Биыл жемқорлық ең көп анықталған органдар қандай?
«2021 жылдың бірінші тоқсанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 452 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеген. Оның 76 пайызы жемқорлыққа қатысты.
Қазіргі уақытта, аса ауыр қылмыстар саны артқаны байқалады. Бір жарым есе өскен. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің көп деңгейлі заңдастырылған сыбайлас жемқорлық схемаларын анықтауға, ашуға бағытталғанын көрсетеді», — деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов брифингте.
Оның айтуынша, қылмыстың басым бөлігі парақорлық пен ұрлық дерегі бойынша тіркелген.«Сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша күдікке ілінген 412 адам, оның ішінде 42 адам, 10 пайызы республикалық және облыстық деңгейдегі басшылар.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстары әкімдік, полиция және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері арасында жиі кездеседі. Мұның себебі мемлекеттік қызметкерлердің басым бөлігі әкімдіктер мен ішкі істер органдарында екенінде.
Сыбайлас жемқорлық дерегі көп тіргелген мемлекеттік органдар ішінде: кедендік бақылау органдарында 85 адам, білім беру саласында 32 адам, денсаулық сақтау және құрылыс саласында 27 адам қылмыстық жауапқа тартылған», — деді Жақсымбетов.