«Үшаралдан шыққан Анискин»

0 31
Маханұлы Тасын 1926 жылы қазіргі Талас ауданы Үшарал жерінде дүниеге келді. Ол кезде халықтың әлеуметтік жағдайы өте нашар болғаны белгілі. Несіпбайдан тарқаған Жүсіпбай мен Маханның отбасылары да осы жағдайды бастан өткізді. 1941 жылы басталған Ұлы отан соғысы елдің нашарлаған ахуалына жығылғанға жұдырықтай болып тиді.
Әкем Маханов Тасын Маханұлы 1944 жылы 18 жасында Қызыл Армия қатарына өзіміздің Семей қаласында құрылған 209 Батыс атқыштар полкіне шақырылды. 1944 -1945 жылдары Венгрия еліндегі Папа қаласындағы 132 гвар­диялық атқыш­тар полкінде және атал­ған елдің Шупром қала­сындағы жеке Қызыл тулы Дунай бригадасының атқышы болып Ұлы отан соғысына (ҰОС) қатысты. Соғыстан кейін Кеңес одағының маршалы Семен Буденныйдың атты армиясында төрт жыл әскери қызметте болды.
«Бірінші дәрежедегі Отан соғысы» және «Қызыл жұлдыз» ордендері мен «Әскери еңбегі үшін» (үш мәрте), «Сталинградты қорғау үшін», «1941-1945 жылдары ҰОС кезінде Германияны жеңгені үшін», «Будапештті алғаны үшін» медальдарімен марапатталды. 1948 жылы туған ауылына аман есен оралды.
1948 жылы ҰСО ардагері Маханов Тасын Қазақ КСР ІІМ қабылданды. Жеті кластық білімін әрі қарай Ішкі істер органдарында сырттай оқып толықтырды. Маханов Тасынға бірінші офицерлік милиция лейтенанты шені 1957 жылы берілсе, милиция аға лейтенанты 1959 жылы берілді. Осылай 1984 жылға дейін сержант шенінен капитан шеніне дейін қызмет атқарды. Аталған жылы зейнетке шықты. Қызметінің соңғы 10 жылынан аса уақыт Талас ауданының Үшарал, Кеңес (қазіргі Бөлтірік шешен ауылы), Ойық және Шапырашты ауылдарында жалғыз өзі учаскелік инспектор лауазымын атқарды. Яғни, төрт ауылдың қоғамдық тәртібіне бір уақытта жалғыз өзі жауапты болды. Жәкемнің (әкемді «жәке» — деп атадым) осы ауылдарға жиі іс сапарға барып тұратыны әлі есімде. Әр айдың бір-екі аптасында Үшаралда болып, қалған апталарын кезекпен іс сапармен барып, аталған ауылдарда лауазымдық міндетін атқаратын.
Ішкі істер органдарының ардагері милиция капитаны Маханов Тасын 36 жыл ҚазКСР ІІМ органдарында қызмет атқарып, ерен еңбегі үшін КСРО ІІМ, ҚазКСР ІІМ мен ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы мақтау қағаздарымен марапатталды, ҚазКСР ІІМ үздігі және он бес медальдың иегері. Сонымен қатар сол кездегі КСРО-ның ең жоғарғы, беделді газеті «ПРАВДА» — ға әкем туралы «Анискин из Ушарала» деген мақала шыққан.
Әкем өмірінің жартысынан көбін Ішкі істер органдарына қызметке бергені мен үшін үлкен мақтаныш. Екі метрге жуық ұзын бойы мен ірі денесі, сұсты сипаты сол кездегі милиция қызметкеріне сай еді. «Тасын келе жатыр» — десе көшедегі ішіп алған адамдар тез айығып көзіне түспей тығылатын. Сол уақыттың жас балалары Тасын есімін адамның аты емес «милиция» — деп түсінетін. Сол балалардан «үлкен болғанда кім боласың» — деп сұраса, «үлкейгенде Тасын боламын» — деп жауап беретін. Сонымен қатар жоғарыда аталған ауылдарға барғанда, «Тасын келе жатыр» — деп ауылдың әртүрлі транспортты жүргізетін тұрғындары көлік жүргізу және өздеріне тиісті көліктерінің құжаттарын дұрыстап, өздерімен алып жүретін. Қоғамдық тәртіпке қайшы келетін әр түрлі іс әрекетер тез арада тыйылатын. Көзі көргендер бүгінгі күнге дейін Маханұлы Тасынды принципті, қызметіне адал, еліне сыйлы тұлға ретінде еске алып жүр.
ҚР Ішкі істер органдарының ардагері, отставкадағы милиция полковнигі Кұлекеев Болат Әбдірәсілұлы Маханов Тасын туралы былай еске алды: «…Ішкі істер органдарында 35 жыл қызмет атқарғанымда, көптеген ішкі істер органдарында тәжірибесі мол үлкен тұлғалармен бірге, олардың ақыл кеңестеріне арқа сүйеніп қызмет атқарып, әріптес болдық. Солардың ішінде менің өмірімде аса бір маңызды із қалдырған кісі жайлы ерекше айтқым келіп отыр. ол кісі Маханов Тасын деген жәкеміз. Жәкеміз ҰОС қатысқан, еңбек Ері, бар саналы өмірін ішкі істер саласына арнаған ұлағатты тұлға еді. Бала кезімізде Маханов Тасын туралы көп естідік, «осындай кісі бар екен» — деп. Баламыз, ол кісіге қызығатынбыз, «осындай кісілердей болсақ» — деп. Қызыққанның арқасы болар, есейгенде ішкі істер органдарына қызметке қабылданғанымыз.
Осы Маханов Тасын жәкеммен төрт жылдай бір бөлімде қызмет атқару бақыты маған бұйырды. 1980 жылдың басында Талас ауданы ішкі істер бөліміне тергеуші болып орналасып, қызметті бастадым. Ол кезде жаспыз, көргенімізден көрмегеніміз көп, білгенімізден білмегеніміз көп уақытта осындай тәжірибесі мол тұлғалардың қамқорлығында болдық. Осындай тұлғалардың бірегейі Тасын жәкеміз еді. Бұл кісі бұрыннан біздің әке-шешемізді, ата — әжемізді жақсы білетін еді. Бірінші күннен бастап, әр кез ақыл кеңесін айтып, қамқорлығын көрсетіп, бағыт-бағдарын беріп отыратын. Біз аудан орталығында ол кісі ауылда тұратын еді. Ауданда апта сайын өтетін аппараттық кеңеске келгенінде, менің отыратын қызмет бөлмеме келіп жағдайымды сұрап, ақыл — кеңесін беріп, дұрыс тұрып, дұрыс жүрумді ұқыптап кететін еді. Ол кісіге осы күнге дейін ризамын, әруағына басымды иемін.
Тасын жәкеміз Талас ауданының барлық ауылдарында учаскелік инспектор қызметін атқарды. Барған жерінде өте абыроймен жұмыс істеген, сол ауылдың қоғамдық тәртібін сақтауға, мемлекеттің, жекенің мүлкін қорғауда аса бір көңіл бөліп қажырлы еңбек атқарушы еді. «Күн, түн» — деген ол кісіде болмайтын. Қай уақытта болса да, түннің ортасында көшеде, қоғамдық орындардың маңында сол кісінің силуэтін көріп қалатынбыз. Өзі ұзын бойлы, кең жауырынды, екі иғына екі кісі мінгендей, тік жүретін, тік мінезді тұлға еді. Үстіне киген формасы өзіне құйып қойғандай жарасып тұратын, қызығатынбыз. Ол қашанда елдің жағдайын, қоғамның жағдайын ойлап отыратын қызметкер болатын. Тергеуші болып жүргенімде, осы кісі қарайтын учсакіге барғанымда таң қалатынмын, мен барып тергеуді бастайын деп жатқанда, жауап алу протоколын қанттай қылып толтырып қоятын. Әрбір кішкентай деректерге мән беретін, біреуін қалдырмай, бұның бәрі ертең керек болады деп протоколға кіргізіп, жауабын жазып қоятын. Сонда мен «…жәке мынаның бәрі дайын ғой, маған істейтін жұмыс қалмады ғой» — десем, «…ей, әлі үлгересің тергеп, мен енді қарап отырмай жасай берейін дегенім ғой» — деп отыратын. Осындай кісі еді, көп ақыл айтатын. Әсіресе маған бір бүйірін бұрып тұратын, бір жерде қылтыңбай, сылтыңбай жасасаң қатаң ескертіп, саған олай жүруге болмайды, дұрыс тұрып, дұрыс жүр, сенің болашағың алда. «…Біз кезінде соғыстың салдары бар, басқа бар оқи алмадық, сендер оқыңдар, өсіңдер, өніңдер, әрбір ісіңе мән бер» — деуші еді. Сондай бір керемет жан болатын.
Сол уақытта аудандық, облыстық, республикалық газеттерде мынау біздің милиция туралы көп жаза бермейтін. Ал енді сол Тасын жәкеміз туралы, Мәскеуге қарайтын уақытымыз ғой, Совет Одағы Коммунистік Партияның ең басты органы «Правда» газетінде «Анискин из Ушарала» деген атпен мақала шыққанда таң қалдық. Сол кезде кішкентай Талас ауданының, кішкентай ауылымыздың учаскелік инспекторы туралы мақала шыққанына мәртебеміз көтеріліп, мақтанғанбыз. Ол кезде он бес Одақтас республикалар болатын. Сол елдерден Талас ауданына құттықтау хаттар, әр түрлі оңтайлы, жағымды пікірлер келетін еді. «Бұл кім, қандай адам?» — деп таң қалып жататын еді. Сондай кісі еді, ол кісі. Соған риза болатынбыз.
Партияның заманы. Сол кездегі партия бастауыш ұйымының жиналысы өте қатаң өтетін еді. Сол жиналыста ауылдық учаскенің инспекторы Тасын жәкеміз шығып сөйлеп, бөлім басшысынан бастап түгел сын айтатын. Таң қалатынбыз, «учаскелік инспектор бөлім басшысына сын айтады» — деп. Сол кездегі бөлім басшысы подполковник Өмірбаев қарапайым кісі еді, «…мына Маханов жолдас дұрыс айтады, бұдан қортынды шығаруымыз керек» — деп қолдап отыратын еді. Сондай кісіден үлгі алдық қой.
Менің 35 жыл қызметті ойдағыдай атқарғаным, осындай тұлғалардың берген ақыл — кеңестері деп білемін. Маханов Тасын жәкеммен бір бөлімде қызмет атқарғанымды құрмет санаймын. Иманы саламат, жаны жәннатта болсын. Ұрпағымен мың жасасын».
Жәкем зейнетке алып Кеңес Одағының құлдырауы басталардың алдында шықты. Құлдырау кезеңінде мемлекеттік мекемелерде кадр мәселесінің жағдайы нашарлады. Басқа ұлт өкілдерінің мамандары осы жағдайға байланысты өз Отандарына қайтты. Сонымен қатар елдің әлуметтік жағдайы нашарлай бастады. Жұмыс орыны жоқ, үлкен кәсіп орындар мен заводтар жабылды. Бұл мәселе Ішкі істер органдарына да кері әсерін тигізді. Жемқорлыққа жол беріле бастады. Бұрынғыдай төрт ауылға бір учаскелік инспектор емес, әр ауылға бір-бір инспектор тағайындалды. Кейбір үлкен ауылдарда екі инспектордан болды ғой деймін. Сол уақытта жәкем өзінің әріптестерінің қоғамдық тәртіпке немқұрайлы қарағанына көңілі толмай «…қайран «қызыл погонның» қор болғаны – ай» — деп, өкінішпен айтқанын өз құлағыммен естіп едім. «Көш жүре түзеледі» — дегендей, ІІМ жүйесінде жасалған қажетті реформалардың әсерінен және өздерінің ісіне жауапкершілікпен қарайтын қызметкерлердің арқасында, халықпен учаскелік инспектор арасындағы іскерлік қатынас біраз жоғарғы деңгейге жетті. Өкініштісі, бұл жағымды реформаларды жәкемнің көрмей кеткені.
Тасын жәкем зейнетке шықса да беріге дейін Талас ауданының Ішкі істері бөлімінің күнделікті іс шараларына назар аударып жүрді. Осындай сәттің бірін 1980 жылдардың аяқ жағында аталған бөлімнің басшысы болған, қазіргі уақытта ҚР ІІМ ардагері отставкадағы милиция полковнигі Тойшыбеков Айтбай Төлебекұлы, жәкем туралы былай еске алады: «…сонау 1980 жылдардың аяқ жағында Талас ауданы Ішкі істер бөліміне басшы болып тағайын­далғаннан кейін, осы Маханов Тасын ағама бір – екі рет арнайы сәлемдесуге бардым. Өкініштісі ағам екеуінде де үйінде болмады. Кейіннен өзі келіп, сәлемдесіп батасын беріп кетті.
Ол былай болды. Бірде қызметте отырсам, Тасын ағам бөлімнің кезекші бөлімшесіне келгенін айтып, «Ленин бөлмесін» кіріп кетіпті. Мен кезекшіден ағамның келгенін ести сала екінші қабаттан жүгіре төмен түстім. Түсіп келе жатсам Тасын жәкем алдымнан шығып «…е, бастық деген кабинетінде отырмай ма, жүр кабинетіңе барайық» — деді. Ол уақытта әкімшілік ғимараттарды жөндеу жұмысына қаржы бөлінбейтін, қиын кез болатын. Дей тұра сол кездегі кәсіпкерлермен ортақ тіл табысып, бөлімнің материалдық жағдайын жақсартуды қолға алдық. Көптен бері жөндеу жұмысын көрмеген бөлімнің кезекші бөлімшесінің, сондай — ақ тағы да басқа бөлмелерге жасалған жөндеу жұмыстарын көріп, ағам маған риза болды, құшағына алып бауырына қысты. Біз жас кезімізде елдің Тасын ағам жайлы «…ол кісі өте қатал болған. Ол кісі келе жатқанда, жылаған бала жылауын тоқтататын» — деген сөздерді көп еститін едік. Ағам құшағына алғанда, түрі қатал болғанымен жүрегі жұмсақ екеніне сол кезде көзім жетті.
Ия, Маханов Тасын ағам шынында да 7 кластық білімі болса да, өзінің кәсіби маман, өте сауатты екенін көрсете білді. Ағамды еске алып жатырмыз, иманы саламат, жаны жәннатта болсын. Осындай бәйтерегі бар әулеті аман болсын».
Негізі әкем үлкен жанұядан шыққан тұлға. Ұлы жүз – Ошақты – Атшабар -Тасжүректен шыққан Несіпбай атасынан Жүсіпбай мен Махан тарайды. Әкесі Маханнан он үш бала, жәкем сол 13 баланың екіншісі. Үйдің тұңғышы, ағасы Карсенбай 1942 жылы 18 жасында ҰОС кетіп, оралмайды. Екі інісі жас кезінде қайтыс болады. Қалғандары Аллаға шүкір өсіп — өнді. Жүсіпбайдан алты бала тарқайды. Соғыстан кейінгі қиын жылдары осы Жүсіпбай мен Маханның және Несіпбайдың інісі Ұзақбайдың балалары Көкжалбек пен Сыздықтың ұл-қыздарының өсіп — өнуіне Тасын жәкемнің тікелей ықпалы тиді, өз ретінде ақылшысы, жөн сілтеушісі болды.
Аталған ұл-қыздар да жәкемді жерге қаратпады. Туған інісі Махан баласы Кеңесбек, әулетте бірінші болып сонау 1950 жылдары, сол уақыттарда әркім оқи бермейтін Алматы қаласында жоғарғы оқу орнында білім алса, оның жұбайы Оразбекқызы Бекзада кезінде Жамбыл облысы Талас ауданы атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Інісі Махан баласы Қасым Мәскеу қаласындағы Николай Бауман атындағы Жоғарғы техникалық училищесіне әскер қатарында Отан алдындағы борышын аяқтағаннан кейін білім алса, жиен қарындасы Жүсіпбайқызы Түрбикенің бала­сы Ахметов Әбутәліп Ібіжанұлы Мәскеу қаласындағы Халықаралық қатынастар инсти­туының түлегі болды (ағылшын, түрік тілдерінің маманы), ал қарындасы Маханқызы Шәкіштің баласы Әбдешов Хамит Үрістенұлы Мәскеу қаласындағы Михайл Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік университетінде тәлім алды.
Інісі Қасым Мәскеу қаласы мен облысында 20 жылдан астам әртүрлі ғылыми зерттеу инсти­туттарында еңбек жасады. Әбутәліп Ібіжанұлы Сыртқы істер минстрлігінде қызмет­те болды. Түркия елінде Қазақстан Елінің Анкара қаласында Бас консул лауазымын атқар­ды. Соңғы лауазымы Қазақстанның Тәжік мемле­ке­тіндегі Елшісі. Ал, Хамит Үрістенұлы Мәскеу қаласындағы ЖОО бітірігеннен кейін Еліміздің ЖОО студенттерге тәлім беріп, ғылы­ми қызметпен айналысты. 1992 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты атағын қорғады.
Тасын жәкемнің жолын қуған өзінен кейінгі қарындасы Әйнектің баласы Жаппаров Сейітбек Саттарұлы Жамбыл облысы Сарысу ауданының ІІБ және Жамбыл қаласының ауданынның ІІБ басшысы болып қызмет атқарса, қарындасы Шәкіштің баласы Әбдешов Қасен Үрістенұлы Талас ауданының ІІБ әр түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. Бұл да жиендердің нағашыларына деген құрметі емес пе.
Әкем1952 жылы Ұлы жүз – Дулат — Жаныстан шыққан Шал баласы Кенжебек — Қуатбек қызы Уайдамен отау құрады. Анамыз жеті баланы дүниеге әкелді. Бауырларым да Аллаға шүкір өсіп-өнді. Алланың қалауымен немерелерден шөберелер жалғасын табуда.
Інім Сәкен екеуміз әкеміздің ізін қуып, Ішкі істер органдарында қызмет атқармасақ та, әскери жолды таңдадық. Мен ҚР ҰҚК 26 жыл қызмет атқарып зейнетке шықтым. Інім Сәкен ҚР ҰҚК Шекара Қызметінің зейнеткері. Немересі Дарын Сәкенұлы қазіргі таңда ҚР Арнайы Қызметінің офицері, немересі Ербұлан Ернұрұлы Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы арнайы әскери мектебінде курсант.
Немерелері Гүлниса Дулатқызы Англия, Кавентр қаласы, Уорвик Университетінде 2009-2010 жылдары, Лестер қаласындағы Де Монтфорт Университетінде 2016 жылы тәлім алса, Дана Дулатқызы Германия, Берлин қаласындағы Техникалық университетте 2010-2012 жылдары, 6 ай Германия парламенті – бундестагта практикада тәлім алды. Сонымен қатар Дана Дулатқызы «Мерседес бенс» заводында, «Германия Даму банкінде» бір жыл стажировкада болды.
Келіні Динара Елеусізқызы 1999 жылы физика-математика ғылымдарының канди­даты атағын қорғады. Ал, филология ғылымда­рының кандидаты (ағылшын тілі) атағын Гүлниса Дулатқызы 2007 жылы қорғап шықты. Қазіргі таңда доцент Динара Елеусізқызы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі болса, Гүлниса Дулатқызы КИМЭП университетінде кафедра меңгерушісі, ал Дана Дулатқызы Астана қаласы, Назарбаев Университеті, Жасанды Интеллект ғылыми институның кадрлар бөлімінің басшысы. Динара, Гүлниса және Дана да аталарының көзін көріп, батасын алған.
Алланың қалауымен осылай Несіпбай әулетінің бәйтерегі болған Маханұлы Тасынның ұрпағы жалғасын табуда.
Маханұлы Тасын 1997 жылы 5 қыркүйекте 71 жасында бұл дүниеден озды. Байзақ ауданы Құмжота ауылының зиратына жамбасы тиді. Қайтыс болардың алдында басына койылатын «көк тасқа» не жазуды және жанына бір орын қалдыруды тапсырды. Араға 19 жыл салып 83 жасында анамыз Кенжебек Қуатбекқызы Уайда бұл дүниеден қайтып, 2016 жылы қасына жерленді.
Ия, ата – анамыз жанымызда жүре бер­се екен дейміз. Дей тұра, Аллаға шүкір, Маханұлы Тасын еліне адал, халқына сыйлы, әулетіне алып бәйтерек болып өмір сүрді. Кенжебек Қуатбекқызы Уайдада Несіпбай әулеті, Жүсіпбай мен Маханның тұңғыш келіні ретін­де, әулетіне сыйлы, адал қызмет атқарған тұлға.
Мақтанышпен айтатын әулеті тұрғанда, артында іздеуі бар ұрпағы барда әкем мен анам есімізде мәңгі қалатынына сенімдіміз.
Осындай үлкен әулетіміз аман болсын, Әруақтарымыз демеп, қорғап жүрсін, бастысы Алла тіл-көзден сақтасын.
Т.Тасынов,
ҚР ҰҚК ардагері, отставкадағы полковник.
Leave A Reply

Your email address will not be published.