ТАЛАСТА БАЛАЛАР КҮНІ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Дүниеде баладан асыл, сәбидің күлкісінен қымбат қазына жоқ.
Бүгінгі таңда елімізде балалардың алаңсыз білім алуына, бақытты балалық кезеңдерін өткізуге барлық жағдай жасалып келеді.

Мемлекет басшысы-Қасым Жомарт Тоқаев жас ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасаудың қажеттілігін айта келіп, «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі, олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі.

Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз — деп атап көрсеткен болатын.

Президент еліміздегі әр бала мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкендердің қолдауын сезінуі және ертеңгі күнге сеніммен қарауы тиіс екенін әрдайым айтып келеді.
Балалары тек мейрім көріп өскен елдің болашағы баянды болады! Ұл-қыздарымыз білімпаз, жасампаз, жауапты әрі жанашыр болса, ұлтымыздың ұпайы түгел тұрады.

Бүгін ауданда балалар мерекесіне ерекше назар аударылып, жаймашуақ жаздың алғашқы күнінде алуан түрлі іс-шаралар өткізілді.

Мерекелік шараға қатысқан аудан әкімі Жүнісбеков Нұрбол Әбдімажитұлы аудан жұртшылығын, балаларды мерекемен құттықтады. Ерекше қуаныш пен мейірімге толы бұл шуақты мейрамның маңыздылығына, балаларға деген қамқорлық тек мереке күні ғана емес, үнемі көрсетілуі керектігіне тоқталып, жас бүлдіршіндерге зор денсаулық, баянды болашақ тіледі.
Шара барысында балаларға концерттік бағдарламалар, қойылымдар көрсетіліп, түрлі байқаулар, мальбертке сурет салу, асфальтқа сурет салу байқауы, спорттық ойындар (гір тасын көтеру, асық ату, ләңгі тебу, эстафеталық ойындар) ұйымдастырылды. Спорттық ойындарға және сурет салу байқауына белсене қатысқан балаларға мақтау қағаздары мен сыйлықтар берілді.
Саябақтағы қызықты репертуарлар, персонаждар, көріністер, әртүрлі аспаптарда музыкалық композициялар балаларға қуаныш сыйлады.
Бұл қызықты да думанды шаралар балалар мен жас бүлдіршіндер үшін есте қаларлық және ұмтылмас сәттердің біріне айналары сөзсіз.
Мейрім мерекесі құтты болсын! Барша балақайларға бақыт пен береке тілейміз!
Мақсат Арапұлы Қазанғапов , Талас аудандық білім бөлімінің басшысы