Пара берген депутат айыппұлмен құтылды

0 49

Өскеменде тендер үшін құрылыс бөлімінің басшысына 5 млн теңге пара берген кәсіпкер әрі Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Дмитрий Сомов сот залынан босатылып, оған 98 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Биылғы ақпан айында ұсталған «Востоквзрывпром» серіктестігінің құрылтайшысы тергеумен келісімге келгендіктен, қылмыстық іс Өскеменнің ауданаралық сотында жеделдетілген тәртіппен қаралды.

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, депутат қаладағы қонақүйлердің бірінің жанында Өскемен құрылыс бөлімінің басшысы Нұржан Жапбаровқа ірі көлемде ақша табыстаған, ал шенеунік бұл жағдайдан кейін бірден Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағым түсірген. Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді.

«Бұл қаражатты шенеунік жұмысты орындауға «кедергі келтірмеуі» және тендер бойынша қаржыландыруды уақытылы қамтамасыз етуі үшін бердім», – деді Дмитрий Сомов.

Кінәсін мойындағанына қарамастан, сот айыпталушының қылмысын толық дәлелденген деп тауып, оған пара сомасынан 20 есе көп, яғни 98 млн теңгеден астам айыппұл төлеу жазасын тағайындады.

Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының соты осы депутаттың компаниясын өздері салған тасжолды толықтай қайта жөндеп шығуға міндеттеген болатын.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәслихат депутаттарын тендерлерге жолатпау керек деген бастама көтерген болатын.

Фото: instagram/Дмитрий Сомов

inbusiness.kz.

Leave A Reply

Your email address will not be published.