қатар, әлеуметтік салада білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалар іске асырылып жатқандығын жеткізді. Үшарал ауылындағы мәдениет үйінің ғимараты қайта жаңғыртылатынын ресми түрде мәлімдеді. Аудан басшысы өз сөзінде аталған мәдениет ошағын реконструкциялау жұмыстары жергілікті тұрғындардың рухани-мәдени қажеттіліктерін өтеуге және ауыл инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, инфрақұрылымды дамыту мақсатында өңірде жол жөндеу, ауыз су және газдандыру бағытындағы жұмыстар жалғасын тауып жатқандығына тоқталды.
Брифинг соңында аудан әкімі алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер мен басым бағыттарға тоқталып, өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
ТАЛАС АУДАНЫ