БІЗ БІЛМЕЙТІН БІР БЕЙНЕ
(екі жыл бұрынғы жазба)
Әйтекенің сүйегін зерттеп, оның антропологиялық кескін-келбетін қайта жасап шыққан академик Оразақ Смағұловтың ғылыми тұжырымдары мен бидің кескін-келбетіне қатысты нақты ұсыныстары қашан ескеріледі? Әлде біздің маңдайымызға тек бірыңғай той тойлау мен бет сипап жүре беру жазылған ба? Тым тереңдеп әріге бармай-ақ қоялық, қараңызшы, мына екі портрет, екі түрлі образ — екеуі мүлдем екі типтегі, екі мінездегі адам.

Бірі — саясат үшін салынған, жас мөлшері мен жүзі сақалмен өлшенген образ. Екіншісі — білікті антрополог ғалым бидің бас сүйегін зерттеу барысында остеологиялық негізде қайта қалпына келтіріп шыққан, Алшынның ағакесінің шындыққа бір табан жақын бейнесі. Бұл жайында, яғни бидің мына образы жайында «…оңтүстіктегі Кіші жүз аймағында тұрып жатқан қазақтардың толық антропологиялық деректерін сақтап қалған» дейді О. Смағұловтың өзі. Шынымды айтсам, маған да солай сияқты болып көрінеді де тұрады: жұрттың көзі әбден үйреніп кеткен, әдемі шапанға малынып, құндыз бөрікке көміліп отырған дөңгелек жүзді, тәжік типті, етжеңді біреуден гөрі, бас сүйектің негізінде жасалған мына қатпа қара шалдың түрі жүрекке біртүрлі, жылылық ұялата береді. Расында да, баяғы біз көрген, жүзі желге тотығып, күнқақты болған кемеңгер шалдардың типтік бейнесі — осы! Олай болса, неге бидің осы ғылыми негізделген образын қайта тірілтіп, мына мүсінге әр беріп, жанды суретке айналдырып, қайта салып шықпасқа? Жалпы, бұл саясатпен айналысатын құзырлы мекемелер бар ма? Қалай десек те, болашақ ұрпақтың ғылыми жұмыстың қорытындысын малданып, ақиқатпен беттескені, бидің үш ғасыр бойы белгісіз болып келген асыл бейнесімен қайта қауышқаны дұрыс қой…
Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы