МОЙЫНҚҰМДА АУЫЛЫМ
Жамбыл облысында Мойынқұм ауданының 60 жылдығы мен қазақтың даңқты шопаны, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылды.

Айтулы мерекеге облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.
Алғашқы күні «Мойынқұм ауданының даму жолы және Жазылбек Қуанышбаев мұрасы» атты тарихи-танымдық конференция өтті.
Конференция барысында ауданның қалыптасу кезеңдері, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму тарихы және еңбек адамдарының ел өркендеуіне қосқан үлесі жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ баяндамаларда Жазылбек Қуанышбаевтың мал шаруашылығы саласындағы озық тәжірибесі мен өнегелі еңбек жолының бүгінгі қоғам үшін маңыздылығы кеңінен сөз болды.

Мерекелік бағдарламаның екінші күні Мойынқұмның даңқты перзенттері мен еңбек ерлерінің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Жиналған қауым ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен азаматтарды құрметпен еске алып, олардың рухына тағзым етті.
Салтанатты жиында Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев сөз сөйлеп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауы мен ыстық ықыласын жеткізді.

– Кей өңірлер тарихымен қадірлі, кей өңірлер табиғатымен көрікті. Ал Мойынқұм – ең алдымен еңбегімен ардақты мекен. Бұл даланың әр төбесінде маңдай тердің табы, әр қырқасында елге деген адалдықтың ізі жатыр. Шөлейтті өңірге тіршілік нәрін дарытып, табиғаттың қаталдығына мойымай, төрт түлікті ырысына айналдырған елдің өмір жолы – табандылық пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісі.

Алпыс жыл ішінде Мойынқұм талай белесті бағындырып, сындарлы кезеңдерден сүрінбей өтті. Қай уақытта да тұрғындардың ынтымағы мен еңбекке деген құрметі өңірдің дамуына негіз болды.
Бүгінде аудан экономикасы қарқынды дамып, ауыл шаруашылығы өркендеуде. Жаңа нысандар бой көтеріп, халықтың әл-ауқаты артып келеді. Мұның бәрі – бірнеше буынның адал еңбегінің жемісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамын құрметтейтін қоғам қалыптастырудың маңызын үнемі айтып келеді. Өйткені еңбек бағаланған жерде әділдік орнығады, еңбек қадірленген жерде елдің болашағы баянды болады. Жазылбек Қуанышбаевтың 130 жылдығын ел болып атап өтуіміз – осы құрмет пен тағзымның айқын көрінісі, – деді ол.
Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қос мерейтойдың барша жамбылдықтар үшін ортақ қуаныш екенін атап өтті.
– Мойынқұмның қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың қатарында Айтбай Назарбековтың орны ерекше. Ол ауданның іргесінің бекіп, елді мекендердің қанат жаюына зор еңбек сіңірген тұлға. Елдік мүддені бәрінен биік қойған мұндай азаматтардың есімі аудан тарихымен бірге жасай береді.
Ал Жаз ата – мал шаруашылығының майталманы ғана емес, қазақ еңбеккерінің қайсар рухын танытқан бірегей тұлға. Ол адал еңбектің адамды биікке жетелейтінін өз өмірімен дәлелдеп кетті. Шопан таяғын ғылым мен тәжірибенің темірқазығына айналдырған Жазылбек Қуанышбаевтың есімі халық жадында мәңгі сақталады.
Осындай тұлғаларды ұлықтау арқылы біз жас ұрпақтың бойына еңбекке құрмет, туған жерге сүйіспеншілік пен ұлттық рух құндылықтарын сіңіреміз.
Осы айтулы күні әр шаңыраққа амандық, бақ-береке тілеймін! Мойынқұмның мерейі үстем болып, ырысы арта берсін! Еліміздің бірлігі бекем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы ауданның рухани өмірінде айрықша орны бар «Мойынқұм таңы» газетінің де 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, басылымның алты онжылдық бойы өңір тынысын, еңбек адамдарының жетістіктерін елге насихаттап келе жатқанына назар аударды.
Мерекенің сәнін Мойынқұм ауылында ұйымдастырылған этноауыл келтірді. Ақ шаңқан киіз үйлерде ауданның өткені мен бүгінін танытатын тақырыптық көрмелер көпшілік назарына ұсынылды. Әсіресе цифрландыру және жасанды интеллект тақырыбы негізінде әзірленген Жазылбек Қуанышбаев пен Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арналған көрме жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудырды.
Сондай-ақ ауданның өндіріс орындары өз өнімдерін таныстырып, қолөнер шеберлері ұлттық нақыштағы ат әбзелдерін, зергерлік бұйымдарды және киізден жасалған түрлі туындыларын көпшілікке ұсынды.
Мерекелік бағдарлама аясында аудан ауылдарының жастары түйе палуан, қазақша күрес және қой көтеру секілді ұлттық спорт түрлерінен сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады.
Балаларға арналған қызықты ойын-сауық бағдарламалары да ұйымдастырылды. Биікте керілген арқан бойымен қалықтаған өнерпаздың шеберлігі көрермендерді тәнті етсе, Мойынқұмның самалымен көкке көтерілген әуе шары мерекенің көркін одан әрі арттыра түсті.
Шара эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.